Мереке

Кітапхана — құндылық мекені

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы Алматы ауданы әкімдігі ғимаратында (ЭКСПО) қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №13 қалалық кітапхана халық игілігіне берілді.

Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен ашылған кітапхана «Нұр Ақтөбе» ауданының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды.

Шараның ашылу рәсімінде Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Кітапхананың орны қашанда зор. Еліміздегі болып жатқан мәдени шаралардың барлығы — білімнің жемісі. Білім, әрине, кітаптан алынады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты тапсырмаларының бірі  — халықпен тікелей байланыс орнатып, тілдесу. Ал тілдесу орталықтарының бірі — кітапхана. Сондықтан кітапхананың ашылу сәтіне келген аға буын өкілдерін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, зор ризашылығымды білдіремін, — деді аудан әкімі.

Бұдан соң облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жиналғандарды кітапхананың ашылуымен құттықтап, кітаптың адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.

Кітапхананың лентасын қию рәсімі сатирик-жазушы Төрежан Мәндібай мен Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбековке берілді.

Кітапханада 3500 кітап қоры бар. Ғимарат жаңа жиһаздармен, толықтай интернет желісімен және балаларға арналған кітап сөрелерімен қамтылған. Сондай-ақ арнайы кітапханалық бағдарламалар да орнатылған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button