Жаңалықтар

Қоғамның тазаруы — өзіңнен

Әрбір адам зұлымдық, қызғаныш, парақорлық және пайдакүнемдік жоқ әлемде, махаббатқа, қайырымдылыққа және бақытқа толы дүниеде өмір сүргісі келеді. Бірақ, менің ойымша, қазіргі уақытта мұндай тазалыққа қол жеткізе алмай отырмыз.

Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Біздер, жастар үшін осы ұғымның өзі жанымызға кіреуке түсіреді. Алдымыздағы ілгері буын тарапынан сондай келеңсіз қылықтарға жол берілуі кейінгі толқынды қатты мазасыздандырады.

Менің өзім осы мәселені тереңдеп білу үшін «сыбайлас жемқорлық» деген не?»  сауалына жауап іздеп көрдім. Сөздікте жазылғандай, сыбайлас жемқорлық — бұл лауазымды адамдар мен саясаткерлердің заңсыз баюдан, парақорлықтан, талан-тараж жасаудан және мафиозды құрылымдармен ымырашылдықтан көрінетін моральдық ыдырауы.

Сыбайлас жемқорлық  — заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де нұқсан келтіріп отыр.

Қарап отырсақ, бұл терминмен біз туғаннан жүздеседі екенбіз. Перзентханада жақсы жағдайда дүниеге келу үшін сый беру керек. Балабақшада да сондай. Лайықты мектепке кіру — пара. Жоғары оқу орнына түсуде де таныстықтың қажет жері болып қалады. Бұл оқиға біздің өміріміздің соңына дейін жалғасады. Өйткені қазір тіпті жақсы зиратта орын алып, жерленуің де екіталай.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық  қылмыстар және осы тұрғыдағы құқықбұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқықбұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың  дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.

Сыбайлас жемқорлықты мынадай сөздермен сипаттауға болады: «сен-маған, мен-саған». Кейде кім кінәлі екенін табу да қиын. Жалпы жұртшылықтың бәрін кінәлай беруге де болмайды.

Біздің әлемде идеалистер деп аталатын, ар-ождан мен абыройға ие адамдар да жеткілікті. Өкінішке қарай, кейбір қоғамдық қатынастардың өзі сыйақы беруге мәжбүрлейтін секілді де көрінеді. Мәселен, қандай да бір қызметтер үшін лауазымды адамдарға сыйлықтар беріледі, белгілі бір ақша үшін жұмысқа орналасады, қылмыстық істер жабылады, әскерден кейінге қалдырылады. Біз тіпті оны ескермейміз де. Біз үшін ең қауіптісі, қандай да бір іс-әрекеттер үшін ақша талап ету әдет  болып кеткендігі.

Сыбайлас жемқорлықтан құтылу мүмкін бе? Мүмкін, бірақ мемлекетке ғана емес, әрбір адамға да жеке күш салу керек шығар. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі — халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке ел болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Бүгінгі күні заң көп қабылданады, бірақ ештеңе өзгермейді. Сондықтан не істеу керек? Әрине, қазіргі әлемде кінәлілерді қырып-жою және жаппай жазалау екіталай, бірақ сыбайлас жемқорларды жазалау шараларын қатаңдату керек. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың тез ауысуына аса назар салуымыз қажет. Жалпы, моральдық құндылықтарды бала жастан тәрбиелеу керек. Үлкендер өскелең ұрпаққа үлгі бола білсе, өйткені балалар бәрін көреді, содан кейін бізге келесі оймен қайталайды: «Аха, менің ағам, әкем, мұғалім осылай жасады, демек маған солай істеу керек. Бұл дұрыс».

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, рухани құндылықтары материалдық құндылықтардан төмен тұрған адамдар бар болғанда жемқорлық бола береді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік 30 мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта, әрбір азамат сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге міндеттіміз.

Біздің әлемімізді өзгерту үшін әр адам өзін өзгертуі керек. Сонда ғана қоғам тазара түсер еді…

Айдана ҚУАНТАЙ,                                                                                                          

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті                                                                                                         филология факультетінің студенті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button