Экономика

Жұмысшылардың еңбекақысы 10 пайызға өседі

Облыста Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық даму бойынша тапсырмаларын орындаудың тиімді шаралары қабылданып жатыр. Бұл орайда халықтың жұмыспен қамтылуын жүзеге асыруда және әл-ауқатын жақсартуда өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі маңызды рөл атқарады. Бүгінде аймақта мұнай-газ өндіру секторында жетекші орын алатын кәсіпорындардың бірі — «Қазақойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы Президенттің және облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бұл бағыттағы тапсырмасын орындауда өз қызметкерлері мен жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуді басты міндет санайды.

«Қазақойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылдан бері облыстың Әлібекмола және Қожасай кен орындарында мұнай-газ конденсатын игеру бойынша жұмыстарды жүзеге асырады. Бұл —  аймақта мұнай-газ өндіру секторында, оның ішінде мұнай өндіру, әлеуметтік және ұжымдық келісімшарттарды орындауда жетекші компаниялардың бірі.

Кәсіпорынның басты бағыттарының бірі — әлеуметтік саясат, қызметкерлеріміз бен жұмысшыларымыздың әлеуметтік қорғалуына жағдай жасау, сондай-ақ еңбек ұжымдарында тұрақтылық орнату. Әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесі — компанияға білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді, кадр саясатының  тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ең бастысы — осындай мүмкіндіктер мұнай өндірісі өрлеуінің қарқынын арттырып, қызметкерлердің кәсіби шыңдалуын, олардың озық технологияларға деген бағдарлы ұмтылысын күшейтеді, — дейді  «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайсар Әлімқұлов.

Соңғы үш жылда аталған компаниядағы қызметкерлердің жұмыстан кету серпіні мынадай: 2017 жылы — 9,7 пайыз, 2018 жылы — 4,9 пайыз, биыл қараша айына дейінгі көрсеткіш — 1,9 пайыз.

Қ.Әлімқұловтың айтуынша, кәсіпорындағы шетелдіктердің жалақы мөлшері «Қазақойл Ақтөбе» серіктестігі қызметкерлері үшін қабылданған компанияның ішкі рәсімдеріне сәйкес реттеледі. Ұжымдық шарт талаптары бойынша еңбеккерлерге түрлі жағдайларға байланысты бірнеше айлық көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік төлемдер жүргізіледі.

Соңғы үш жылда компания қызметкерлерінің орташа айлық жалақысының өсім деңгейі мынадай: 2017 жылы — 15 пайыз, 2018 жылы —  10 пайыз, 2019 жылы — 15 пайыз. Биыл кәсіпорын қызметкерлерінің жоспарланған жалақы өсімі 2018 жылмен салыстырғанда 17 пайызды құрады. Ал келер жылы жалақыны сараланған мөлшерде болжаммен 10 пайыз  көлемінде арттыруды  жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кететін жайт, әрбір мемлекеттік мерекелерде еңбеккерлер сыйақысыз қалмайды, — деді Қ.Әлімқұлов.

 

Қайырымдылық пен демеушілік — аталған кәсіпорынның әлеуметтік бағдарламасы аясындағы басым бағыттар. Халықтың әлеуметтік осал тобына демеушілік көмек көрсетуді де  дәстүрге айналдырған.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұнай шығару және кен орнын игеру жұмыстарын өткізерде компанияның басты басымдылықтарының бірі —  азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ете отырып, өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы орта қалыптастыру. Бүгінгі таңда «Қазақойл Ақтөбе» компаниясында халықаралық стандарт талаптарына сай еңбек қауіпсіздігі және қоршаған орта туралы бағдарлама дайындалып, енгізілген.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button