Басты жаңалықтарСпорт

Үш қазақ баласы — Әлем чемпионы

Қазақ күресінен облысымызда басталған Әлем чемпионатының алғашқы жарыс күнінде 5 салмақ дәрежесінде іріктеу және финалдық белдесулер өтіп, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталды.

Мұз айдын спорт кешеніне жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Ел намысы сынға түскен байрақты бәсекеде қазақстандық балуандар белдесулерін сәтті өткізіп, жанкүйер сенімін ақтады. Үш салмақта қазақ балуандары Әлем чемпионы атанса, екі салмақта қола жүлде бұйырды.
55 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ниетбай Дәулет күрес сүйер көрерменнің жадында қалары сөзсіз. Іріктеу белдесулерінің барлығында жеңіске жеткен ол финалда моңғолиялық Даваниям Букчулумды уақытынан бұрын айқын басымдылықпен ұтып, алтыннан алқа тақты.
60 келі салмақта күрескен қазақстандық Ержан Еренғайыпов чемпионаттың қола жүлдесін иеленді. Бұл салмақта чемпиондық атақ отандасымыздан айласын асырған моңғол балуаны Батсерен Енебишке бұйырды. Өзбекстан елінің өкілі Отарбек Хасанов күміспен күптелді.
90 келі салмақтың алтын медалін грузиялық Пата Гвиниашвили жеңіп алса, жапониялық Саное Юки екінші орыннан көрінді. Бұл салмақта біздің құрама сапынан бозкілемге беттеген Әділжан Ыстыбаев үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдені қанжығасына байлады. Қола медаль үшін өткен бәсекеде Әділжан өзбекстандық қарсыласынан мықтылық байқатты.
100 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Нұрым Сәлімгереевке тең келер қарсылас табылмады. Іріктеу белдесулерін жеңіспен аяқтаған қазақ балуаны финалдық белдесуде грузиялық Давити Лориашвилиге жамбасқа салу арқылы айқын жеңіске жетті.
— Осы Әлем чемпионатында маған қолдау көрсетіп, сенім артқан жанкүйерлерге көп-көп рахмет айтамын. Жартылай финалдағы ирандық және финалдағы грузиялық балуандармен өткізген белдесулер қиын болды. Бұл жеңісімді қазақ еліне арнағым келеді. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, — деді спортшы.
100 килодан асатын алыптардың айқасында құраманың тәжірибелі балуаны Руслан Әбдіразақов үшінші алтын медальді қоржынға салып берді. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп финалға өткен қазақ балуанын финалда Әлем барысы атанған ресейлік Роман Бобиков күтіп тұрған еді. Залға жиналған көрерменнің қолдауы Русланды жігерлендіріп, ресейлік балуанды чемпиондық атағынан айырды.
— Грузиялық, украиналық және ресейлік балуандармен өткізген белдесулер аса қиынға соқты. Кешегі әлеуметтік желілерде тарап жатқан Бобиковты ұтатын қазақ жоқ па деген жазбаға қатты намыстанып, тас-түйін дайын шықтым. Ресейлікті ұтқаныма қатты қуанып тұрмын. Мұндай рухты жарыста қазақ ешқашан жеңісті жауға бермеген. Әлем чемпионатына осалдар келмейді. Жеңісімді ата-анама, қазақ еліне арнаймын, — деді балуан финалдық белдесуден кейін.
Бұдан бөлек, Qazaq Kuresi федерациясының ұйымдастыруымен бірнеше номинация бойынша жеңімпаздар белгілі болды. Атап айтсақ, «Үздік әдіс» номинациясына күміс жүлдеге ие болған жапониялық Саное Юки лайықты деп танылды. «Үздік техника» номинациясына Әлем чемпионы атанған моңғолиялық Батсерен Енебиш иелік етсе, «Жеңіске деген құштарлығы үшін» номинациясы кубалық балуанға табысталды.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button