Жаңалықтар

Жаралы жылдар жаңғырығы

Зерде

Алдағы жылы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады. Осымен байланысты қоғамдық ұйымдар мен оқу орындары бірлесіп, ерлік шежірелері тақырыбында тарихи-танымдық сабақтар өткізуде. Таяуда осындай шара М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының музейінде ұйымдастылды.

«Ерлікке тағзым» аталған бұл тарихи-танымдық сабақтың тақырыбы Ржев шайқасының 77 жыл толуына арналды. Бұл шайқастың бел ортасында Ақтөбеден жасақталған 101-атқыштар бригадасы болғаны белгілі. Ол жөнінде колледждердің және мектеп-интернаттың оқушыларына Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі тарих пәнінің оқытушысы Тұрлан Ермұханов әңгімелеп берді.

Ал 101-атқыштар бригадасы ардагерінің ұрпағы Әлия Мәжитқызы осы шайқасқа тікелей қатысқан майдангерлердің естеліктерін тірілтті.

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Базаргүл Сейтенова аталған мектеп-интернатта жұмыс жасап, осы музейді құруға тікелей атсалысқан болатын. Сондықтан да ол өзінің әңгімесінде музейге қойылған құнды жәдігерлерге кеңірек тоқталды.

«Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ржев шайқасы туралы кітаптың авторы Ғалымжан Байдербес шараға қатысушыларды елең еткізген тың деректер келтірді. Мәселен, 101-атқыштар бригадасы 1941 жылы қарашада тап осы мектеп-интернат ғимаратында жасақталыпты.

Кездесудің соңы көңілді шараға ұласып, бір топ өнерпаз «Батырлар биін» билеп, «Жойылсын соғыс» әнін шырқады.

 Аманқос  ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button