БілімБасты жаңалықтар

Білім саласындағы үздіктер марапатталды

Сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Шығармашылық академиясында өткен екі бірдей мерекелік шараға қатысты. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шара барысында бірқатар мектеп оқушылары «Жас ұланның» қатарына қосылса, жыл бойы белсенділігімен көзге түскен дарынды балалар облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. 

«Жас ұланның» қатары толықты

Шығармашылық академиясының кіреберіс залында өткен «Ұланымыз ұлы елдің» атты шарада оқуда озат, талапты 60 оқушы «Жас ұлан» ұйымына қабылданды.

Ақтөбе қаласы мен облыстық мектеп-интернаттардан келген оқушылар облыс әкімі мен оның орынбасары, облыстық білім басқармасының басшысы және ардагер ұстаздар алдында Отанымыз — Қазақстан Республикасының патриоты болуға, елін шексіз сүюге және қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, толерантты, жан-жақты тұлға болуға, білімге табандылықпен ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға, ел тарихын құрметтеп, Тәуелсіз Отанымыздың бүгіні мен болашағын мақтаныш етуге ант етті.

Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жас сарбаздар дефилесі ұйымдастырылды.

Жас өрендерді «Жас ұланның» қатарына қосылуларымен құттықтаған облыс әкімі:

— Жастар — еліміздің болашағы. Күні кеше біз еліміздің Тәуелсіздігінің 28 жылдығын тойладық. Ал бүгін жас өрендеріміз «Жас ұлан» ұйымына мүше болып, ант қабылдап жатыр. Оқуда озат болып, бүгінгі берген анттарыңа берік болыңдар, — деді.

Бұдан соң салтанатты түрде ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне төсбелгі, ал мойындарына көк түсті галстук тағылды.

Бұл күні жалпы өңір бойынша бір мезетте «Жас ұланның» ұйымына 8300 оқушы қабылданды. Бүгінде «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарында жалпы білім беретін мектептер бойынша 100 мыңнан астам оқушы бар.

Айта кетейік, «Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша 2011 жылы 6 шілдеде құрылған Қазақстан Республикасы балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық ұйымы болып табылады.

«Дарынды бала — дара бала»

Бұдан соң өңір басшысы Шығармашылық академиясының акт залында өткен «Дарынды бала — дара бала» атты облыстың дарынды оқушылары жиылған шараға қатысты. Мерекелік кеш облыстың білім саласында жеткен жетістіктері туралы түсірілген бейнероликпен басталды.

Өз кезегінде сөз алған Оңдасын Оразалин дарынды оқушыларға олардың алдында үлкен мақсаттар мен міндеттер тұрғанын айтып, еліміздің әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуі үшін зор қажыр қайрат пен терең білім қажет екендігін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымызға үлкен сенім артып: «Біздің алдымызда терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін, демек, бәсекеге қабілетті ұлт иесін қалыптастыру міндеті тұр» деген болатын. Яғни жастарымыз білімді, тәрбиелі болса еліміздің ертеңі мықты болады.

Бүгінгі кездесу — жыл бойы білімімен, өнерімен биік белестерді  бағындырған, облыстың абыройын асқақтатқан үздіктердің басын қосу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Түрлі республикалық және халықаралық шараларға қатысуларыңыз Сіздер үшін үлкен жетістік, ал жүлдегер атануларыңыз – облысымыз  үшін зор мақтаныш.  Өңір басшысы ретінде мен әрдайым облысымыз бен республикамыздың атын шығарып жүрген дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын, — деген облыс әкімі еліміздің болашағын қалыптастыруда өскелең ұрпақтың білімге көбірек көңіл бөлуі маңызды екендігін атап өтті.

— Менің сіздерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыздар деп сенемін. Әр адам өзі бір шығармашылық туынды, ол өзін түрлі қырынан көрсетуі мүмкін. Мысалы, Ақтөбе топырағында шыңдалған Димаш Құдайберген өзінің зор талантымен Қазақстанның атын бүкіл әлемге таныта алды.  Осындай көрсеткішке жету үшін мектеп, колледж, университет қабырғасында жүріп аянбай еңбектену жемісті қадамдардың бастамасы. Жастар үшін жасалған қамқорлықтың қайтарымы — болашақта сендердің Отанымыз бен халқымыздың өсіп-өркендеуі үшін жасаған адал еңбектерің. Елге адал қызмет ету — қазақтың жерінде туып-өскен әр перзенттің алдындағы қасиетті парызы.  Сондықтан сендер болашақта ата-ана, ұстаз еңбегін ақтап, халық мақтанышына айналатын саналы ұрпақ болыңдар, — деген облыс әкімі ел үмітін ақтауға тырысып жүрген дарынды оқушыларды арнайы Алғыс хат пен және ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Сонымен қатар шара барысында бірқатар мұғалімдер Қазақстан Республикасының Президенті атынан Алғыс хат алса, үздік нәтижеге қол жеткізген кейбір ұстаздар Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен, енді біреулері «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Бұдан бөлек, республикалық «WorldSkills Kazakhstan — 2019» байқауының, республикалық спартакиадасының жеңімпаздары, оқушылар спартакиадасының спорт командасын марапаттау өткізілді. Республикалық, халықаралық байқаулар жеңімпаздары 30 000 теңге көлемінде және бірнеше дүркін жеңімпаздар 50 000 теңге көлемінде ақшалай сертификатқа ие болды. Облыстық оқушылардың ғылыми-зерттеу зертханасының және «Жалын» олимпиадалық резерв мектебінің жыл сайын бірнеше мәрте жеңіс әкелген оқушыларды дайындаған ғалымдары да арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

Айта кетейік, соңғы 10 жыл ішінде облыс бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға 2223 оқушы қатысып, 113-і — алтын, 171-і — күміс, 265-і қола медальға ие болған. Ал халықаралық олимпиадаларға қатысқан 719 оқушының 493-і жеңімпаз атаныпты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button