Спорт

Qazaq Kuresi Федерациясы жоспарларымен бөлісті

Баспасөз конференциясы

Жекпе-жек спорт сарайында Qazaq Kuresi федерациясының алдағы жоспарларын білу мақсатында Әлем чемпионатының баспасөз конференциясы өтті.

Жиынға ЮНЕСКО ұйымының бас хатшысы Ким Си Хьюн, Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясы президентінің кеңесшісі Ұлан Рысқұл және кеше Әлем чемпионы атанған Руслан Әбдіразақов қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Осыдан екі жыл бұрын әлем чемпионаты қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Осы уақыт арасында басқа мемлекеттің спортшылары шеберліктерін шыңдап, қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген. Әлем чемпионатына қатысуға өтінім білдірген мемлекеттердің саны да айтарлықтай көбейген. 40-тан астам елдің спортшылары мандаттық комиссияның отырысынан өткен.
Ұлан Рысқұл қазақ күресінің соңғы өзгерістерге қатысты жаңалықтарын тілге тиек етті. Мәселен, балуандардың жалаң аяқ белдесуі, жарақаттанып қалмас үшін арнайы рол бозкілемдерінің төселуі сынды өзгерістер енгізілген. Бүгінде қазақ күресі әлемдік брендке айналып жатқандығын тағы бір статискалық көрсеткіш арқылы дәлелдеуге болады. Әлем елдері бойынша Qazaq Kuresi-нің федерациясы 29 мемлекетте құрылған. Бұл спорт түрі Олимпиада бағдарламасына енгізілуі үшін 60 мемлекетте федерация жұмыс жасауы тиіс және ішкі чемпионаттар жыл сайын өтіп тұруы қажет. Сонымен қатар кезең-кезеңімен Азия ойындары сынды құрлықтық жарыстардың қатарына қосылып, ЮНЕСКО-ның талаптарын орындауы керек. Тағы бір қуантарлық жаңалық, кейбір мемлекеттерде қазақ күресінің сециялары ашылып, болашақ балуандар дайындап жатыр. Біздің мемлекетте де жасөспірімдерді қазақ күресіне баулу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Ұлан Рысқұл Qazaq Kuresi федерациясын олимпиада,Азия ойындарының қатарына енгізу мен ұлттық спортты мектеп бағдарламасына қосу бойынша жан-жақты жұмыс атқарылып жатқандығын жеткізді. Ресей Федерациясының балуаны, «Әлем барысы» атанған Роман Бобиковты жеңіп, күллі қазаққа қуаныш сыйлаған әлем чемпионы Руслан Әбдіразақов жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді:
— Қазақ күресінің әлем алдындағы беделін арттыру үшін барымызды салуымыз керек, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қолдау білдірген ақтөбелік жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін, — деді ол өз сөзінде.
Еске сала кетсек, жарыстың алғашқы күнінде құрама сапынан Ниетбай Дәулет, Нұрым Сәлімгереев және Руслан Әбдіразақов Әлем чемпионы атанса, Ержан Еренғайыпов және Әділжан Ыстыбаев қола медаль жеңіп алған болатын.

Бекет АЙСҰЛТАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button