Әлеумет

Кепілдендірілген әлеуметтік топтама құрамы белгілі болды

Еліміздегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі — ҚР ДСМ) мен Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдары негізінде атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі — АӘК) алатын табысы аз отбасылардың балаларына арналған 2020 жылғы 1 қаңтардан беріле бастайтын кепілдендірілген әлеуметтік топтама құрамын анықтады.

Кепілдендірілген әлеуметтік топтама бір жастан алты жасқа дейін және алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға беріледі. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық химия тауарларының жиынтықтары қосылады деп жоспарлануда. Өз кезегінде азық-түлік жиынтығы: 1-ден 3 жасқа дейін және 3-тен 6 жасқа дейін балалардың жас санатына байланысты әр түрлі болады.

Еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, азық-түлік жиынтықтары физиологиялық ерекшеліктерді, азық-түліктің тағамдық және энергетикалық құндылығының арақатынасы мен баланың жасына сәйкес оларды пайдалану нормаларын ескере отырып қалыптастырылған және бұл жиынтық АӘК тағайындау кезеңінде айына бір рет берілетін болады.

1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған тамақ өнімдерінің жиынтығына: екі литрлік 2,5 пайыздық ультрапастерленген сүт, 180 граммдық балалар печеньесі (5 айдан бастап балаларға арналған), 700 граммдық өлшеп оралған ұнтақ жармасы, 320 граммдық балаларға арналған гипоаллергенді ботқалар ассортименті (5 айдан бастап балаларға арналған), 1150 граммдық балалар пюресінің гипоаллергенді ассортименті, 400 граммдық жүгері жармасы, 800 граммдық сұлы үлпектері кіреді.

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік жиынтығына: екі литрлік 2,5 пайыздық ультрапастерленген сүт; 800 граммдық бидайдың қатты сорттарынан жасалған макарондар, 800 граммдық сұлы үлпектері, 0,8 литрлік күнбағыс майы, 240 граммдық классикалық гематоген, 250 граммдық сүтке қосып жейтін құрамында ұнталмаған дәндер бар таңғы асқа арналған қытырлақтар, 360 граммдық темірге, С және В дәрумендерге бай балалар печеньесі (5 айдан бастап балаларға арналған), бір келі арпа жармасы, 1600 грамм қарақұмық жармасы, 800 грамм жарылған бұршақ, 700 грамм ұнтақ жармасы, 200 грамм табиғи бал кіреді.

Бұл жинақтар баланың күндізгі тамақтану рационын қамтамасыз етуге арналмағанын, олардың мақсаты — өсіп келе жатқан ағзадағы витаминдердің жетіспеушілігін өтеу екендігін атап өткен жөн.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған тұрмыстық химия тауарларының жиынтығының құрамын да Денсаулық сақтау министрлігі анықтады. Оған жеке гигиена заттары (бірінші қажеттілік): балалар кремі, крем-сабын, кір сабын, тіс пастасы, балалар сусабыны, тіс щеткасы, кір жуатын ұнтақ кірді. Мұндай жиынтықпен табысы аз отбасылардан шыққан балалар АӘК тағайындау кезеңінде тоқсанына бір рет қамтамасыз етілетін болады.

6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілді пакет 4 бөліктен тұрады. Оған: мектепте бір реттік тамақ ұсыну, мектеп формасымен және мектеп жабдықтарымен қамтамасыз ету, қалалық көлікте жол жүру билетінің 50 пайызын өтеу кіреді.

Мектеп формасының, сондай-ақ, мектеп керек-жарақтарының жиынтықтарымен балалар жылына бір рет қамтамасыз етілетін болады. Оларды сатып алуға арналған сертификаттар оқу жылы басталар алдында, тамыз айында беріледі деп жоспарланып отыр. Ұлдарға арналған мектеп формасының жиынтығына келесі атаулар кіреді: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік көйлек, күнделікті көйлек, қысқы уақытта трикотаж кеудешесі. Қыздар үшін: пиджак, жилет, юбка, классикалық жейде. Қысқы уақытта трикотаж кеудеше мен сарафан.

Бастауыш, орта және жоғары сынып балаларына арналған мектеп керек-жарақтарының жиынтығы өз құрамы бойынша ерекшеленетін болады деп болжануда. Бастауыш мектеп оқушыларына арналған жиынтыққа рюкзак, күнделік, 20 дана жұқа дәптер, қаламсауыт, сурет альбомы, 5 дана шарикті қалам, 10 жай қарындаш, 15 дана мұқаба, пластилин, акварельді бояулар, сызғыш және өшіргіш кіреді.

Орта мектеп оқушылары үшін жиынтықта рюкзак, күнделік, 20 дана жұқа дәптер, 10 дана жалпы дәптер, пенал, сурет салу альбомы, 5 дана шарикті қалам, 10 дана жай қарындаш, мұқабалар — 15 дана, сызғыш және өшіргіш болады.

Жоғары мектеп оқушыларына арналған жиынтыққа рюкзак, күнделік, 20 дана жұқа дәптер, 10 дана жалпы дәптер, қаламсауыт, 5 шарикті қалам, 10 дана қарындаш салынады.

Ал тамақтану күнделікті мектепте белгіленген нормалар бойынша жүзеге асырылады.

Жеңілдетілген жол жүру билетіне келсек, «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Заңның 13-бабы 7-ден 15 жасқа дейінгі балаларға қоғамдық көлікте билеттің толық бағасынан 50 пайыз жеңілдікпен жол жүруге кепілдік береді.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button