Жаңалықтар

Екі колледжде парасаттылық мектебі ашылды

Ақтөбеде халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Кеңес Одағының батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжі мен  С.Бәйішев атындағы жоғары медициналық колледжінде парасаттылық мектептері салтанатты түрде ашылды.

Салтанатты шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ.Досанов, колледж басшылары және оқушылар қатысты.

Парасаттылық мектептері жас ұрпақтың адалдық, әділдік және адамгершілік қағидаттарын нығайту мақсатында ашылып отыр.

Салтанатты шарада С.Бәйішев жоғары медициналық колледжінің оқушылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесін талқылап, Томирис патшайымның ерліктері туралы қойылым ұсынды. Сонымен қатар колледж аумағында оқушылардың өз қолдарымен жасалған бұйымдардан «Адалдық» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ал Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы медициналық колледжінде жастар өздерінің парасаттылық, қоғам туралы өз ойларын ортаға айтып, Шоқан Уәлихановтың өлеңдеріне дәйексөздер келтірді. Сондай-ақ символикалық ағаш түрінде парасаттылық мектебі жұмысының негізгі принциптерін таныстырды.

Кездесулер соңында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыстың 28 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында парасаттылық мектептері жұмыс істейді. Облыстағы қалған оқу орындарында да осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Бұл жұмыстар — облыстық білім басқармасы мен білім беру ұйымдарының «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен өзара ынтымақтастығының нәтижесі.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button