Басты жаңалықтарМереке

Біздің Димаштың белесі

Тәу етер жалғыз киеміз — Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордадан ақжолтай хабар жетті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар. Соның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 36 көрнекті өкіліне берілді. Арасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, танымал әнші, жерлесіміз Димаш Құдайберген де бар. Ол енді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Мемлекеттік деңгейдегі марапат

Осылайша, әнімен әлем елдерін сүйсіндірген, күні кеше ғана Америка аспанын қазақ әндерімен тербеген Димаш Құдайберген елге оралған бойда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанды. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында мұндай марапатқа ие болғандардың қатарында әнші Т.Асар, ғалым А.Жұмаділдаев, киноактер Н.Есімғалиев, дирижер Р.Салаватов, балет әртісі Н.Семенова, тағы басқалар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген жоғары мемлекеттік награданы әншіге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова салтанатты жағдайда табыс етті.

Dimashnews.com сайтының хабарлауынша, осы рәсімде министр жас әншінің бүкіл әлемде отандық мәдениеттің дамуына және танымал болуына қосқан ерекше үлесін атап өтті.
Әлеуметтік желілерде Димаштың бұл марапатқа әбден лайық екендігі жайында жазылып жатыр. «Ол кез келген наградаға лайық», «Біздің алтынымыз, біз сені мақтан тұтамыз», «Сізді Құдай қолдасын», — деп лебізін білдіреді әлеуметтік желі қолданушылары һәм жанкүйерлері.

Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева: «Мен бұл жаңалыққа өте қуаныштымын және Димаштың осы марапатқа, осы атаққа лайық екеніне сенімдімін. Бұл біз үшін үлкен мәртебе! Біз Қазақстан Республикасының Президентіне және барлық жанкүйерлерге алғыс айтамыз!», — дейді.

Ақтөбелік әншінің Нью-Йорктегі концерті

10 желтоқсанда (Нұр-Сұлтан уақытымен 11 желтоқсан таңертең) Нью-Йорктегі «Barclays Center» сарайында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндері аясында Димаш Құдайбергеннің «Arnau Tour Envoy» концерті өтті.

Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Нью-Йорктегі «Barclays Center» Jay-Z, Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккартни сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен танымал сахна. Ақтөбелік Димаш Құдайберген — аталған кешенде ән кешін өткізген алғашқы қазақстандық әнші.

Концертке билеттер санаулы күнде-ақ сатылып кеткен. Әнші өз көзімен көру үшін әлемнің 54 елі мен АҚШ-тың 41 штатынан жанкүйерлер келіпті.

Әнші бұл жолы «Arnau tour Envoy» деп аталатын жаңа концерттік бағдарламасын ұсынды.

Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі жас орындаушыларды жан-жақты қолдап, халықаралық аренада өнер көрсетуі үшін жағдай жасап келеді. Димаш осы сөзімнің жарқын айғағы. Бұл министрлік тарапынан ұйымдастырылып отырған Димаштың бірінші концерті емес. Естеріңізде болса, өткен жылы Лондон қаласында жеке ән кеші өткен болатын. Біз қазір әлемдік деңгейдегі әншінің шарықтау сәтінің куәгері болып отырмыз,— дейді осы концертке арнайы барған Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов.

«Arnau tour Envoy» концерттік бағдарламасы аясында көптеген режиссер, хореограф, музыкант, биші, оператор мен видеомаман жаңа визуалды көріністер мен сахналық қойылымдар дайындады. Нәтижесінде 30-ға жуық осындай жеке концертттік номерден құралған бағдарлама сәтті өтіп, тыңдармандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Ән кешіндегі алғашқы әнді орындап болғаннан кейін:

— Қолдауларыңызға көп рақмет! Мен сіздерді жақсы көремін. Бұл менің Нью-Йорктегі алғашқы концертім. Қазақ мәдениетін, ән өнерін әлемдік деңгейде насихаттау менің бала күнгі арманым еді. Бүгін Нью-Йоркте менің осы арманым орындалды,— деді Ақтөбеден шыққан әнші.

Сонымен қатар, осы кеште «Baqytty bala» байқауының гран-при иегері Айгерім Тілеубек «Гауһар» әнін орындады. Естеріңізде болса, жазда Димаш жас әншіні өзі марапаттап, концертіне шақырған еді. Ал ұлттық музыкалар қалықтаған бөлімде әншінің туған інісі — Әбілмансұр Құдайберген күй тартып, тыңдарман қауымды тәнті етті.

Димаштың орындауында тыңдармандар жүрегінен орын алған «S.O.S» әні бұл жолы жаңа әрлеуде әуеледі. Үлкен экраннан сол кезде бақилық болған Батырхан Шүкенов, Брюс Ли, Курт Кобейн, Эми Уайнхаус сынды танымал тұлғалардың суреті көрсетілді…

Сондай-ақ, жерлесіміздің шырқаған «Olimpiсo» әнін жанкүйерлер тапжылмай тыңдаса, «Любовь уставших лебедей» әніне көрермендер қосылып тұрды.

Кештің басты ерекшелігі Димаштың барлық сахналық киімдері қазақы нақышта тігілгендігі болса керек. Шоудағы барлық хореографиялық қойылымдарды «Астана балет» театрының «DQ Dance Pro» балет труппасы орындады.

Кеш барысында Димаш қазақ, ағылшын, орыс және қытай тіліндегі әндерді орындады.

Ресей астанасындағы жеңіс

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Димаш Құдайберген Ресей Федерациясының астанасы — Мәскеу қаласында өткен «Виктория» ұлттық музыкалық сыйлығының «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисі» номинациясын «Olimpico» әнімен жеңіп алған-ды. Тағы бір жаңалық — ол аталған мемлекетте «Жылдың ең үздік әншісі» атанды.

 Dimashnews.com сайтының хабарлауынша, «Кремль» сарайының сахнасында салтанатты жағдайда есімдері жария етілген жеңімпаздардың қатарында біздің Димаш та бар. Ақтөбеден шыққан өнерпаздың бұл номинациядағы қарсыластары да осал болмаған: олардың қатарында опера әншілері Ильдар Абдразаков, Аида Гарифуллина, Хибла Герцмава, Анна Нетребко мен Ольга Перетятко бар.

Бұл — жылдың соңында Ресейде үздік музыка мамандары, орындаушылар, композиторлар, ақындар, продюсерлер, журналистерге берілетін марапат. Барлығы — 15 аталым.

— Сіздер екі күн бұрын Ресейдің ұлттық музыкалық «Виктория» сыйлығында екі номинацияны жеңіп алғанымды білесіздер, мен тағы бір қуанышпен бөліскім келеді. Бүгін Ресейдегі «Жыл әні» сыйлығында мен «Жылдың ең үздік әншісі» деген тағы бір марапатқа ие болдым. Бүкіл әлемдегі жанкүйерлерге және Ресей халқына рахмет. Мен сiздердi жақсы көремін. Жеңісімді барша қазақстандықтардың құрметіне арнадым, — деп лебізімен бөлісті Димаштың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button