Білім

Кәсіптік мамандар даярлау орталығы

Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі — еліміздегі бәсекеге қабілетті, білікті маман даярлауда өзіндік орны бар кәсіптік білім беретін оқу орындарының бірі. Сондай-ақ бүгінгі таңда облыс бойынша аймақтағы өндіріс саласына өнеркәсіптік және сервис салалары бойынша білікті мамандар даярлайтын мамандандырылған колледж.

Колледждің іргетасы 1929 жылы қаланып, бүгінгі күні еліміздегі осы саладағы танымал ұжымдардың біріне айналды. Колледжге биыл — 90 жыл толып отыр. Колледждің тарихы теміржолшыларды даярлайтын ФЗУ мектебі болып құрылғаннан басталады. Отызыншы жылдардың қарсаңында Ақтөбе қаласында Самара-Златоуст темір жолы басқармасы теміржол мамандықтарының жұмысшыларын даярлау үшін ФЗУ мектебін ашу туралы шешім қабылдады. 1941 жылдың шілде айында ФЗО мектебі облыстық еңбек резерві басқармасының №6 теміржол училищесі болып қайта құрылды. Содан бері колледждің атауы бірнеше рет өзгерді.

2012 жылдан «Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны болып жаңа бағыт ұстанды. Бүгінгі колледж — қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған, сапалы материалдық-техникалық базасы бар оқу орны. Оқу кабинеттері, шеберханалар және зертханалар, үнемі жаңа әдебиеттермен толықтырылатын 100000 бірліктен астам кітап қоры, қазіргі бағдарламалық материалдармен жабдықталған ғаламтор желісіне шығатын мультимедиалық және компьютерлік сыныптар жаңаша оқыту үдерісіне инновациялық әдістер және технологиялар енгізуге мүмкіншілік береді.

Колледжде жатақхана, дайындық кабинеттері, шеберханалар, мәжіліс залы, спортзал, студенттік асхана бар.

Оқу орны бірнеше мамандықтар бойынша бәсекеге қабілетті, білімі жетік, дағдысы қалыптасқан кәсіби мамандар даярлайды. Токарьлық іс, слесарлық іс, шаштараз өнері және сәндік косметика, икемді автоматтық тізбектері операторы, бақылау өлшеу аспаптары және автоматика бойынша слесары, тепловоз машинисінің көмекшісі мамандықтары оқытылады. Колледжде токарлық шеберхананың ашылуы білікті мамандар даярлауға жол ашты.

Бізде аймақтық еңбек нарығын ескере отыра талапкерлердің мамандық таңдау мүмкіндіктері мен заманымызға сай білім беру қызметінің аясын кеңейту бағдарда ұсталады, осы ауқымдағы жұмыстар үнемі жетілдіру үстінде. Бүгінгі колледж — республика мен облыс аймақтарына өндірістік кәсіпорындарына қажетті техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлайтын арнайы мамандандырылған оқу мекемесі.

Колледждің кәсіби деңгейде қалыптасуына, білім саласында қандай да бір өзекті мәселелерді шешуде ұжымдағы қалыптасқан оң ахуал өз әсерін тигізуде. Ұжымда ауызбіршілік принциптерін сақтай отырып, жас мамандарға қамқорлық көрсету қалыптасқан.

Колледжде дәстүрлі оқыту әдістерін инновациялық педагогикалық және ақпараттық технологиялармен сәтті үйлестіретін елудей тәжірибелі оқытушы мен 44 өндірістік оқыту шеберлері бар. Қазіргі таңда колледжде 561 білім алушылар оқу үстінде.

Колледждің басты мақсаты — Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие болашақ білікті мамандарды даярлау. Дуалды оқыту негізінде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлау кезінде, сондай-ақ теориялық оқыту кезінде алынған білімді бекіту, тереңдету және жүйелеу мақсатында студенттер кәсіпорындарда кәсіби іс-тәжірибеден өтеді. Колледж үнемі қаланың өндірістік кәсіпорындарымен бірлесе отырып жұмыстар жүргізеді. Бұл жерлерде студенттер іс-тәжірибеден өтіп, бос орын бола қалған жағдайда колледжді бітірген соң таңдаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алады.

Сонымен қатар, колледж ұжымы студенттер мен қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене шынықтырумен, спортпен және бұқаралық жұмыстармен айналысуға ерекше көңіл бөледі. Бұл үшін барлық жағдайлар жасалған, спорт залы тұрақты жұмыс істейді. Колледждің туризм және жеңіл атлетика командалары жыл сайын республикалық, облыстық чемпионаттар мен жарыстардың жеңімпаздары болып табылады.

Колледж жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру жолында студенттерді дүниежүзілік Skils әлем чемпионаттарына белсенді түрде дайындайды. Колледж студенттері Думан Шманов пен Сендет Мағзомов 2018 жылғы әлемдік Skils World чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Қазіргі кәсіптік білім берудегі негізгі міндет — ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларын даярлау болып табылады. Колледж ұстаздары осындай мамандарды даярлауды алда да жетілдіре түседі. Болашағы баянды, келешегі кемел білім ұясының жетістіктері алдағы уақытта да еселене беретіні сөзсіз. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет колледж ұжымының негізгі ұстанымы болып қала бермек. Заман талабына сай оқу орны бүгінде көптеген жастарға мамандық беріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосуда. Алда талай бағындырар белестер, атқарылар істер бар.

Естай ЖАЙЛЫБАЙ,

Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button