Әлеумет

Наурыздың нұрға ұласқан сәттері

Ақша қар

Жазғытұрғы күн қандай құбылмалы. Кеше ғана  қала қардан тазарып, шеткі көшелердің шаңы шығып жатыр еді. Күн мен түн теңелетін наурыздың дәл 22-сіне ауған түні қалың қар жауып қалыпты. Әйтсе де табиғаттың бұл мінезі халықтың мерекелік көңіл-күйін бұза алмады.

Қайта Наурыздың бір түнде түсе қалған ақша қарын көпшілік жақсы ырымға жорып, «ырыс-несібе мол болады екен» десті. Бір жағынан, бұлайша ақша қардың түсуі жиі бола беретін құбылыс емес. Сондықтан да ол тазалықтың, пәктіктің символына айналған. Қазақ халқының эпостық жыры «Қамбар батырда» Ақжүніс ару: «Жүзімнің ақтығы – Наурыздың ақша қарындай!» – дейді. Демек, дәл мейрам күні түсе қалған ақша қарға ренжуге бола ма?! Табиғаттың құбылысын осылай жақсы ырыммен қабылдаған қала әкімдігі бар күшті жұмылдырып, ерте әрі тез кимылдады. Көшелерге тұс-тұстан самсап шыға келген қуатты техникалар қаладағы осы күні мерекелік шаралар өтеді деп жоспарланған алаңдар мен саябақтарды, мәдени орындарды сәскеге жеткізбей қардан тазартып үлгерді.

Орталық мәдениет және демалыс саябағы қардан одан да ерте арылды. Кейінгі жылдары алынған су жаңа техникалар қарды көліктерге тиеп, сыпырып, алаңды әп-сәтте айнадай жарқыратты. Шынында да, бұл өткен жылы жаңа үлгімен қайта жөнделіп, іске қосылған қаланың бас алаңы еді. Сондықтан да Наурыз мейрамының басты шаралары осында өтті.

Әкім келгенде

Наурыз күні қаланың басты алаңы сәнді әрі ыңғайлы көрінді. Алаңның жаңа үлгідегі сәулет пен тұрақты жасалған еңселі жиһаздық сахнасы ұлттық нақышпен әсем безендірілген. Қабырғалары мен маңдайшаларына сәулетші суретшілер салған қызыл-сары жауқазын бәйшешек, қызғалдақтар тірі гүлдей сезіледі. Осы жаздық сахнаның екі бетін ала қаз-қатар ақ шаңқан киіз үйлер тігілген. БТА банкі, «Көктас», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорындары, «Ақтөбе центр» құрылыс компаниясы тіккен он-он екі қанат киіз үйлер сән-салтанатымен қонақты өзіне шақырып тұрғандай. Наурыз туралы әсем әндер мен күмбірлеген тәтті күйлер саз күшейткіштерден көкке өрледі.

Осылайша, Орталық мәдениет және демалыс саябағында шаттық әуен әуелеп тұрған сәтте, сәскенің шамасында Ұлыстың ұлы күнін қала халқымен бірге атап өтуге облыс әкімі Елеусін Сағындықов келді.

Мерекелік салтанат ашылып, «Қош келдің, Наурыз!» атты театрландырылған қойылым басталды. Қыс пен көктемнің ауысу сәтін бейнелейтін көріністер аяқталып, ақ қарды жарып, наурыздың шуақты күндері де жетті. Ақ жол төселді. Сол алаңдағы ақ жолмен, жүргізушінің сөзімен айтқанда, «Ақылымен ел билеген, елін өрге сүйреген, Ақтөбені алтын аймақ атандырған» облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы сахна төріне шақырылды.

Әкім Ақтөбе халқын, қала қонақтарын халқымыздың ықылым замандардан бері желісі үзілмей келе жатқан қымбатты әрі қазыналы мейрамы – Ұлыстың ұлы күні – Наурызбен құттықтады.

– Міне, аңсап күткен күн де келіп жетті, – деді облыс басшысы. – Бұл шақта күн мен түн теңеліп қана қоймайды, адамзат баласы ерекше жылылыққа, мәре-сәре қуанышқа кенеледі. Наурыз – ерекше күн. Бұл – халқымыздың үміті ақталған күн. Тілегі орындалған күн. Өйткені шығыс күнтізбесіне қарайтын болсақ, бүгінгі күннен бастап жаңа уақыт, жаңа күн, жаңа жыл басталады. Жер-Ана ұйқысынан оянғандай жаңарып, түлейді. Ұлы ақынның сөзімен айтқанда, жан-жануар, адамзат анталасып, қырдағы ауыл ойдағы ауылмен араласып, бір-біріне құшақ жаяды. Қазақ ұғымында Наурыз барлық жақсылықтың басы. Сондықтан небір ізгі тілектер осы мейрам үстінде айтылады. Бес-алты жылдан бері сіз бен біз Ұлы Наурызды осы жерде қарсы алып жүрміз. Әр жаңа жылымызға үміт артып, бір-бірімізге игі тілек тілейміз. Үлкендеріміз бата береді. Сол тілегіміз, берілген ақ батамыз оң болып, облысымыз жоғары табыстар жолында келеді. Қай салада да ілгеріміз. Экономикалық та, әлеуметтік те мәселелер табысты шешіліп келе жатыр.

Біз, тұтастай алғанда, еліміз бойынша экономикалық, әлеуметтік жағдайдың тұрақты болуы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының, кемеңгерлігі мен көсемдігінің, алысты болжайтын көрегендігінің арқасы деп білеміз. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Президентіміз әлемдік экономикалық дағдарыстан зардап шекпей шығудың жолдарын көрсетіп берді және баршамызға зор міндет жүктеді. Қазір Елбасының сол тапсырмасы бойынша Үкімет, жергілікті атқару органдары дағдарыстан шығаратын іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Және Мемлекет басшысының тапсырмасы сондай, әлеуметтік салада, әлеуметтік бағдарламаларды орындауда қарқынды бұрынғыдан бәсеңдетпей, ілгері қадамдар жасауымыз керек. Және оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Жаңа жылдан бастап бюджеттік мекемелердегі қызметкерлердің жалақысының, ардагер-зейнеткерлердің зейнетақысының 25 пайызға өсуі – осының куәсі. Келер жылы және одан арғы  жылдарда да жалақы мен зейнетақыны өсіруге, халықтың жіктеріне әлеуметтік көмектер көрсетуге айқын бағыт ұсталып отыр.

Облыс әкімі биыл және одан кейінгі жылдарда аймақта әлеуметтік бағдарламалардың жоғары болатынына, өңірде көптеген мектептер, балабақшалар, мәдени орындар салынатынына нақты мысалдар келтірді. Қомақты қаржы бөлініп отырғанын айтты. Облыста әлеуметтік мәселелер түбегейлі шешіледі деп мәлімдеді. Және бұл, облыс әкімінің алдын ала есебіне қарағанда, екі есе көп болады.

Әрине, мұндай межені облыс әкімі негіздемей айтып отырған жоқ. Бәрі де облыстың бүгінгі күш-қуатына, қарымына, қаржысына байланысты. Осында мынадай мысал келтірілді. 1996 жылы біздің облыстан республика бюджетіне 7 млрд. теңге ғана қаржы түссе, өткен жылы 353 млрд. теңге қаржы құйылған. Мұндай қуатпен қарышты дамуға мүмкіндік мол, әрине.

Облыс әкімінің сөзінде айтылғандай, тек өткен жылы аймақта 300-дің үстінде экономикалық және әлеуметтік ірі нысандар іске қосылған. Әкім биылғы жылы іске қосылатын нысандардың саны бұдан кем болмайды деп отыр.

Былтырғы жылы қала келбетінің қалай өзгергенін жұртшылық біледі. Ал биыл қаланың іргесі қаланғанына 140 жыл толады. Әкім өзінің сөзінде қаланың көркі көз тоятындай болу үшін биыл да көп жұмыс жасалатынын айта келіп, осының бәрін істеу үшін ауызбіршілік болу керек, Наурыз бірліктің, ынтымақтықтың мерекесі деп түйіндеді.

Жас отбасының қуанышы

Облыс әкімі бұл күні де әдеттегідей қайырымдылық шарасын жалғастырды. Наурыз мерекесі үстінде облыстық Алға балалар үйінің түлектері, жас отбасы Азамат Албанов пен Ырыстыгүл Құрманғалиеваға пәтердің сертификатын тапсырды. Олар биылғы жылдың 14 ақпанында некеге отырған еді. Қазір Ырысты балалар үйінің жатақханасында тұрып, жұмыс істейді. Ал Азамат болса қалада пәтер жалдап тұрады. Облыс әкімінің қайырымдылық көмегінің арқасында жас жұбайлардың бір шаңырақ астында тұруына мүмкіндік жасалды. Жас отбасы мүшелері облыс әкімінің бұл қамқорлықтарына шексіз алғыстарын білдірді.

Наурыз думан. Қонақжай киіз үйлер

Әкімнің құттықтауынан кейін сахнада Наурыз думан жалғасты. Ұлт-аспаптар оркестрі, «Аққу би» ансамбілі өз өнерлерін көрсетті. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары халықты ән мен күйге сусындатты.

Концерттік, спорттық шаралар түс ауғанша жалғасып, халықтың серуен кеші бесінге ұласты. БТА банкі тіккен киіз үй алдында келушілерге тегін Наурыз көже таратылды. Ыстық бауырсақ, басқа да тағамдар ұсынылды. «Көктас» кәсіпорны атынан тігілген киіз үй қызметшілері де қонақтарға ыстық ықылас танытып, дәмді Наурыз көжені мол үлестірді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті тіккен үй де келген мейманды ыстық ықыласпен қарсы алып жатты.

Балалар ат жеккен күйме, тарантас сияқты ұлттық нақыштағы көліктерге мініп серуендеп, кеш түскенше қызықтады.

Наурыздан кейінгі күндер де жауын-шашынға ұласты. Яғни нұр жауып тұр. Өмір көрген үлкендер жағы «астық мол, ақ көп болады екен» деп қуанысуда. Биылғы әз Наурыз жерімізге осылай келді. Қыдыр ата ырыздық-несібесін ұсынды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

****

Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион мен «Қоныс» Спорт сарайы алаңдарында негізінен мұнайшылар киіз үйлер тікті. Бұл күні соғыс және еңбек ардагерлері, ардақты аналар және басқа қала тұрғындары Наурыз тойының қонақтары болды. Бір айта кетерлігі, той тойлап келген адамдар да кез келген үйге кіріп, дәм татып, құттықтаулар айтып жатты. Қалалық әкімдіктің, қалалық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен болған мәдени-спорттық шаралар көпшіліктің көңілінен шықты.

Облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов қала жұртшылығын әз Наурызбен құттықтап, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ыстық ықыласы мен мерекелік сәлемін жеткізді.

– Екі Наурыздың арасында облысымызда көптеген жаңалықтар болды, – деді Жеткерген Тілеулесұлы. – Өңіріміздің қоғамдық-саяси, экономикалық өміріндегі зор өзгерістер тұрғындардың қолдарымен жасалуда. Биылғы жылы да көптеген шаралар жоспарлануда. Халқымыздың ұйымшылдығының, ауызбіршілігінің нәтижесінде әлі де талай асулар алынатын болады.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің ұжымы да Наурыз мерекесін сән-салтанатты жағдайда қарсы алды. Киіз үйлерін ән мен күй кернеген дәрігерлер келген қонақтарды шын көңілдерімен қарсы алды.

– Наурыз – ұлтымыздың ең маңызды мерекелерінің бірі, – дейді медицина ғылымдарының докторы Намаз Ізімбергенов. – Жерлестеріме асқақ арман, жалынды қуат, намыс, абырой тілеймін. Міне, Наурыз күні қар жауды. Мұны бітік егіннің негізі деп ырымдап жатырмыз. Еліміз аман, халқымыз тыныш болғай!

«ҚазақОйл-Ақтөбе» ЖШС қызметкері Нұрлыбай Құлсүгіров мұнайшылардың мерекеге аса мән беріп, татулықтың, бауырмалдықтың мерекесіне айналдырып отырғанын айтты.

Бердібай КЕМАЛ.

****

Түнде жауған ақ қар қаланың Тұрғындар қалашығындағы Металлургтер Мәдениет үйі алдындағы тігілген киіз үйлердің айналасына ерекше тазалық, жаңаша леп енгізгендей еді. Алаңда таңертеңнен мерекелік әуен ойнап тұрды. Мерекелік шараның салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова сөз сөйлеп, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

Металлургтер – қашаннан өнерлі халық. Өйткені жыл бойғы халықтық мерекелерде мұнда цех-цех болып сайысқа түсу, сахнаның сәнін келтіріп, сан түрлі аспаптарда ойнап, түрлі әуендерді әуелету қашаннан дағдыға айналған. Бұл жолы да солай болды.

Металлургтер Мәдениет үйінің «Наурыз келсе – құт келгені, халайық!» деп аталатын театрландырылған көрінісі көпшілікті бірден-ақ баурап алды.

Ұлттық ойындардың цехаралық көрініс-сайысы «Кел, халайық, ойнайық!» деген атау алыпты. Бас жүлдені №1 цех жұмысшылары оза шауып жеңіп алды. Ал «Асы бар аяқ – әдемі» ұлттық тағамдар жасауға металлург қыздар бар өнерлерін салғаны көрініп тұр. Бұл жолы №3 цех бикештері тамаша тағамдарымен де, сыңғырлаған сұлу күлкілерімен де жан жадыратты.

Алаңда тігілген он екі қанатты киіз үйде төрт мәрте дастарқан жаңартылып, еңбек ардагерлері, қаланың қарттары төрге шақырылды. Наурыз тойына зауыттың 160 ардагері шақырылды. Елуден астам зейнеткерге арнайы сыйлықтар жасалды.

– Наурыз тойы халқымыздың, қазақтығымыздың мәртебесі биіктеп тұрғандығын көрсеткендей, – дейді зауыттың мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы Жамансары Мақашев, – Сондай-ақ, металлургтер арасында да тіліміздің төрде тұрғанын байқаған шығарсыздар.

Бір қызығы, Металлургтер Мәдениет үйі алдындағы мерекені тамашалаушылар ылғи да Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияға қарай бет алып жатты. Мұнда қаладағы жоғары оқу орындары – М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің, Батыс Қазақстан заң колледжінің, Ақтөбе политехникалық колледжінің студенттері бірінен соң бірі саханаға шығып, жастық әуендерін шарықтатты. Көпшілікке танымал «Наурыз-думан» ұлт-аспаптар оркестрінің, «Аққу» би ансамблінің, эстрада әншілерінің өнерлері талай рет қол шапалақтаумен қарсы алынды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button