Мәдениет

Әсел — «Ұлттық өнер» номинациясының иегері

«Елорда жастары сыйлығы-2019» байқауы қорытындыланып, жеңімпаздары анықталды.

Қатысушыларға жылы лебізін арнаған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бұл шараның биылғы Жастар жылында атқарылған жұмыстардың қорытындысы екенін, әрине, бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба беретінін атап өтті.

Байқау үздіктері «Ғылым», «Ұлттық өнер», «Өнер», «Кино және театр», «Мемлекеттік қызметкер», «Әлеуметтік саланың үздік қызметкері», «Журналистика», «Қоғамдық қызмет», «Өндірістің үздік қызметкері», «Үздік студент», «Үздік жастар театры», «Жас кәсіпкер», «Жыл еріктісі», «Эстрада», «Заманауи шығармашылық өнер», «Спорт» номинациялары бойынша анықталды. Мұнда «Ұлттық өнер» номинациясын Президент оркестрінің бишісі Әсел Әлібекова жеңіп алды. Әрине, төрт жасынан бастап би өнерін меңгеріп, қаршадай кезінен Ақтөбенің атын шығарған бишінің жетістігіне жерлестері де қуанып қалды. «Ақтөбе» газеті де бала бишінің әр қадамын, жылт еткен әр жетістігін жариялап отырды. Сол кездері Әсел өзінің шетелге шыққанда ұлттық билерді алып баратынын, себебі ұлттық калорит шетелдіктерді таңғалдыратынын айтатын. Айтпақшы, біз Әселдің бұрын Германияның Берлин қаласында өткен «Би Олимпі»

Халықаралық байқауында «Ұлттық би» номинациясы бойынша күміс жүлде иеленгенін білеміз. Бірауыз сөзбен айтсақ, Әсел — біздің елдің патриоты, ұлттық биімізді насихаттап жүрген биші.

Байқау жеңімпаздарына ақшалай және естелік сыйлықтар табысталды. Салтанатты шара елімізге танымал, мәдениет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтіп, кеште қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button