Әлеумет

Жаңа мемлекеттік жәрдемақы: 15775 отбасының үміті

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «төрт және одан да көп бірге тұратын, кәмелетке толмаған балалары бар, оның ішінде 23 жасқа толғанға дейін білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар отбасыларға» жаңа мемлекеттік жәрдемақы төлеу көзделуде. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаровтан әлеуметтік топтағы отбасыларға мемлекеттен тағайындалатын жәрдемақыға қатысты сұрап білген едік.                                     

Оның айтуынша, жәрдемақы мөлшері отбасындағы әр баланың санына қатысты есептелмек. Сонымен қатар  бұл жәрдемақыны алу үшін отбасының кіріс табыстары есепке алынбайтын болады. Мәселен, төрт баласы бар отбасылар — 42 496 теңге, бес баласы бар отбасылар — 53127 теңге, алты баласы бар отбасылар  — 63 757 теңге, жеті және одан да көп баласы бар отбасылар 74 388 теңге алатын болады.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша бұл жәрдемақыға 15 775-тен астам көпбалалы отбасы үміткер. Оның ішінде 9163-ы — «төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған және күндізгі оқу нысанында оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар көпбалалы отбасы» ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар. Бұл — 2018 жылға дейін тағайындалған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы. Оның мөлшері — 10 504 теңге.  Осы санаттағы төлем алушылар жаңа мемлекеттік жәрдемақыға автоматты түрде ауыстырылды, яғни ай сайын алатын 10 504 теңгенің орнына енді 42 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы алатын болады. Сондай-ақ осы санаттағы төлем алушылардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруының қажеттілігі жоқ, себебі төлемдерді ауыстырудың барлық жұмыстары электрондық форматта жүзеге асырылды. Бұл — азаматтарға қолайлы болу үшін алдын ала жасалған шара, — деді І.Орынбасаров.

Бұл ретте «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін 16160 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік жәрдемақы сақталады.

Егер көпбалалы отбасы ретінде 2018 жылға дейін тағайындалған арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны алушылардың отбасында 2018-2019 жылдар кезеңінде бесінші, алтыншы, жетінші бала туған болса, мұндай төлем алушылар үшін төлем базасында балалар саны арттырылды және жаңа мемлекеттік жәрдемақыға автоматты түрде ауыстырылды. Соған байланысты мұндай төлемді алушылар да сараланған түрде балаларының санына тиесілі жаңа жәрдемақыны Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ алатын болады. Себебі барлық қайта есептеулер электронды форматта жүргізілді. Облыс бойынша мұндай төлемді алушылар саны — 1480 адам, — деді ол.

Ізбасар Орынбасаров өз сөзінде келер жылдан бастап төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны алуға құқылы әлеуетті алушылар да бар көрінеді. Олар —  көпбалалы отбасы ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алмайтындар. Облыс бойынша осындай әлеуетті алушылар ретінде 5112-ден астам отбасы бар. Бұл адамдар тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып және көпбалалы отбасы ретінде жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға қажетті құжаттарды ұсынып, өтініш беруі тиіс.

«Құжаттарды қабылдау ешқандай мерзіммен шектелмеген. Мессенджерлерде таралған, құжаттарды қысқа мерзімде тапсыру қажет екендігі туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — деді корпорация өкілі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button