Денсаулық

Облыс  жаңа жүйені енгізуге дайын ба?

Медициналық сақтандыру

Облыстың 2020 жылы МӘМС жүйесін енгізуге дайындығымен танысу үшін Ақтөбеге ҚР Денсаулық сақтау министрлігі заң департаментінің директоры Талғат Тұрмағанбет және республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы директорының орынбасары Манат Искаков келді. Медициналық сақтандыру жүйесін  енгізуге әзірлік аудитін жүргізді.

Өңірлік штабтың отырысында Т.Тұрмағанбет ақтөбеліктерді толық медициналық сақтандыру жүйесімен қамту, барлық медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау, өңірдің әр тұрғынының сақтандыру мәртебесін анықтау маңыздылығын атап өтті.

Аймақтың әр тұрғыны сақтандыру жүйесі туралы білуі тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және жұмыссыздарға қатысты шаруаларды жеделдету қажет. Ешқайсысы медициналық көмексіз қалмасын. Қалған аз уақыт ішінде медицина қызметкерлері жұмысты күшейтуі керек, — деді министрлік өкілі.

Республика бойынша медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 2020 жылдың 1 қаңтарында МӘМС жүйесі енгізілісімен 1,5 есе, яғни 1,569 млрд теңгеге өседі. Соның ішінде қалпына келтіру емі, паллиативті көмекті қаржыландыру көлемі 9 есеге, кеңес беру-диагностикалық көмек 6,5 есеге, стационар алмастырушы көмек 2,3 есеге артады.

Облыс бойынша  2020 жылы қаржыландыру көлемі 57 миллиард 187 миллион теңге болмақ. Бұл 2019 жылғы бюджетпен салыстырғанда 25 пайызға артық.

МӘМС жүйесін енгізуге өңірдің техникалық дайындығы жоғары, яғни компьютерлермен қамтылған, барлық мемлекеттік медициналық мекемелерде ақпараттық жүйелер енгізілген. Жеке клиникалардың ақпараттық жүйемен қамтылуы — 100%.

Келесі жылдың бастапқы 3 айында елдің барлық тұрғыны шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Қазақстандықтар, оралмандар мен елде тұрып жатқан шетелдіктер  үшін мемлекет тарапынан ТМККК тегін, қолжетімді болып қала береді. 2020 жылдан бастап тегін медициналық көмек пакеті Қазақстанда тұрып жатқан азаматтығы жоқ адамдар үшін де көрсетіледі. Бұл пакетке алғашқы, шұғыл, жедел жәрдем, диагностика мен созылмалы, әлеуметтік ауруларды емдеу, дәрімен қамту кіреді.  Мемлекет зейнеткер, 18 жасқа дейінгі балалар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, декреттік демалыстағы жүкті келіншектер, мүгедектер секілді әлеуметтік 15 санатқа енетін 10 миллион қазақстандық үшін медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Азаматтар МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмекті өз бетінше жарна төлеу арқылы да  ала алады.  Төлем терминалдары МӘМС жүйесіне қатысушы барлық медициналық мекемелерде орналастырылатын болады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button