Басты бет » Басты жаңалықтар » Үш жылдық бюджет бекітілді

Үш жылдық бюджет бекітілді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті қырқыншы сессиясының жалпы отырысында «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет» және «Облыстық бюджет және Ақтөбе қаласы, аудандар бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемi туралы» мәселелер қаралды.

Отырысты №20 Ырғыз сайлау округінің депутаты Жеңіскүл Мұхамбетпайызова жүргізіп отырды.

Сессия жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Алдымен жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» мәселе бойынша баяндама жасады.

Оның айтуынша, облыстық бюджеттің кірісі үш жылдық кезеңде 140,4 млрд теңгені құрайды, оның ішінде келер жылдың кірісі —  44,1 млрд теңге.

— Облыстық бюджеттің шығыны 238,3 миллион теңгені құрайды. Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Әлеуметтік блоктың шығыстары 51105,6 миллион теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 44,5 пайызын құрап отыр. Әлеуметтік шығыстардың негізгі үлесі облыс азаматтарын әлеуметтік қамтамасыз етуге және әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалады. Көрсетілген шығыстардың елеулі үлесін әлеуметтік төлемдер құрайды, оған 1814,9 миллион теңге көзделген. Атап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмекке 1347,1 миллион теңге, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға 681,2 миллион теңге қарастырылды, бұл 2019 жылға қарағанда 176,7 миллион теңгеге артық.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына 34,9 миллион теңге, білім беру жүйесін дамытуға 34 042,7 миллион теңге, денешынықтыру және спортты дамытуға 7 миллиард 329 миллион теңге, ал ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 8 миллиард 209 миллион теңге көзделген. Сонымен қатар

2020 жылға облыстық бюджет жобасында «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыруға 1 миллиард 297 миллион теңге қарастырылып отыр, — деді Г.Сүйінтаева.

Келер жылы сондай-ақ облыстық бюджеттен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға 1 млрд 489 млн теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға 11 млрд 498 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде автожол саласын дамытуға 3 млрд 611 млн теңге қарастырылған.

Отырыста сөз алған облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Апуажан Төлегенова

бюджеттің сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік орган басшыларының назарын бюджет қаражатын бақылау, тиімді жоспарлау және пайдалану мәселелеріне аудару қажет екенін атап өтті.

Жиында мәслихат депутаттары басқарма басшысына өз сауалдарын қойып, бірқатар мәселелерді көтерді. Олардың қатарында елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, білім беру, денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлау, халықты жұмыспен қамту мәселелері және т.б. бар.

Отырыста Гүлқасима Сүйінтаева күн тәртібіндегі екінші мәселе — «Облыстық бюджет және Ақтөбе қаласы, аудандар бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемi» туралы хабарлама жасады.

Оның айтуынша, 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде әкімдердің қаржылық дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мақсатында жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына бұрын республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын тұрақты сипаттағы шығындар енгізіледі. Атап айтсақ, оның мөлшері 2020 жылы — 28,2 млрд теңге, 2021 жылы — 29,5 млрд теңге, ал 2022 жылы 29,5 млрд теңгеге жетеді.

Басқарма басшысы баяндамасының соңында «Облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 10 желтоқсандағы №347 қаулысына сәйкес «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған шығындар тізімін ұсынды.

Бұдан кейін отырыста мәслихат депутаттары «Темір ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы», «Ақтөбе облысының Мәртөк ауданының Құрмансай ауылдық округінің Торайғыр ауылын тарату туралы», «Ақтөбе облысының Алға, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Шалқар, Әйтеке би, Қарғалы және Хромтау аудандарының кейбір елді мекендерін тарату туралы» ұсыныстарды қолдап, бірауыздан дауыс берді.

Сессияда облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы» мәселе бойынша хабарлама жасап, депутаттар назарына 4 адамды ұсынды. Олар — философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, әнші, дарынды жас Дінмұхаммед Құдайберген, «Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің өңірлік қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Есімхан Құрманғазин және филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздықова.

Облыстық мәслихат депутаттары аппарат басшысының ұсынысын бірауыздан қолдап, шешім қабылдады.

Бұдан кейін отырыста «Ақтөбе облысында сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде орналастыру Қағидаларын бекіту туралы» облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин хабарлама жасады.

Сондай-ақ сессия отырысында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының есебі қаралып, «Ақтөбе қаласында теннис корттарын салу және пайдалану», «Ақтөбе қаласында қалалық жедел шұғыл медициналық көмек бекетін салу және пайдалану», «Ақтөбе қаласында 60 орындық офтальмологиялық аурухана және күніне 500 адам қабылдайтын емхана салу және пайдалану», «Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қарғалы қалалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қасбеттерін күрделі жөндеу», «Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақтөбе облыстық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының галереясына екі қабатты қосымша құрылыс салу», «Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақтөбе облыстық консультативтік-диагностикалық орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының филиалын күрделі жөндеу», «Шаруашылық жүргізу құқығындағы «№2 қалалық емхана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ғимаратының жылыту жүйесін күрделі жөндеу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданып, облыстық  мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сессияда облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қаралған мәселелерге байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.

Отырыс соңында депутаттар қаралған 27 мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

  • Ақылдасып пішкен тон ешқашан келте болмайды. Сондықтан бүгінгі сессияда сіздердің берген ұсыныстарыңыз бен көтерген мәселелеріңіз өте орынды. Ал күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты халықтың атынан пікір білдірген қоғамдық кеңес мүшелеріне рақмет айтамын.

Жалпы биылғы жылы жоспарланған жұмыстардың дені орындалды. Міне, жыл соңына таяп қалды, көрсеткіштер жаман емес. Алайда алдымызда әлі де зор міндеттер тұр. Бүгінгі сессияда келер жылға бекіткен бюджеттің облыстың дамуы үшін маңызы зор. Атап айтсақ, келер жылы да қаржының көп бөлігі әлеуметтік салаға бөлініп отыр.

Айта кету керек, ауыл-елді мекендерге барып, тұрғындармен кездескенімде, олардың дені ауызсу, газ, жол мәселесін көп көтереді. Ал аталған мәселелердің шешу бекітілген облыстық бюджетке тікелей байланысты. Сондықтан алдағы жылдары ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға, аудандардағы проблемаларды шешуге көп көңіл бөлуіміз керек. Сонымен қатар өңірді жан-жақты дамыту, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, бөлінген қаражатты үнемдеп жұмсау, оған қоғамдық бақылау ұйымдастыру — біздің ең басты міндетіміз, — деді.

Данагүл ТАУАНОВА.