Басты жаңалықтарЭкономика

Қобда өңіріндегі өзгерістер

Биылғы жылдың қазан айында Қобда ауданының 90 жылдығы атап өтілді. Мерейтой қарсаңында ауданда біраз игілікті істер атқарылды. Киелі өлкенің тарихынан сыр шертетін, батырлар мекенінің абыройын айшықтайтын ескерткіштер мен саябақтар бой көтерді. Олардың қатарында еңселі Қобыланды батырдың, ұлт-азаттық көтерілістің батыры Исатай Тайманұлының, Әлия Молдағұлованың ескерткіші мен ел қорғаны болған Алтай батырдың стелласы бар. Сондай-ақ мәдени іс-шаралар өтетін «Отан Ана» саябағы мен тарихи-танымдық «Мәңгілік ел» саябақтары, білім, спорт, денсаулық, руханият әлемі, «Ұлы даланың жеті қыры» скверлері қолданысқа берілді. Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметі аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбетпен көшпелі баспасөз конференциясын ұйымдастырды.

Жайлы кемпинг салынды

Биылғы жылы ауданда 587,2 миллион теңгенің 19 кәсіпкерлік нысаны бой көтеріп, 65 жаңа жұмыс орындары ашылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 5 жоба қолдауға ие болып, оның үшеуі 3,2 миллион теңге көлемінде грант иеленген. «Ақтөбе-Орал» тасжолының бойындағы аудан орталығында «Маяк» кемпингі 90 жылдыққа байланысты іс-шаралардың бірінде ресми түрде лентасын қиды. Ол жеке кәсіпкер Амантай Берденовтың бастамасымен салынған. Жобаның құрылысына жұмсалған қаржының тең жартысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен алынса, қалған шығын кәсіпкердің қаражатынан жұмсалды.

  • Менің есімде, бірінші сервистік кемпинг 2016 жылы Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ селосында ашылды. 14 пайыздық мөлшерлемемен салынған кемпингтің шарттары тиімді деп ойлаймын. Алдағы жылы газ құятын жанармай бекетін, техникалық жөндеу орталығын және жүк тасымалдайтын көліктер үшін арнайы жылыту ангарын салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта осы аталған құрылыс жұмыстарының сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жоспар жүзеге асып жатса «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен жұмыс жасаймыз, — дейді жеке кәсіпкер.

Жолаушыларға қызмет көрсететін кемпингте екі ауысыммен 40 адам жұмысқа тартылған. Техникалық сала мамандары ауданның өзінен, ал аспаздар қалалық жерден шақыртылған. Алыс сапарға шығатын жолаушылардың алаңсыз демалуы үшін 17 бөлмелік қонақ үй, 100 адамға арналған асхана жұмыс жасайды. Сонымен қатар көлік тұрағы, автобөлшек дүкені мен сақтандыру сервисі де бар. Қонақ үйдегі әр бөлмеге теледидар, ғаламтор желісі орнатылған.

Қобдалықтардың 32 пайызы бұқаралық спортпен белсенді түрде шұғылданады. Аудандағы барлық елдімекендерде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында хоккей кордтары ашылған. 2018 жылдан бастап мектеп оқушылары мен тұрғындардың игілігі үшін стандартқа сай салынған, инвестициясы 230 миллион теңгені құрайтын денешынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Спорттың 10 түрінен — бассейн, күрес, спорт залы және су жаңа снарядтармен жабдықталған жаттығу залында 500-ге жуық спортшы жаттығады. Ауыл жастары республикалық жарыстарда бақ сынап, ел біріншілігінде топ жарып жүр. 2018 жылы еркін күрестен Қазақстан чемпионатында Әмірхан Яндиев пен Аяжан Бағдатова алтын алса, биыл бокстан Есенғазы Қазбек және Шабай Нұрбол Азия чемпионатында жеңімпаз атанған.

2017 жылы ашылған Исатай Тайманұлы атындағы гимназия 320 оқушыға есептелген. Қазіргі таңда бастауыш сыныптарда 150, орта және жоғары сыныптарда 157 оқушы тәлім алады. Оның ішінде ауылдық жерлерден де келіп білім алып жатқандар бар. Мектеп бағдарламасына робототехника, IT саласына арналған кабинет, қыздарға аспаздық, тігін, ал ер балаларға тері өңдеу үйірмелері енгізілген. Сонымен қатар кішігірім музейде QR кодтар арқылы электронды 100 кітап базасы жасақталған.

Құрылыс көлемі екі есе артты

Аудан орталығындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Облыстық бюджеттің есебінен 3,1 миллиард теңгеге 1894 шаршы метрді құрайтын 3 екі қабатты тұрғын үй салынып, 9 көпбалалы және 4 толық емес отбасына, 3 жетім балаға және 4 зейнеткерге пәтер берілген.

Орталықта жеке тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер телімдеріне барлық қажетті инфрақұрылым тартылған, жер телімдерін алу бойынша кезекте тұрғандар жоқ. 10 айдың ішінде жалпы алаңы 5404 шаршы метрді құрайтын 42 жеке тұрғын үй іске қосылған. Бүгінгі күні жаңа шағын ауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен жалпы құны 504 миллион теңгеге 4 екі қабатты 16 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

  • Құрылыстың ұзақтығы 10 ай. Алдағы жылдың мамыр айына дейін тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Еске сала кетейік, ауданның 90 жылдығында 8 пәтерлік 3 тұрғын үйдің иелеріне пәтер кілттері табысталды. Қазіргі уақытта кезекте тұрған жалпы саны 284 адам, оның ішінде114 көп балалы және аз қамтылған отбасы бар. Жаңа баспана ең алдымен соларға беріледі, — дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мағжан Байғабылов.

Тұрғын үй құрылысының толық аяқталуын мердігер компания «КазПромСтройГрупп» қамтамасыз етеді. Баспана салу барысында тек қазақстандық құрылыс материалдары пайдаланылып жатыр. Әрбір пәтерге көгілдір отын кіргізіліп, суды жылытатын қазандықтар орнатылған.

Ауылдардың жағдайы жақсарды

Келесі жылға дейін ресейлік шекараға жететін автомобиль жолы толық аяқталады. Бұл туралы аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет баспасөз жиынында хабарлады. Алдымен ауданның соңғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қорытындыланды. Әкімнің айтуынша, аудан бюджетіне 576 миллион теңге түсіп, ол толық игерілген. Жыл басынан бері кәсіпкерлік сала 587 миллион теңгеге 19 нысан салынған.

2019 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша ауданда 18,4 мың адам тұрады. 16 ауылдық округте 31 елдімекен орналасқан.

Халық санының аз болуына байланысты екі ауылдық округ таратылды. Бұдан бөлек Қызылжарды Ақырап ауылына қосу туралы ұсыныс берілді. Елдімекендердегі халық саны жылдан жылға азайып келеді. Бұған қарамастан бұл ауылдардағы мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар жабылмайды, — деп мәлімдеді әкім.

Бүгінгі күні Қобда ауданында 283 азамат ресми жұмыссыз болып табылады. 276 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Айта кететін жайт, қайта есептеу нәтижесінде 50 отбасы атаулы әлеуметтік көмектен алған 1 миллион теңгені қайтарып берген. Аудандағы 13 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 8-іне газ құбыры тартылған. 2020-2021 жылдарда Терісқаққан, Жарсай, Жаңаталап және Сарыбұлақ ауылдарына көгілдір отын беру жоспарлануда. Ауданнан Жиренқопаға дейінгі автомобиль жолы жөнделіп жатыр.

Жарық және Ақырап ауылдарының арасындағы жолда мәселе бар, олар келесі жылы мердігердің есебінен толық қалыпқа келтіріледі. Бұл екі ауылдың арасындағы жолды жөндеу кезінде канадалық технология қолданылады. Бұған барлық құрал-жабдықтар дайын, келесі жылы жөндеу жұмысын аяқтаймыз, — деді аудан әкімі.

Кеңес үкіметі кезіндегі атауы өзгермеген Қобда ауданындағы жалғыз ауыл Калиновка өзінің тарихи Бесқұдық атауын алып, өзгереді.

— Осы мәселе төңірегінде ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, тілдерді дамыту басқармасының өкілдері келді. Барлық керекті құжаттар ономастикалық комиссияға жіберілді. 2020 жылдың бірінші жартысына дейін оң нәтиже береді деген үміттеміз, — деді Мейіржан Шермағамбет.

                                                                                                           Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button