Басты жаңалықтарМереке

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Тәуелсіздік — тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт

Кеше Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында ұлық мереке — Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған шарада 51 азаматты «Отан», «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұл күні төрт жерлесімізге «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы және берілді.

Ұзын саны 1500-ге жуық көрермен жиналған мерекелік шара «Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстаным!» музыкалық-хореографиялық композициясымен ашылып, мемлекеттік рәміздерге айрықша құрмет көрсетілді. Өңір басшысы өз сөзінде жиналғандарды ел егемендігінің 28 жылымен құттықтай келе, тәу етер құндылығымыздың негізі — Тәуелсіздік екенін атап өтті.

— Тәуелсіздік — тәу етер қастерлі ұғым. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсағаны осы Тәуелсіздік еді. Ол бізге оңайлықпен келген жоқ. Азаттық жолында қаншама жан құрбан болып, қаншама қан, қаншама тер төгілді. Осы жолда бабаларымыз небір қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Асыл әжелеріміз көз жасын көл қылып, дұға тіледі. Жаугершілік те болды, бітімгершілікке де барды. Асыл арманы — кейінгі ұрпаққа ұлан-ғайыр жерді аманаттау еді.

1986 жылы желтоқсанның ызғарында алаңға шыққан қазақ жастарының да аңсағаны осы Тәуелсіздік болған. Әр елдің өз ұлтынан шыққан басшысы болуы тиіс деген талап қойған қаншама жас тағдыр қыршынынан қиылды. Қаншамасы нақақ жазаланды. Осындай азаттық жолындағы дамылсыз күрестің қайтарымы сол, Жаратушының бізге берген сыйы — осы Тәуелсіздік. Осындай бақыт, міне, бүгін біздің еншімізде. Тәуелсіздік — дәуір мен уақыттың бізге берген баға жетпес байлығы, ұлтымыздың басты құндылығы. Бүгінгі ұрпақ осыны қаншалықты бағалап, жауапкершілігінің салмағын қаншалықты сезініп жүрміз?

Ел тәуелсіздігіне биыл  28 жыл толып отыр. Осы аз уақытта біз не істей алдық? Ауыз толтырып айтар болсақ, бағындырған белестеріміз аз емес. Өзге елдердің жүздеген жылдар бойы жүріп жеткен жетістіктеріне біздер осы аз уақытта қол жеткіздік. Тек оны көре білер көз, сезіне білер жүрек керек. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, небары ширек ғасырда елді мекендердің қаншамасын газбен, сумен, телефон байланысымен қамтамасыз ете алдық. Қаншама жаңа үлгідегі мектеп, балабақша, ауруханалар салынды. Шалғай деген ауылдардың өзі бүгінде өркениеттің соңғы жетістіктерін, гаджеттердің ең үздік үлгілерін пайдалануда. Бас-басымызда, тіпті мектептегі балаларға дейін қалтамызда смартфон жүр. Осындай жетістіктің  барлығы жайдан-жай бола салды ма? Күні кеше біздер қандай жағдайда едік? Осыған да бір шолу жасап өткен де жөн болар деп ойлаймын. Өйткені ол да тәлім алар сабақ, тарих тағылымы. Арамызда соны көзімен көрген куәгерлер де отыр. Ал жас буынға мұны біз айтпасақ, кім айтады?

Шешуші кезеңде ішкі және сыртқы қауіпсіздікті сақтауға қабілетті стратегиялық саясат ұстану қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осындай қиын-қыстау уақытта тарих таңдауы ел аманатын арқалаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі болуы кездейсоқ емес еді. Сын сағатта  елдің бірлігін сақтап, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін беделді тұлға керек болды. Шатқаяқтаған әлсіз экономиканы аяғынан тік тұрғызатын мықты көшбасшы, енді ғана егемендік алған елді шынайы Тәуелсіз мемлекет ете алатын тұлға керек болды. Таңдаудың дұрыстығын бүгін жаһан мойындауда. Әуелі біз ядролық қарудың әлеуетті күш құрылымынан өз еркімізбен бас тарттық. Сөйтіп, әлемге бейбіт ниетімізді таныттық. Соңынан сенім күшейіп, елімізге инвестиция келе бастады. Ескі өндіріс ошақтары заманауи жаңа технологиялық қондырғылармен, құрал-саймандармен жабдықталды. Нарықтық қатынастарға бейімделген  өнімдерімізге сұраныс арта түсті. Жаңадан жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерліктің алғышарттары қалыптасты. Осылайша, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа жолын аштық. Ауыл шаруашылығында да елеулі табыстарға қол жеткіздік. Әлемдік сұранысқа сай экологиялық таза, табиғи өнімдерді өндіру жолға қойылды. Саяси аренада да өзіндік орнымызды ойып тұрып алдық. Өзімізді танытып қана қоймай, пікірімізбен де санасатын елге айналдық. Спортта, өнерде танымал жастарымыз әлемдік додаға түсіп, көк байрағымызды желбіретті. Ел абыройын асқақтатып, Әнұранымызды аспандатты. Осылайша, бұрын бізге күмәнмен қараған елдер бүгінде бізді тең санап, толыққанды мемлекет ретінде мойындады.

Осы өткен күндерден сабақ ала білсек, шеттен келіп, бізді жарылқайын деп жүрген ешкім болған жоқ. Не жасасақ та, өзіміз жасадық. Қандай нәтижеге жетсек те өзіміздің күшімізбен жеттік. Сондықтан барымызды бағалайық. Өз-өзімізді сыйлап үйренейік. Өз арамыздан шыққан тұлғалардың қадірін білейік. Ешкім сырттан келіп жақсысын бізге бермейді. Соны дұрыс түсінейік.

Тәуелсіздік — тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт! Тәуелсіздікті нығайту — болашақ ұрпақ алдындағы аманатымыз. Аманатқа адал болу —адамдықтың белгісі!

Біздің алға қойған мақсатымыз — дамыған 30 елдің қатарына ену. Ал отыздықтың қатарына ену үшін әлемдік өркениетке қосатын елдің де өзіндік үлесі де болуы тиіс.  Жастарымыздың қабілеті, білімі мен білігі, қандай да бәсекелестікке қарсы тұрарына еш күмән жоқ. Тұрғындарымыз кәсіпкерлікті игеріп, жастарды, балаларды еңбексүйгіштікке   баулып, тәрбие берсе, сапалы өмір сүруге толық мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан да сол үшін жағдайлар жасалған. Арнайы бағдарламалар, оқытулар, қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Мен алғаш өз бағдарламамды жариялағанда, «қаланы жанға, даланы малға толтыру» жөніндегі ойыммен бөліскен едім.

Бүгінгі күнге өңірдің барлық аймақтарын аралап шықтым. Алыс-жақын ауылдардың басым көпшілігіне дейін барып, жағдайларымен таныстым. Өмірдің қызығын күш-қуатың барында көргенге не жетсін. Мал өсіріп, тұрмысын түзеткен халықты көргенде көңілің толып, марқайып қаласың. Төрт түлік малдың қайсысы болмасын, өсіріп-өндіремін деген адамға барлық жағдай бар.  Атакәсібімізді заманауи технологияларды пайдалана отырып, одан әрі дамытуға толық мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар қызмет көрсету саласына, яғни сервиске деген сұраныс күн сайын артуда. Бәсекеге қабілетті заманауи, жаңа кәсіпорындарын ашып, сапалы өнімдерімізбен нарықты толтыру да біздің басты міндетіміз. Ол — қосымша жұмыс орны, бюджетке түсетін салық. Бюджеттің бүйірі томпайса, әлеуметтік нысандар көбірек бой көтереді, инфрақұрылымдар жақсарады. Әркім осыны өзіне мақсат қойып, елім үшін мен қандай сапалы қызмет ете аламын деп алға ұмтылса, сонда барлығымыздың да тұрмыс сапамыз жақсарады. Міне, елжандылық та, отансүйгіштік те осындайдан басталады. Отанды сүю — ерекше бақыт, ал оның ыстығына күйіп, суығына шыдау — әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Сондықтан тәуелсіздікті нығайтуда  өңір халқының бірлігі, ортақ мақсаттағы жауапкершілігі мен белсенділігі аса қажет. Сонда ғана біз туған жеріміз — Ақтөбені құтты мекенге айналдырамыз!

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілегім келеді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! — деп жүрекжарды тілегін арнаған Оңдасын Сейілұлы сөз арасында өңірдің  биылғы 11 айда  жеткен жетістеріне де тоқталды.  Әлеуметтік-экономиканың дамуы 105 пайызды құрағаны, шағын және орта бизнестің үлесі 10 пайызға өскені, сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылы 836 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгені айтылды.

Одан соң облыс әкімі өңірдің мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік дамуына үлес қосқан бір топ ақтөбелікке мемлекеттік наградаларды табыстады. Олардың арасында әріптестеріміз — сөз иелері де бар. Атап айтсақ, «Ерен еңбегі үшін» медалімен ҚР Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Тынымбай Қарин мен газетіміздің бөлім меңгерушісі, белгілі журналист Нұрмұхамед Дияров марапатталды.

Ал «Ақтөбе облысының құрметті  азаматы» атағын ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздық, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, «Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің өңірлік қауымдастығы қоғамдық  бірлестігі басқарма төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Есімхан Құрманғазин мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Димаш Құдайберген алды.

Мерекелік шара өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button