Басты жаңалықтарМереке

 «Тәуелсіздік» стелласы —  жаңа тарту

Ақтөбеде Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік» стелласы ашылады.

Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образы — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен Гимні бейнеленген стелла қаланың қайталанбас келбетінің қалыптасуына елеулі үлес қосып, елдік мұрат пен ең басты құндылығымыз тәуелсіздікті ұлықтауға арналған облыстағы ерекше ескерткіштердің бірі болмақ. Жобаның авторы және оны жүзеге асырушы — қоғам белсендісі, белгілі кәсіпкер Арынғазы Беркінбаев.

Жоба авторының айтуынша, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған стелла елордада ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай бой көтерген, нақты үйлесімділігімен ерекшеленетін «Мәңгілік ел» жасампаздық қақпасымен өзара мазмұндас, жас мемлекетіміздің табысын паш ететін Ақтөбе төріндегі тәуелсіздіктің бір символы болмақ.

  • Мемлекеттік рәміздер — еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, болашаққа деген арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Мемлекеттік рәміздер — біздің мемлекетіміздің, егемендігіміздің берік негізінің бірі. Сондықтан мен Ақтөбе қаласының орталығында ұлттың мақтанышына айналған мемлекеттік рәміздеріміз — Елтаңба мен Гимн бейнеленген осындай биік стелланы салуды қолға алдым. Болашақта Ақтөбе еліміздегі үлкен агломерация орталығына айналмақ. Сондықтан қаламызға келген қонақтар осы стеллаға келіп, мемлекеттік рәміздерімізді көріп, танысады, ал болашақ ұрпақ ел тарихын ұмытпай, егемендігімізді, мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, құрметтейді, — дейді кәсіпкер А.Беркінбаев.

Аталған стелла Ақтөбе қаласының орталығындағы Абай гүлзарында орналасқан. Стелланың құрылысы үш ай бұрын басталған. Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылғалы отырған нысан қаламыздағы еңселі ескерткіштердің бірі де бірегейі болмақ.

Стелланың биіктігі — 19,2 метр. Стелла 8 қырлы тұғырға орнатылған. Тұғырдың биіктігі — 4 метр, ал ені 2,4 метр болатын тұтас бетонмен құйылған. Тұғырдың бір бетінде Қазақстан Республикасының Гимні, екінші бетінде Гимннің музыкалық редакциясы, үшінші бетінде мемлекеттік рәміздердің авторлары туралы мәлімет берілген. Ал тұғырдың төртінші бетінде «Ақтөбе» деген сөз жазылып, қызғалдақ бейнеленген.

  • Жерасты жұмыстары 3,2 метр тереңдіктен басталады. Тұғыр жер бетінде 4 метр биіктікте тұр. Стелланың басында орналасқан Елтаңба 60 тонна сапалы бетоннан құйылды. Елтаңба екі жаққа бірдей көрінеді, салмағы — 250 килограмм, диаметрі — 215 сантиметр. Елтаңба мен тұғырдың ортасында енді ашылып келе жатқан қызғалдақ бейнеленген. Бұл біздің дамып, гүлденіп келе жатқан мемлекет екенімізді білдіреді. Ал тұғырды 8 қырлы етіп жасағандағы мақсатымыз — біздің әлемнің қай еліне болса да ашықтығымыздың белгісі. Сондай-ақ тұғырдың төрт бұрышында бейнеленген түркі әлемінің стиліндегі 4 бағбан біздің жер бетіндегі мығым мемлекет екенімізді айшықтап тұрады. Сонымен қатар стеллада зооморфтық, геометриялық элементтер, өсімдік сипатты ою-өрнектер бейнеленген. Ал стелланың түсі Ұлы даламызды сипаттайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл стелла ел егемендігін, оның басты құндылықтары — мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған. Сондықтан бұл нысанның Тәуелсіздік күнінде ашылуының мәні зор, — дейді жоба авторы.

Кәсіпкердің айтуынша, стеллаға пайдаланылған материалдардың барлығы — жергілікті өнімдер. Олар: бетон, темір, пластик және бояулар.

Жуырда кәсіпкер бастаған бір топ азаматтар стелла салынып жатқан аумаққа 120 қарағай ағашын еккен. Олардың қатарында Жақсығали Иманқұлов, Батырбек Башеев, Мерғали Кереев, Ізбақ Өмірзақов, Сәлім Ізімбетов, Әлібек Мәжікенов, Светлана Симоненко, т.б. бар.

  • Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен қаланы абаттандыру жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Осы орайда біз де гүлзарға сәнді ағаш көшеттерін егіп, қаланы абаттандыруға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Жалпы стелланың құрылысын жүргізген уақытта біз тұрғындардың қаланың дамуына ерекше жанашырлықпен қарайтынына көз жеткіздік. Стелланың құрылысын көрген бірқатар азаматтар біздің бастамамызды құптап, жылы лебіздерін білдірсе, енді біреулері стелланың үлгісін көріп, мағыналы, мазмұнды дүние екен деп баға беріп жатты. Бұл, әрине, біз үшін үлкен қолдау және тұрғындар тарапынан жанашырлық деп білеміз, — дейді Арынғазы Беркінбаев.

Бүгінгі күні Қазақстанда ел еңсесін көтерген, қаланың, ауыл-аймақтың сәні ғана емес, мәніне, рухына айналған ескерткіштер аз емес. Ақтөбеде ашылғалы отырған «Тәуелсіздік» стелласы да осындай халқымыздың рухын паш етіп тұрған ерекше ескерткіштердің қатарына қосылмақ.

Айта кету керек, стелланың салтанатты ашылуы бүгін, 14 желтоқсанда сағат 12.00-де өтеді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button