Мәдениет

«Сахнагер-2019»: ақтөбеліктердің асуы

Елордада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының марапаттау кеші өтті. Аталған салтанатты жиында ақтөбелік мәдениет майталмандары да ескерусіз қалған жоқ.

Елімізде биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған марапат драма, опера, балет, қуыршақ, жастар театрларында еңбек етіп жүрген, айрықша дарыны мен шығармашылығы арқылы ел өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан кәсіби мамандарға берілді. Барлығы — 18 номинация. Сондай-ақ, «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» номинациясы бойынша 4 сахна шебері, «Сахналық ғұмыр» номинациясы бойынша шығармашылық еңбек өтілі 50 жылдан кем емес 2 өнер ардагері мен талантты 30 жас маманға «Үміт» сыйлығы табыс етілді.

Қуанышқа кенелгендердің арасында ақтөбелік мәдениет саласының қызметкерлері бар. Атап айтсақ, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина «Үздік қуыршақ жасау шебері» дипломы мен 1 миллион теңгенің сертификатына лайық деп танылды. Ал Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың ардагері, биыл 70 жас мерейтойын атап өткен Мағзұм Бақытжанов «Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша марапатталып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болса, аталған театрдың режиссері Мейрам Хабибуллин «Үміт» сыйлығы мен 150 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Айта кетейік, биыл «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығымен жалпы саны 54 өнерпаз марапатталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button