Спорт

«Ақтөбе» футбол клубы неге мұндай жағдайға жетті?

«Ақтөбе» футбол командасының ардагерлері Самат Смақов жергілікті футболдың түбіне жетті деп есептейді.

Кеше «Ақтөбе» футбол клубы басқармасының төрағасы Артур Смағұлов, оның орынбасары және бас менеджері Горан Велькович, сондай-ақ спорт ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Владимир Кореньков спорт ақсақалдарымен кездесті.

Кездесуді аша отырып, Артур Смағұлов жергілікті футболдың деңгейін көтеру, оны дамыту аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесінсіз мүмкін еместігін айтты.

«Ақтөбе» футбол клубының ардагерлері Арынғазы Беркімбаев, Рахым Қарабалиев, Николай Иванов, Нұрлан Аяпберген, Равиль Рамазанов және басқалар футбол клубының басшылығына шақыртулары үшін алғыс сезімін білдірді. Өздерінің айтуынша, оларды Ақтөбе футболы мен клубтағы жағдай бұрыннан да мазалап жүр екен.

«Бүгін біз қордаланып қалған ойларымызды айтуға мүмкіндік алдық. Проблемалар, расында да, көп және бұл футболдың қам-қарекетін ұйымдастыру төменгі деңгейге түсіп кетуімен байланысты болып отыр. «Ақтөбе» футбол клубының қызметіне қатысты ескертпелер мен сауалдар жеткілікті. Кезінде мен Кеңес мүшелері ішінде Самат Смақовтың тағайындалуына қарсы шыққан бірден-бір адам болдым. Себебі оның әкімшілік-шаруашылық лауазымда бір күндік те тәжірибесі болған емес. Облыс клубының 74 пайызын жалақы құрап тұрды, сондықтан клубтың дамуға және жұмыс істеуге мүмкіндігі болған жоқ. Мен көптеген мәселелер бойынша Смақовпен келісе алмадым. Менеджмент деңгейін мен қанағаттанарлықсыз деп есептеймін. Тіпті клубта менеджмент болған да жоқ. Смақов бұған дайын да емес еді. Ал қазір клубтың мойнына тағы да қарыз міне бастағаны, балалар жаттықтырушылары жалақы алмайтындығы, басқа да қызметкерлердің алашағы жинақталып қалғандығы айтылуда, демек, бұл қаржылық проблемалар бар деген сөз. Сондықтан аудиторлық тексерудің қорытындысын күте тұралық», — деді футбол клубы директорлары кеңесінің бұрынғы мүшесі Николай Иванов.

Равиль Рамазанов клуб басшылығын өзгертуден басқа жол қалмағандығын айтты. «Өтіп бара жатқан жылдың жергілікті футбол үшін сәтсіз болуы заңдылық. Ал қарыздар туралы мәселеге келсек, бұл проблеманы шешкені үшін облыс әкіміне зор рахмет айтамыз. Ал Смақов Ақтөбе футболын құртты. Ол команданы қабылдаған кезде 2-3 жылға келісімшарттар жасасуына мүмкіндік болып еді және бұл кезеңде команда Премьер-Лигада ойнай берген болар еді. Бәлкім, соңғы орындардың бірінде жүрер едік, әйтсе де жоғары топ құрамында қала берер едік. Бұл Смақовтың тым нашар менеджер екендігін көрсетеді. Жанкүйерлер қарыздарды Смақов емес, облыс әкімі жапқанын түсінуі тиіс. Смақов бұл қызметтен өзі кетуі керек еді. Тап қазір мен жаңа басшылық алдағы уақытта өздерін қай қырынан көрсетететінін анық айта алмаймын, дегенмен өзгеріс керектігіне дау жоқ болатын. Клуб жаңаруы керек», — деді Равиль Рамазанов.

Ардагерлердің пікірлерін тыңдай отырып басқарма төрағасы Кеңес құру жөнінде шешім қабылданғанын хабарлап, оның құрамына «13 сектор» жанкүйерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, ақсақалдар кіретіндігін айтты.

«Бұл кеңес Ақтөбе футболының дамуына ықпал етеді деп ойлаймын», — деді Артур Смағұлов.

Дастан АЗАМАТ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button