Денсаулық

Тұмаудан сақтан!

Соңғы кезде ауа райының бір жылып, бір сууы тұмау және  жіті респираторлық вирустық инфекциялардың өршуіне әкеліп отыр. Соңғы он айда облыс бойынша 4823 адам жіті респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) және 136 адам тұмаумен ауырған. Бір қуантарлығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауырғандар саны 18,21% төмендеген. Бірақ тұмауға шалдыққандар көбейіп отыр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен

қауіпсіздігін бақылау  департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, тұмаудың эпидемиялық маусымы қарсаңында, яғни желтоқсаннан сәуір айына дейін тұмауға қарсы вакцинациялау компаниясы ұйымдастырылады. Оның ішінде иммунитеті төмен, халықтың әлсіз топтары сәбилер, науқас балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл облыс тұрғындарының 10 пайыздан астамы, яғни 87 431 адам тұмауға қарсы егілген.

Тұмауға қарсы екпе инфекциядан қорғайды, ауырып қалған жағдайда  жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Егілгендер арасында вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмады. Жалпы тұмауға қарсы егілу — халық арасында инфекцияның жаппай таралуына кедергі келтіретін иммундық топ қалыптастыруға, инфекцияның адамнан адамға жұғуының алдын алуға мүмкіндік береді. Вакцинациялау тегін жүргізіледі. Тағы бір ескеретін нәрсе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығында тексерудің барлық кезеңдерінен өткен сапалы екпе қолданылады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен вакцина сатып алуға 30 696 881 теңге бөлінді. Қосымша, жұмыс берушілер есебінен 19083 адам егілді, — деді Мұхтар Сербаев.

Тұмау мен түрлі инфекциядан сақтану үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен айналысқан жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button