Жаңалықтар

Жемқорлық дамуды тежейді

Жемқорлық — адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын таптайтын, арты тиісті заңды жазалаумен аяқталатын қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының тежеуіш айғағы. Жемқорлықтың қандай құбылыс екенін түсіну үшін оның қашан пайда болғанын еске алу қажет.

Ежелгі тарихқа тереңірек үңілсек, б.з.б. IV-III мыңжылдықтарда  Алдыңғы Азияда өмір сүрген шумерлердің сына жазуында Шумер патшасы Урукагиннің өз қызметтері үшін сыйақы дәмететін соттар мен шенеуніктердің іс-әрекетін тиюға тырысқаны туралы айтылған. Бұл дегеніміз — жемқорлық атымен ежелгі дәуірде де пайда болған және бүгінгі таңға дейін барлық мемлекеттерді түгелмен қамтитын құбылыс. Осы жерде сұрақ туындайды: жемқорлық проблемасы ежелгі дәуірден бастап осы уақытқа дейін шешілмеген проблема болса, ол енді шешілетін проблема болып табыла ма және қандай мемлекетте? Көптеген елдер жемқорлыққа қарсы заңдар шығаруда, қоғамда белгілі бір ойды насихаттау мақсатында әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Бірақ, өкінішке қарай, пара беру қазіргі уақытта ең мықты деген, дамыған мемлекеттерде де көрініп тұратын айғақ.

Осы тұрғыдан үлгі ретінде алға тартылатын Швеция елінің, Финляндия мемлекеттерінің өздерінде де коррупция толығымен өшпесе де, белгілері көрініп тұрады. Швеция коррупция қабылдау индексі бойынша 5-орында, Финляндия 3-орында. Финляндия халқынан өз елінің коррупциясы рейтингі туралы сұрағанда олар күлуі де мүмкін. Өз елінде парақорлықпен ұсталған бірнеше адамдарды ғана мысалға айта алады.

«Жемқорлық шешілетін проблема ма?» деген сұраққа  біржақты жауап беру қиын.  Жемқорлық өзінің тигізетін кері әсерлеріне байланысты барлық қоғамдық сфералардың проблемасы болып келеді.

«Арам суда қамыс болмайды, арам адамда намыс болмайды». Бұл тәмсілдің жемқорлыққа қатысы неде? Адам, біріншіден, табиғат туындысы. Ол өзінің мүддесін, мақсатын қанағаттандыру үшін, жанындағы жақын жандарын қорғау үшін тіпті шектен тыс әрекеттерге баратын жаратылыс. Бірақ адамның жануардан айырмашылығы — саналылығы. Адам эволюцияда әр кезеңдерде әртүрлі салаларда, ол философия болсын, техника болсын, мәдениет, дәстүр болсын прогресс жасап келеді.

Елді басқаратын адам құзыреттілікті өз қолына алатын тұлға және оны дұрыс пайдалану немесе бұрыс пайдалану сәйкесінше соның қолында. Оның үстіне қазір постиндустриялы заман болған соң, бәсекелестік артқасын адам әр түрлі әрекеттерге барады, оның үстіне лайықты өмір сүргісі келеді. Пара беретін — адам, пара алатын — адам. Жемқорлықтың құрылымы осы болған соң проблеманы шешуді, біріншіден, адамнан бастау керек сияқты.  Жемқорлықты адамға дәрі беріп немесе медициналық процедура арқылы жоя алмайсың. Заңдар қабылдау жеткіліксіз, адамды бала кезінен бастап жаппай тәрбиелеуден басқа амалы жоқ. Қазіргі кезде бұндай шараларға көңіл сөзсіз бөлініп жатыр. Бірақ жеткіліксіз.

Коррупция қабылдау индексі бойынша бірінші орында тұрған Дания елінде парақорлықпен қалай күресіп жатыр? Ол жақта жемқорлық туралы мәдениет, идеология шенеуніктердің арасында ғана емес, қарапайым халықтың арасында да насихатталған. Компанияға немесе т.б. қызметке тұру үшін адам пара алмаймын деген сөз беріп қояды. Сөзін таптаған деген кішкене ғана күмән болса, қызметкер туралы қоғам арасында негативтік пікір қалыптасып қояды. Ақша қозғалысы, барлық пайда мен шығындар әлеуметтің алдына жайылған. Сәйкесінше мәліметтерді жасыру қиынға соғады. Елдегі мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік қорғау жоғары деңгейде: ақысыз медициналық көмек және білім, әлеуметтік кепілдіктер. Жыл сайын қызметкерлер өзінің пайда көзі мен мүлкі туралы ақпараттарын жариялайды. Бұлар парақорлық әрекеттерді шегеруін қамтамасыз етеді, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық проблемаларды да жеңілдетеді.

Біздің Елбасымыз басқа мемлекеттердің тәжірибесін пайдалануды да жөн көреді. Бұл туралы ол тіпті 1997 жылғы Жолдауында айтып кеткен. Тұңғыш Президентіміз қоғамды алға тартатын фактор, қайта айтып кетсек, адамдардың өзінің қолында дейді: бұл — олардың ерік-жігері, энергиясы, табандылық, білімі. Еліңнің алға шығуын қаласаң, өзіңді оң жолға өзгертуден баста. Себебі, бұл елдің құраушысы, азаматы, қызмет жасаушысы өзің, басқа кім?

Ильяс ЖАБАЕВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button