Басты жаңалықтарСпорт

«Ақтөбе» футбол клубының басшылығы өзгерді

Журналистермен өткізілген баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Қайрат Бекенов «Ақтөбе» футбол клубындағы өзгерістермен таныстырды.

Биылдан бастап «Ақтөбе» футбол клубы қайтадан коммуналдық меншікке өтіп, клуб басқармасының төрағасы болып Артур Смағұлов тағайындалды. Клубтың бұрынғы бас директоры Самат Смақовпен бұрынғы сенімділік басқаруға берілу тұрғысындағы келісімшартты бұзу туралы өзара келісім жасалды. Облыс әкімінің орынбасары клубты аса қиын кезеңде басқарған Самат Смақовқа алғыс білдірді.

Ал басқарма төрағасының орынбасары-бас менеджерлікке сербтік маман Горан Велькович келді. Ол бұған дейін «Земун» (Белград, Сербия), «Таврия» (Симфереполь, Украина), «Амкар» (Пермь, Ресей) клубтарында қызмет жасаған.

«Ақтөбенің» биыл Премьер-Лигадан түсіп қалуының басты және негізгі себептерінің бірі — чемпионат басында ФИФА шешімімен командадан 12 ұпай шегерілуі. Сондықтан да қазіргі ең бірінші мақсат — Премьер-Лигаға қайта оралу, одан соң, әрине, бұрынғы дәстүрді жалғастырып, чемпиондыққа ұмтылу.

Б.БАЛТАБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button