Басты жаңалықтар

Үндістандық студент жүлдегер атанды

Кеше Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары  Айгүл Арынғазиева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын кеңінен насихаттау бойынша үздік шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Ақтөбе қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен болған байқауға қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен оқушылары қатысты. Байқау шарты бойынша, олардың жұмыстарында Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттары, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, мемлекеттік дамуына қосқан жастардың рөлі, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы әлеуеті көрініс табуы тиіс болды.

Жастар жылы аясында өңірімізде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды, оның ішінде жастардың араласуымен қайырымдылық шаралар да өткізілді. Бұл байқау да жастар үшін ұйымдастырылды. Басты мақсат — жастарға Жолдауды насихаттай отыра, оларды ғылыми қызметке тарту, — деді Айгүл Арынғазиева.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, байқауға 34 жұмыс түскен, соның 12-і жоғары оқу орындарының студенттерінен, ал қалғаны арнаулы оқу орындарының оқушылары жазған шығарма.

Байқаудың ережесіне сәйкес жоғары үміткерлердің жұмысын құрамында жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар комиссия бағалапты.

Ақтөбе қаласы әкімдігі ғимаратында өткен салтанатты шарада Айгүл Арынғазиева байқау жеңімпаздарына қала әкімі атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыстады. Жоғары оқу орындары студенттері арысында бұл байқауда бірінші орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 2-курс студенті Жұлдыз Ақылжанова иеленсе, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті Кумар Джай екінші орынға ие болды. Ал жүлделі үшінші орын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Виктория Мохибородаға бұйырды.

Арнаулы  орта  оқу орындары арасында байқау жеңімпаздарына да құрмет көрсетілді. Бірінші және екінші орындарды  Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің оқушылары Аружан Шүкірова мен  Евгений Третьяк иеленсе, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің оқушысы Мейрамбек Сейлханның жұмысы үшінші орынға лайық деп танылыпты.

Жеңімпаз атанған жастардың бірі, сонау Үндістан елінен келіп, Ақтөбеде дәрігерлік мамандық алу үшін білімін жетілдіріп жатқан Кумар Джай былай дейді:

Байқауда жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Осындай байқаудың болатынын естігеннен кейін тақырыпқа байланысты біраз ізденіп, Жолдаудың орыс тіліндегі нұсқасын басынан аяғына дейін толық оқып шықтым. Әрбір саланың дамуына қатысты нақты міндеттердің қойылғанын білдім. Сол себепті өз шығармамда Қазақстан мемлекетінің дамыған отыз елдің қатарына кіру жолындағы саяси-экономикалық тұрғыдағы бағытын ғаламдық негізде жан-жақты зерттеп жазуға күш салдым.

Шара соңында жеңімпаздар естелік суретке түсті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button