Жаңалықтар

Ақтөбе облысы эстафетаны қолдады

Челлендж

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі табиғи шыршалардан бас тарту жөнінде бастама көтеріп, «Эко-шырша» челленджін Елордадағы «ӨКМ Операторы» компаниясы бастаған болатын. Министрліктің экологиялық бастамасын қолдаған Ақтөбе облысындағы қалдық шығарумен айналысатын «Neo Plus» компаниясы қалалық Мәдениет үйі ғимараты алдына биіктігі үш метрдей болатын жасанды шырша орнатты. Жасанды шыршаны жасау кезінде компанияның қалдық сұрыптайтын кешеніндегі іріктелген 200-ден астам пластикалық ыдыс қолданылды.

— Мұндай экологиялық игі бастаманы еліміздің кәсіпорындары мен тұрғындары міндетті түрде қолдауы тиіс. Ыстық күнде ағаштардың көлеңкесін саялағанды, саябақтарда серуендегенді, тіпті таза ауа жұтқанды кім жек көреді дейсің?! Сондықтан да балаларымызға өсімдіктер әлеміне ерекше құрметпен қарауда өзіміз үлгі болуымыз керек. Үйімде де немерелеріміз үшін жасанды шырша құрып қойдық, — дейді «Neo Plus» ЖШС-ның директоры Владимир Проскурин.

Аталған челлендж дайындығына Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, экология департаменті, Ақтөбе қаласы әкімдігі, қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі белсенді атсалысты. «Эко-шырша» жаңажылдық челленджін ұйымдастырушылардың басты мақсаты — табиғи шыршаларды шабудан сақтау және тұрғындарды жасыл әлемді құрметтеуге шақыру.

Айтпақшы, жаңажылдық мерекеден кейін жасанды шыршалар шикізат ретінде қайта өңдеуге жіберіледі екен.

Елордадан бастау алған эстафета еліміздегі мамандандырылған кәсіпорындарға жолданатын болады. Ал ақтөбеліктер эстафетаны Қарағанды қаласындағы «ЭкоКомфорт» клининг компаниясына жолдады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button