Жаңалықтар

Шалқарда жаттығу алаңы ашылды

Шалқар қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының алдында воркаут — жаттығу алаңының ашылу рәсімі өтті.

Шарада аудан әкімі Бауыржан Қаниев жиналған жұртшылықты пайдалануға беріліп отырған спорттық-сауықтыру алаңының ашылуымен құттықтады. Аудан басшысы осы игілікті істі қолға алып, оны жүзеге асырған «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Алдашовқа алғысын білдіріп, оның еңбегін жоғары бағалады және қолынан іс келетін осындай азаматтарды әркез қолдайтынын тілге тиек етті. Сөз алған Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмира Сражова, спорт ардагері Аманғали Төлебаев игілік істің жас буынға жасалған қамқорлық екенін айтты.

Шарада Ерлан Алдашов осы игілікті істе өзіне қолдау көрсеткен спорт ардагері Аманғали Төлебаевты, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тілембаеваны, Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмира Сражованы, қоғам белсенділері Еділ Аймағамбетовты, Медина Төлегенованы, №5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапарованы Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.

Алаңның лентасы қиылып, шашу шашылды.

Егеменді еліміздің жарқын болашағы — жалынды жастардың дені сау, жақсы азамат болып қалыптасуына мемлекет тарапынан мүмкіндік мол. Тек оны тиімді пайдалана білу керек. Бұл жобаны әзірлеуге негіз болған — Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы. Яғни мен осы жобаға қатысып, арнайы бөлінген грантты иелендім. Осындай алаңдардың жастар үшін пайдасы зор. Ісіме әркез үлкен қолдау көрсететін аудан басшылығына және жобаны әзірлеуге атсалысқан №5 мектеп-лицейінің ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл — біздің жалынды Жастар жылына жасаған тартуымыз, — дейді Ерлан Алдашов.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button