Мәдениет

Гүлсезімнің жүлдесі

Байқау

Жақында Атырау қаласында кәсіби қобызшылар мамандығының негізін қалаушы Раушан Нұрпейісова атындағы ІІ республикалық қобызшылар байқауы өтті.

Байқауға Астана, Алматы қалаларының және Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан жоғары өнер оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, өнер ордаларының білікті мамандарынан тұратын  17 үміткер қатысты. Солармен бірге бағын сынап, өзінің шеберлігін көрсеткен А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің халық аспаптары бөлімінің қобыз класының ІІІ курс оқушысы Гүлсезім Аманқос ІІІ орынға ие болды. Лауреат атанған ол бізге байқаудың үш кезеңнен тұрғанын, әр кезеңнің талабы бойынша классикалық шетел шығармаларын, халық композиторларының және қазіргі  танымал композиторлардың шығармаларын орындағанын айтып берді. Соңғы ІІІ кезеңде оркестрмен шығарма орындапты. Ал қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор, қобызшы Раушан Мұсаходжаева, қазақтың музыкалық көне аспаптарын шебер меңгерген сазгер, фольклор зерттеушісі Еділ Құсайынов болыпты.

  • Гүлсезім балабақшада жүрген кезінен бастап, анығы бес жасынан қобыз ұстады. Сол кезде Ақтөбедегі Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіндегі ардагер ұстаз Айгүл Аманжоловадан білім алды. Өнер мектебінде оқып жүріп 2012 жылы Алматы қаласында өткен ХХХХVІ республикалық жас музыканттар байқауының ІІІ дәрежелі лауреаты атанды. Колледжге түскелі қобыз класында Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Дәмелі Таубековадан дәріс алып жүр, — дейді жас қобызшының анасы Алтынгүл.

Көне аспабымыз — қобызда ойнап, оны насихаттап жүрген Гүлсезімнің бұған дейін де көптеген байқаулардан жүлделі оралып жүргенін білеміз. Айталық, былтыр Гүлсезім «Көшпенділер әуені» ІІ республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауының «Қорқыт» номинациясының иегері, «Шабыт» ХХІ халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің дипломанты болды. Ал биыл «Jastar» І республикалық музыкалық өнер байқауының «Қобыз» номинациясы бойынша І дәрежелі лауреаты атанды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button