Жаңалықтар

Қауіпсіздік шаралары талқыланды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Қауіпсіздік шараларын пысықтауға арналған басқосуға облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары, видеобайланыс арқылы қала, аудан әкімдері сонымен қатар қаладағы «Жандос и К» орталық базарының, «АИФН» Керуен сити АҚ, «Алатау плаза» басқару компаниясының, «Ақмаржан» ЖШС, «Мега Шығыс», т.б. сауда орындарының басшылары қатысты.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Төлешев сауда нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде баяндады.  Төтенше жағдайлар департаменті мамандары биыл 41 сауда нысанының қауіпсіздік шараларын тексеріп, оның 35-інде 180 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталған. Өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9 ескерту және 77 мың 195 теңге көлемінде 2 айыппұл салынған.

Ақтөбе қаласы, Алға, Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Хромтау аудандарынан тәуекел дәрежесі жоғары 61 нысан тіркелген. Асқар Төлешов 2016 жылдан бастап департамент мамандарының заң бойынша тексеру мүмкіндіктерінің шектелгендігін жеткізе келе, халық көп жүретін бірқатар сауда орындарының басшылары мен қызметкерлері өрт-техникалық минимум бағдарламасы бойынша оқытылмағандығы, автоматты өрт дабылдарының істен шыққандығы, баспалдақтардың астында гардероб, тұрмыстық үй-жайлар, дүңгіршектер орналастыруға жол берілетіндігі сынды қауіпсіздік шараларын сақтамай отырғандығын айтты. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты кәсіпкерлерге ескертулер жасады.

«Ең алдымен, кәсіпкерлер өздерінің жауапкершілігін түсінуі керек. Біз үшін азаматтардың өмірі маңызды. Әрине, кәсіпкерлік жағынан кедергі келтірмеу қажет болғанмен, өздеріңіздің міндеттеріңізді де ұмытпауларыңыз керек», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі көтерілген мәселе аясында жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеп, алдағы мерекелік демалыс күндеріне қауіпсіздік шараларын жан-жақты күшейту қажеттігін айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button