Басты жаңалықтарСпорт

Әлем чемпионаты өтеді

Ақтөбе қаласында 15-16 желтоқсан күндері қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясы ұйымдастырып жатқан байрақты бәсекеге 40-тан астам елдің балуандары қатысады. Жарысқа қатысуға өтінім білдіргендер қатарында Ресей, Украина, Грузия, Австрия, Норвегия, Эстония, Франция, Ирландия, Германия, Пәкістан, Өзбекстан, Иран, Ұлыбритания, Қырғызстан, Үндістан, Литва, Словения және басқа да мемлекеттің спортшылары бар. Әлем елдері балуандары күш сынасатын жарыста 8 салмақ дәрежесінде жүлделер жиынтығы сарапқа салынбақ.

Біріншілікті 15-16 желтоқсанда өткізу кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл күндері еліміздің Тәуелсіздік күні атап өтіледі және қазақ күресінің жанкүйерлері тартысты белдесулерге куә болады.

Аталған чемпионатта Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Литва және Армения мемлекеттерінен келген 8 және қазақстандық 12 төреші қазылық ететін болады. Сондай-ақ, Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясы ұйымдастырған чемпионаттар тарихында алғаш рет төрешілер құрамына қырғызстандық әйел төреші қосылды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және елімізге еңбек сіңірген бапкер, PhD докторы Ербол Мырзабосынов жарыстың бас төрешісі ретінде таңдалды.

Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясы жеңімпаз бен жүлдегер атанған балуандардан бөлек, үздік техникасымен, әдемі әдістерімен ерекшеленген спортшыларды марапаттайды. Айта кететін жайт, чемпионат аясында төрешілер құрамына арналған семинар өткізіледі. Семинар барысында Qazaq Kuresi төрешілік тұрғысында талқыланады.

Айтулы жарыс «Теңізшевройл», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансГаз», «Азия», «Бейнеу-Шымкент» газ құбырлары, КазРосГаз, ERG, Kcell секілді компаниялардың, Qazsport телеарнасының және Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Qazaq Kuresi жыл сайын халықаралық турнирлер мен іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Федерация екі жылдан астам уақыт ішінде 2017 жылы Астанада Әлем чемпионатын, 2018 жылы Тбилисиде Халықаралық бапкерлер мен төрешілерге арналған семинар, Еуропа біріншілігін, Қазақстан мен Моңғолияда Азия чемпионатын және «Әлем Барысы» секілді ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізген болатын.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button