Мереке

Қымбатты ақтөбеліктер! Қадірменді жерлестер!

 

Тәуелсіздік — тәу етер киелі де, қастерлі ұғым. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Азаттық жолында қаншама жан құрбан болып, қаншама қан мен тер төгілді. Осы жолда бабаларымыз небір қиын-қыстау замандарды басынан өткізді. 1986 жылы желтоқсанның ызғарында алаңға шыққан қазақ жастарының да аңсағаны осы тәуелсіздік еді. Осындай азаттық жолындағы дамылсыз күрестің арқасында Жаратушының бізге берген сыйы — бұл  Тәуелсіздік!

Тәуелсіздік — дәуір мен уақыттың бізге берген баға жетпес байлығы, ұлтымыздың басты құндылығы. Ал биыл осы тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 28 жыл толып отыр. Осы 28 жыл ішінде еліміз бағындырған белестер аз емес. Өзге елдердің жүздеген жылдар бойы жүріп жеткен жетістіктеріне біз осы уақыт ішінде қол жеткіздік.

Бүгінде саяси аренада да өзіндік орнымызды ойып тұрып алдық. Өзімізді танытып қана қоймай, пікірімізбен де санасатын елге айналдық. Спортта, өнерде танымал жастарымыз әлемдік додаға түсіп, көк байрағымызды желбіретті. Ел абыройын асқақтатып, Әнұранымызды аспандатты. Осылайша бұрын бізге күмәнмен қараған елдер бүгінде бізді тең санап, толыққанды мемлекет ретінде мойындады.

Елбасының: «Тәуелсіздікке қол жеткізу қиын, ал оны сақтап қалу одан да қиын», — деген мағыналы сөзі бар. Сондықтан тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, елдігімізді нығайту — әрбір азаматтың міндеті.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» демекші, жарқын болашақ үшін жасауға тиіс алдымызда міндеттер тұр.

Біздің алға қойған ең басты мақсатымыз — дамыған 30 елдің қатарына ену. Ал отыздықтың қатарына ену үшін әлемдік өркениетке қосатын елдің де өзіндік үлесі болуы тиіс. Бұл орайда елдегі жастарымыздың қабілеті, білімі мен білігі, қандай да бәсекелестікке қарсы тұрарына еш күмән жоқ.

Тәуелсіздік — ең алдымен, елдің экономикалық ахуалының оң көрінісі. Осы орайда Ақтөбе облысының да алар өзіндік орны бар. Бүгінде облысымыз еліміздегі ірі өңірлердің қатарында тұр. Биылғы жыл өңір үшін жаман жыл болған жоқ. Экономиканың қарқынын көтеру, жұмыспен қамту, жұмыссыздықты болдырмау және инфляцияның деңгейін төмендету тапсырмалары ойдағыдай орындалды. Биылғы жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер бар, көрсеткіштеріміз де жоғары. Атап айтсақ, облыстың экономикалық даму көрсеткіші 105 пайыз болса, негізгі капитал бойынша инвестиция көлемі 107,1 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік саладағы көрсеткіштер деңгейі де жоғары.

Соңғы үш жылда өңір тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 72-ден 73,5-ке артып, халық саны 16,6 пайызға көбейді. Бүгінде Ақтөбе медициналық кластер мен туризмнің орталығына айналды. Бұрын облыс тұрғындары сапалы медициналық тексеруден өту үшін Ресей Федерациясына барса, бүгінде көрші елдің азаматтары біздің облысымызға келеді. Сондай-ақ бүгінде Ақтөбе облысы мен Татарстан, Ресей Федерациясының Орынбор облысы арасындағы өзара ынтымақтастық қатынастар нығайып отыр. Оңтүстік Корея, Түркия, басқа да Еуропа елдерінен инвесторлар тартылуда. Бұл өз кезегінде өңірдің қарқынды дамуына, ақтөбеліктердің өмір сүру сапасының артуына оң ықпал етеді.

Егер біз мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосып, туған жеріміз — Ақтөбені құтты мекенге айналдырсақ, міне, бұл — нағыз бақыт, үлкен абырой. Сондықтан алдағы уақытта қазақ елінің шежіресін толағай табыстар мен жемісті жетістіктерімізбен толтырайық! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Еліміздің ұлық мерекесі, ұлттық мейрамымыз — Тәуелсіздік күні құтты болсын!

 Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button