Басты жаңалықтарЭкономика

Қуаттылығы 48 МВт жел электр станциясының бірінші кезеңі іске қосылды

Кеше Қарғалы ауданында «Art Wind» ЖШС-ның энергияның жаңғырмалы көздері саласында бірінші жобасы іске қосылды. Жел электр энергиясы өндірісі жөніндегі ірі жобаны итальяндық инвестор — «Eni» компаниясы «Kazakһ Invest» ұлттық компаниясы қолдауымен, «General Electric» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды.

Атап айтарлығы, компания Қазақстанда, оның ішінде нақ Ақтөбе облысында энергияның  жаңғырмалы көздері саласында өздері үшін әдеттегіден өзгеше тың жобаны жүзеге асыруды бірінші рет қолға алды. Құрылыс жұмыстарын «Art Wind» ЖШС жүргізуде, ал  инвестор — «Eni» компаниясы.

Бұл — жобаның бірінші кезегі.  Егер нақтырақ айтсақ, «Art Wind» компаниясы қуаттылығы 48 МВт «Бадамша» желі электр станциясының құрылысын өткен жылдың желтоқсан айында бастаған болатын. Ал биылғы 23 қыркүйекте компания Энергетика министрлігінің аукционында сондай қуаттылықтағы «Бадамша-2» жел электр станциясының құрылысы бойынша лотты ұтып алды. Енді осының барлығы бір жобаға біріктірілді.

Жобаны іске қосу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Италияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Паскуале Д′Авино, «Eni» компаниясының Орталық Азия аумағы бойынша  атқарушы вице-президенті Лука Виньяти, «General Electric», «BI Group» компанияларының,  мемлекеттік органдар мен өңірді дамыту институттарының өкілдері қатысты.

— Мемлекет басшысының шетелдік инвестиция тарту және біздің өңірімізде «жасыл экономикаға» көшу бойынша тапсырмасы аясында барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бүкіл Ақтөбе облысының экономикалық әлеуетін дамыту үшін маңызды күн: біз энергияның жаңғырмалы көздері саласында қуаттылығы 48 МВт алғашқы пилоттық жобаны іске қосамыз. Есте қаларлық жағдай, бұл шара Тәуелсіздік күнінен соң іле-шала жүзеге асып отыр, — деп атап көрсетті облыс басшысы. Оңдасын Оразалиннің айтуынша, жел электр энергиясы — Қазақстанның табысты әлеуметтік-экономикалық дамуының бір айғағы.

Енді жобаға қысқаша сипаттама бере кетейік. Жел электр энергиясының қуаттылығы 48 МВт құрайды, бұл 13 жел турбиналық генераторы ауқымын қамтиды. Инвестиция көлемі 100 миллион доллар шамасын құрайды (немесе құрылыстың басталуына 33 миллиард теңге). Алдағы жылдың ақпан айында жел электр станциясы екінші жоба бойынша электр энергиясын коммерциялық негізде өндіруді бастайды. Станция 25 жыл ішінде  жыл сайын 198 ГВт-с  электр энергиясын өндіретін болады. Бұл мөлшер, мысал ретінде айтатын болсақ, 20 мың адам тұратын шағын қала үшін жеткілікті болмақшы. Құрылыс жұмыстарымен 450 адам шұғылдануда. Жел электр станциясы пайдануға берілген уақытта 15 адам жұмыс істейтін болады. Жобаның құны 100 миллион доллар құрайды. Жыл сайын мұнда шамамен 200 ГВт-с өндіру жоспарлануда. Мамандардың айтуына қарағанда, жобаны жүзеге асыру атмосфераға көмірқышқыл газын шығаруды жылына 172  мың тоннадан астам ауқымда азайтуға мүмкіндік береді.

— Біздің міндетіміз — өңірде бизнес жүргізуге тиімді жағдай жасау. Бұл экономиканың приоритетті секторына жаңа инвесторлар тартуға мүмкіндік туғызады. «Eni» компаниясының 100 миллион доллар қаржы салуы биліктің перспективасы мығым жобаларға қолдау жасауының нәтижесі деп ойлаймын. Біз инвестордың 2020 жылы жел электр станциясы екінші кезеңінің  құрылысын бастауы үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, — деген облыс әкімі жасыл экономикаға сүйенген бұндай жобалардың жүзеге асырыла бастауы біздің өңірімізге ғана емес, күллі ел аумағына тән екенін атап өтті.

Өңір басшысының айтуынша, Қазақстан соның ішінде Ақтөбе облысы оң инвестициялық климаттың арқасында жүздеген шетелдік компания үшін тартымды болып отыр. Оңдасын Сейілұлы жоғары технологиялық жобаны іске асырған қонақтарға алғыс білдірді.

— Өңірдегі жел электр станциясының құрылысын әлемдегі алпауыт компаниялардың бірі «Eni»-дің «General Electric»-пен  бірлесіп жүзеге асыруы қуанышты жайт. Мен бұны ортақ жеңіс пен жетістігіміз санаймын. Жергілікті атқарушы орган ретінде біз бұл жобаға көмек көрсетеміз. Өйткені ол — тұтастай ел экономикасы үшін өте маңызды, тұрғындардың әл-ауқатын арттыратын жоба.

Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д′Авино өз кезегінде Ақтөбе топырағын екінші рет басып отырғандығын, жел электр станциясы іске қосар алдында облыс әкімімен жылы жүздесу болғандығын тілге тиек етті.

— Бұл — өте тамаша жоба. Оның жүзеге асуына тікелей немесе жанама үлес қосқандардың біріне алғыс айтамын. Қазақстан — Италия үшін маңызды әріптес. Аталған жоба Қазақстанға инвестиция салудың мүмкін екендігін және керектігін көрсетеді, — деді ол. Сондай-ақ болашақтың жасыл экономикада екендігін атап өтті.

Міне, салтанатты сәт те келіп жетті. Облыс әкімі Италия елшісі және «Eni» компаниясының вице-президенті бір сәтте нүктені басып, станцияны іске қосты. Жел электр станциясы айналып жүре берді.

С.НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button