Жаңалықтар

Қысқа дайындықтың жайы қандай?

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде «2019-2020 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу іс-шаралары. Қысқы кезеңдегі қауіпсіздік» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Асқар Төлешов, облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары Қанат Әлиев, азаматтық қорғау саласындағы қауіп-қатерді азайту және бақылау басқармасының орынбасары Құмар Тұрмағамбетов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев және «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ, «Қазақавтодор» ЖШС басшылары қатысты.

Адамның өмірі мен қауіпсіздігі басты назарда болғандықтан, облыс көлемінде қысқа дайындық науқаны қызу жүріп жатыр. Жауапты мекемелерге талаптың күшейетін кезі де осы. Қыс басталмай жатып республикалық, облыстық маңызы бар жолдар 18 рет жабылып-ашылған. Қараша айының басынан бастап 11 дабылды ескерту жарияланды. Бұл ақпараттардың барлығы халыққа дер кезінде жетіп отырды. Облыста  ұзындығы мың шақырымға жуық тасжолда 154 қар басатын учаске бар. Оның 65 шақырымы республикалық, 25 шақырымы облыстық, 64 шақырымы аудандық жолдарда орналасқан. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен жедел штабтар құрылды. Қысқы кезеңге 37 азаматтық қорғау құрылымдары 511 адам мен 107 техника дайындалды. Теміржолдың магистралды желісін тазалау үшін 47 қар тазалайтын арнайы техника шығарылып, Ақтөбе қаласы, Әйтеке би, Қандыағаш, Шұбарқұдық, Шалқар станцияларында төтенше жағдай кезінде  650 адамға арналған жылыту және тамақтану пункттері ашылған.

 — Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жолдарды жабуға тура келеді. Халық бұған түсіністікпен қарауы керек. Өйткені, кей аудандарда ауа райы қалыпты болғанымен, Хромтау, Әйтеке би аудандарында боран соғып, тұман түсіп, жолаушылардың далада қалу қаупі туады. Бұған дейін 31 авариялық құтқару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 75 адам құтқарылып, 247 адам қауіпсіз жерге орналастырылды. 12 бала мен 7 ересек адамға медициналық тегін көмек көрсетілді. 12 адам ауруханаға жатқызылып, 22 адам зардап шекті. Төтенше жағдайдың алдын бірігіп алуымыз керек. Кейбір адамдар көліктерін қысқа дайындамайды, ауа райының қолайсыздығына байланысты ескертпелерге қарамай, жолға шығып кетеді.

Ал, өртке байланысты айтатын болсақ, биыл 4 адам қайтыс болып, екі адам ауруханаға түсті. Бұл, әсіресе, тұрғын үй жайларында орын алып отыр. Саяжайларда тұратын, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылар қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді. Біз олардың тізімін алып, бақылауда ұстап келеміз. Тілсіз жаудың алдын алу шаралары күшейтіледі. Аудандардан 6 өрт сөндіру бекетін ашып жатырмыз. Арнайы техникалар қымбат. 40-50 миллион теңге тұрады. Бірақ, соған қарамастан, техникаларымыз жаңарып жатыр. Биыл республикалық бюджеттен 8 техника алсақ, облыстық бюджеттен 5 техникаға қаржы бөлінді. Сөйтіп, бір жылда 13 техникаға қол жеткізіп отырмыз. Бұл — біздің жұмысымызға үлкен көмек, — дейді департамент басшысы міндетін атқарушы А.Төлешов.

Қазіргі таңда облыста сыйымдылығы 10 мыңнан астам 153 жылыту пункті бар. Биылғы қысқа 13699 тонна интертті материал, 26 мың тонна айлық отын қоры дайындалған.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button