Ауыл

«Ауыл» ауылдарды көркейтуге атсалысады

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезіне ақтөбелік делегация да қатысып қайтты. Делегацияны «Ауыл» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Оразбек Далмағанбетов бастап барды.

Съезде партияның Саяси кеңесінің 2015-2019 жылдары атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, делегаттар партияның бірнеше жаңа бастамаларын ортаға салып, талқылаған. Атап айтсақ, олардың қатарында еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы, әлеуметтік сала, ғылым және өндіріс мәселелері, т.б. бар.

— Съезде Сенат депутаты Әли Бектаев партияның төрағасы болып сайланып, Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Сондай-ақ партияның Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ал еліміздің әр өңірінде жұмыс жасайтын филиал басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Келер жылдан бастап біздің облысымызда да «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында ауылдың әл-ауқатын көтеру, тұрғындарды ауызсумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, елді мекендерге жол салу мәселелерін шешу міндеті тұр. Бұл мақсатта біз аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз. Сонымен қатар ауылдарға қажетті мамандарды, әсіресе, мемлекеттік бағдарлама арқылы елді мекендерге жас мамандарды тарту жұмыстарын қолға аламыз, — дейді «Ауыл» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Оразбек Далмағанбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттықпартиясының 652 мүшесі бар.Олар — әр салада еңбек етіп жүрген азаматтар.

Ал Оразбек Далмағанбетов «Ауыл» партиясының төрағасы болып жақында ғана сайланған болатын. 40 жылға жуық уақыт мемлекеттік қызметте, ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткен ол ауылдың жайын жақсы біледі.

Темір қаласындағы техникумда мұғалім болып еңбек жолын бастаған ол кейін Темір ауданында бас инженер, кеңшар директоры, Темір ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Хромтау ауданының әкімі, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе облысы бойынша аумақтық инспекциясы басшысы қызметтерін атқарды. Бүгінде Оразбек Нәбиұлы Мәртөк ауданына қарасты «Агрофирма-Коквест» ЖШС директорының орынбасары болып жұмыс жасайды. Негізінен жол, көпір салу және тазарту жұмыстарымен айналысатын серіктестік бүгінде мал, егін шаруашылығына да өз үлесін қосуда.

— Бүгінгі күні серіктестік арпа, бидай, тары өсірумен айналысады. Қарамағымызда 9,5 мың гектар егістік жеріміз бар. Биыл әр гектардан 9,5 центнер өнім алдық. Бидайды экспортқа жібереміз. Сонымен қатар мал шаруашылығын да дамытып отырмыз. Шаруашылығымызда 600 қой, 450 ірі қара, 120 жылқы бар. Ірі қараның ішінде герефорд тұқымын өсіріп отырмыз. Алдағы уақытта мал шаруашылығын әрі қарай дамытқымыз келеді, — дейді О.Далмағанбетов.

Оның айтуынша, өткен жылы аталған мекеме Мұғалжар ауданының Құндызды, сондай-ақ Хромтау ауданының Қопа елді мекендеріне көпір салып берген.

— Алдағы уақытта ауыл-аймақтар арасындағы жолдарды қалыпқа келтіру, көпір салу, елді мекендерге су, газ тарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінетін болады. Ауылдың тұрғындарына жан-жақты жағдай жасасақ, сонда ғана ауыл гүлденеді, көркейеді. Елді мекендерде мал, егін шаруашылығы дамыса, жұмыссыздық жойылса, халықтың әл-ауқаты артады, — дейді филиал төрағасы.

Айта кету керек, Оразбек Далмағанбетов «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезі аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің«Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ қараша айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақтөбе облыстық аумақтық басқармасының құрылғанына 20 жыл толуына орай арнайы төсбелгісін алды.

Бұған дейін «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін», І дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарымен марапатталған Оразбек Нәбиұлы алдағы уақытта «Ауыл» партиясының облыстағы төрағасы ретінде ауыл болашағына қатысты негізгі мәселелерді көтеріп, ауыл тұрмысын жақсарту жолында жан-жақты жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button