Мереке

Мереке қарсаңындағы қуаныш

Ақтөбедегі қалалық Мәдениет үйінде Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара салтанатты түрде өтті. Жиын барысында 50  ақтөбелікке мерекелік медальдар табыс етілді. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша 10 отбасы баспаналы болды.

Жиында алдымен сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығымен құттықтап, ақ тілек, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде ұлық мерекенің маңыздылығына тоқталып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуын тіледі. Бұдан кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан 50 ақтөбелікке мерекелік медальдар табыс етті. Сонымен қатар қала басшысы мемлекеттік бағдарламалар — «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бойынша баспаналы болған 10 отбасына пәтер кілттерін табыстады. Мерекелік медальге ие болғандардың арасында әріптестеріміз — газетіміздің фототілшісі Хайреден Раушанов және   «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Мирал Жармұханбетовтер бар.

Қуаныш иелерінің бірі Кусимовтар отбасы 10 жылдан бері баспана кезегінде тұрыпты.

2009 жылдан бастап көпбалалы отбасы санаты бойынша әкімшілік кезегінде тұрдық. Осы уақытқа дейін 15 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Міне, бүгін «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы өзіміздің жеке 3 бөлмелі пәтерімізге «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қол жеткіздік. Пәтер құны — 9 802 000 теңге. Бастапқы жарна ретінде 10 пайыз қажет болды, бастапқы жарнаның жартысын (490 000 теңге) жергілікті әкімшілік қайтарымды сертификат түрінде берді, қалған жартысын (490 000 теңге) «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» депозитімізде жинадық. Несиені жылдық 2 пайызбен 17 жылға рәсімдедік, алғашқы 7 жыл 57 000 теңгеден, қалған 10 жылын 46 300 теңгеден өтейтін боламыз. Армандар орыдалатыны рас, — дейді Насиха Кусимова.

Ақтөбе қаласының тағы бір тұрғыны Самал Жекеева да баспаналы болғанына шексіз қуанышты. Жас маман мектепте шет тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» депозитін 2017 жылы ашқан. Құны 5 млн теңге тұратын бір  бөлмелі пәтерін 11 жылға рәсімдепті.

Алғашқы 6 жылын 41 000 теңгеден, қалған 5 жылын 40 000 теңгеден өтейтін боламын. Бастапқы жарнаға қажетті қаржының тең жартысын қала әкімдігі қайтарымды сертификат түрінде берді, қалған жартысын өзім жинадым. Облыс орталығына 2015 жылы көшіп келген едім. Осы уақытқа дейін апам екеуміз туыстарымыздың үйін паналадық. Енді, міне, өзіміздің жеке баспанамыз бар, — дейді Самал Жекеева.

Айта кету керек, жыл басынан бері «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы арқылы 4 мыңға жуық ақтөбелік отбасы баспаналы болған. Соның 1200-ге жуығы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шапағатына бөленіпті. Бағдарлама шарттарына сай бастапқы жарна құны — 20 пайыз, несие бойынша үстемеақы — 5 пайыз. Бағдарламаға кез келген ҚР азаматы қатыса алады. Ең басты талап-ресми табыс болуы керек, құжат тапсырған кезде қатысушының және отбасы мүшелерінің атында баспана тіркелмеген болуы тиіс.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға жалғасты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button