Жаңалықтар

Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғыны өмірге келді

Сүйінші! 6 желтоқсан күні түнгі сағат бірден он кеткенде Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғыны дүние есігін ашты. Кішкентай тұрғынның аты-жөні — Жалғасбай Әлинұр Тәңірбергенұлы. 500 мыңыншы тұрғынның өмірге келуі Ақтөбе қаласының 150 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Кеше қала басшысы Мавр Абдуллин облыстық перинаталды орталыққа арнайы барып, төртінші баласын дүниеге әкелген 39 жастағы Эльвира Досқалиға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауын жеткізді. Қала басшысы ана мен баланың жағдайын сұрап, Әлинұр Жалғасбайдың Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғыны екенін растайтын куәлігі мен бағалы сыйлықтарды анасы Эльвираға табыстады.

  • Әлинұрдың салмағы — 3060 грамм, бойы — 53 сантиметр. Төртінші бөпеміз. Алдында үш ағасы бар. Үлкенім Нұрасыл 6-сыныпта оқиды, атын әжесі қойды. Екіншіміздің есімін Ернұр деп үлкен атамыз қойды, ол 4-сыныпта оқып жүр. Одан кейінгісін нағашылары Айтжан деп атады, ол — 2 жаста. Ал Әлинұрдың атын әкесіне билік тиіп, Тәңірбергеннің өзі қойды. Күйеуім — көлік жүргізуші. 11-шағын ауданда пәтер жалдап тұрамыз. Мен үшін ұлымыздың 500 мыңыншы боп туғаны тосынсый болды. Әр бала өз несібесімен туады дейтін еді үлкендер. Не айтарымды білмей тұрмын, қуаныштымыз. Құттықтап келген басшыларға алғыс айтамын, — дейді Эльвира Досқали.

Облыстық перинаталды орталығы директорының медициналық қызметтер сапасын бақылайтын орынбасары Анар Әмірқұлованың айтуынша, бұл перзентханада он ай ішінде 6 мыңнан астам бала өмірге келіпті.

  • Осы бір ғана тәулікте 26 ана босанды, қазіргі таңда аналардың да, нәрестелердің де жағдайы жақсы, — дейді Анар Әмірқұлова.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2014 жылдың қаңтарында Ақтөбе қаласын заманауи урбанистік орталыққа айналдыру жөнінде айтқан болатын.

Биылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, Ақтөбе қаласы Қазақстан қалалары арасында халық саны бойынша төртінші орынға шықты. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы Батыс Қазақстанның ең көп қоныстанған және осы көрсеткіш бойынша Алматы, Нұр-Cұлтан, Шымкент қалаларынан кейінгі еліміздегі төртінші қалаға айналды.

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында бала туу көрсеткішінің тұрақты өсуі байқалады. Егер өткен жылдың 11 айында 11 939 бала дүниеге келсе, осы жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 3 пайызға артық, яғни 12263 бала өмірге келіпті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button