Денсаулық

Трансплантология: Түркиямен ынтымақтастық артады

Симпозиум

Ақтөбе медициналық орталығында Қазақстанда трансплантологияны  дамытудың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық симпозиум өтті.

Жиынға Түркияның Башкент университетінің, госпиталінің және Дүниежүзілік трансплантология қоғамының президенті, профессор Мехмет Хаберал және медицина ғылымының докторы, академик Жақсылық Досқалиев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі заң қызметі департаментінің директоры Талғат Тұрмағанбет қатысты. Сондай-ақ еліміздің барлық аймағынан дәрігерлер келді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, дәрігерлерге табыс тіледі. Облыстың денсаулық сақтау саласының жетістігіне тоқталды. Ақтөбеге алғаш келген профессор Мехмет Хаберал екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін түркітілдес халықтардың бір тілде сөйлеу керектігін айтты.

— Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдері орыс тілінде сөйлейді. Егер түркі әлемі бір түркі тілінде сөйлесе, біз бір-бірімізді жақсы түсініп, көмектесер едік. Сіздер өз ана тілдеріңізге көңіл бөліп жатырсыздар. Бұл — өте маңызды қадам. Мәселен, араб елдері бір ғана араб тілінде, оңтүстік америкалықтар испан тілінде сөйлейді. Түркі әлемі де бір тілде сөйлейтін кун туар, — деді. Профессор 2014 жылы Қазақстанға алғаш рет келгенін, сол уақыттан бастап ынтамақтастықта жұмыс жасап келе жатқанын айтты.

Академик Жақсылық Досқалиев Мехмет Хабералға алғысын білдірді.

Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде алғаш болып құттықтаған Түркия елі болатын. Екі ел арасында достық қарым-қатынасқа сызат түскен жоқ. Елімізде трансплантологияның дамуына Мехмет Хабералдың көрсеткен көмегі көп. Біздің дәрігерлер білікті профессордан сабақ алып, тәжірибе шыңдап, қазір нәтижелі еңбек етіп жүр. Солардың бірі осы емдеу мекемесінде жұмыс жасайды, — деген академик түркиялық әріптесіне ыстық ықыласын жеткізді.

Мехмет Хаберал Түркияда трансплантологияның дамуына мол үлес қосқан азамат. Оның бастамасымен «Түркі әлемінің трансплантологиясы қоғамы» құрылды.  Ол басқаратын Башкент университетімен Ақтөбе медициналық орталығы екі жылдан бері тығыз байланыс орнатқан. Аталған университеттің мамандары эндокриндік хирургия, онкология, оториноларингология, косметикалық хирургия, ортопедия бағыттары бойынша сегіз шеберлік сағатын өткізген. Ақтөбелік дәрігерлер университеттің клиникаларында тәжірибесін шыңдады. Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қонақтарды Ақтөбе қаласының  150 жылдық мерейтойына арналған медальмен марапаттады. Сондай-ақ жиында «Трансплантациядағы пациенттер қоғамының» президенті Сандуғаш Орынбаева сөз алды. Түркиялық ғалымға ризашылығын білдірді, Алғыс хатпен марапаттады, Сонымен бірге Жақсылық Досқалиев, медициналық орталықтың хирургі, профессор Базылбек Жақиев, орталықтың бас дәрігері Рүстем Исаев та Алғыс хатқа ие болды.

Симпозиум екі күнге созылды. Әр аймақтан келген дәрігерлер трансплантологиядағы өзекті мәселелерді ортаға салды.

Симпозиум аясында Башкент университетімен меморандумға қол қойылды. Бұл екі ел медицинасы арасындағы  байланысты нығайта түседі, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ақтөбеде алғашқы трансплантация 2014 жылы Жақсылық Досқалиевтің қатысуымен бүйрекке жасалды. Одан бері қарай 60-тан астам науқастың  дене мүшесі ауыстырылды. Қазіргі таңда облыста 350 науқас донор күтіп отыр. Әсет Қалиевтің айтуынша, бұл саладағы ең өзекті мәселе — донор тапшылығы. Ал проблеманы шешудің бір жолы — мәйіт донорлығын дамыту.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button