Басты жаңалықтарЖастар

Еріктілер: мейірім мен көмек

Форум

5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күні. Ал 2020 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылы деп жариялады. Осыған орай Ақтөбеде облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық жастар саясаты мәселелерінің басқармасы мен жастар ресурстық орталығы және  БҰҰ Қазақстандағы дамыту бағдарламасы өкілдерінің ұйымдастыруымен халықаралық «VOLONTEER.KZ» еріктілер форумы өтті.

Еріктілер жылы қарсаңында қарым-қатынас пен өзара іс-қимылдың бірыңғай алаңын құрып, волонтерлік бірлестік өкілдері үшін тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шараға Ресейдің Орынбор қаласымен қатар еліміздің Нұр-Сұлтан қаласынан және облыс аудандарынан келген ерікті жастар қатысты.

Форумның ашылуында сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов жиналған еріктілерге өзінің ыстық ықыласын жеткізіп, алғыс білдірді.

— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Президент  еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейтіп, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыруды маңызды міндет етіп қойды. Қазаққа волонтерлік қозғалысты үйретудің де қажеті жоқ болар. Өйткені, біреуге қол ұшын созып, көмек көрсету біздің қанымызда бар. Ата-бабамыз ежелден жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай өсірген халық.

Сол үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Біздің қазіргі қоғамда да адамдар үшін жақсылық жасап, қолынан келгенше сүйеу бола білетін жандар жеткілікті. Бүгінгі шарада осы бір ізгі жолда жүрген жастардың басын қосып, ортақ мәселелерді талқыласақ деген ниет бар, — деген басқарма басшысы еріктілер мәселесін Мемлекет басшысы алдында көтеріп, Еріктілер жылын «сыйлаған» ҚР Ұлттық еріктілер желісінің төрағасы Вера Кимге облыс еріктілері атынан алғыс білдірді.

Айта кетейік, 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ҚР Ұлттық еріктілер желісінің төрағасы Вера Ким ұсынған болатын.

Өз кезегінде сөз алған еліміздің Ұлттық еріктілер желісінің төрағасы Еріктілер жылының үлкен жүректі жандар үшін жаңа мүмкіндіктер жылы екенін айтып, Халықаралық еріктілер күніне орай маңызы зор шара ұйымдастырып отырған облыс әкімдігіне алғысын жеткізді.

— 5 желтоқсан — халық арасында еріктілер деп аталып кеткен волонтерлер күні. Бұл күн — жүрегі мейірімге толы жандар үшін үлкен мереке. Осыдан бірнеше жылдар бұрын біздің қоғам үшін волонтер сөзі мүлде жат ұғым болатын. Ал бүгінгі таңда біздің «Волонтерлік қызмет туралы» өз Заңымыз бар. Ал келер жыл елімізде Еріктілер жылы деп жарияланды. Мені біздің елімізде ерікті азаматтарға өз деңгейінде құрмет көрсетіліп жатқандығы қуантады.

Шыны керек, еріктілердің қазіргі қоғамдағы орны бөлек. Олардың қатысуынсыз әлем елдерінде бірде-бір ауқымды шара өтпейді. Мәселен, біздің республикамызда  өтетін халықаралық деңгейдегі шаралардың барлығы дерлік еріктілердің қатысуымен ұйымдастырылады.

Маған «біздің елімізде қанша ерікті жас бар?» деген сұрақ өте жиі қойылады. Менің бір білерім, олар өте көп.  Дегенмен, нақты олардың қанша екенін біліп отыру үшін qazvolunteer.kz волонтерлердің бірыңғай платформасы құрылды. Бұл жерде өзін волонтер ретінде санаған азамат тіркеліп, жаңалықтармен таныса алады. Сонымен қатар, волонтерлердің көмегі қажет азаматтарға да өз өтінімдерін қалдыру мүмкіндігі қарастырылған, —  деген Вера Ким еріктілер тарапынан  қойылған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, жаңалықтармен бөлісті.

Бұдан бөлек форумның пленарлық отырысында БҰҰ Қазақстандағы дамыту бағдарламасының Ақтөбе облысы бойынша филиалының өкілі Еділ Аймағанбетов өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде әңгімелесе, «Дәріс» ақпараттық орталығының атқарушы директоры Гүлұр Идеева орталықтың жаңа жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде айтты.

Ал түстен кейінгі диалогтық алаңға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты. Арнайы құрылған алаңда Орынбор облысының жастар саясаты департаменті басшысының міндетін атқарушы Виктор Чаловский «Орынбор облысындағы еріктілер қозғалысының тәжірибесі» туралы айтса, ҚР Ұлттық еріктілер желісінің төрағасы Вера Ким «Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс» жөнінде толық әңгімелеп берді. Сонымен қатар облысқа белгілі белсенді жас Нарқозы Қартжан «Еріктіліктен кәсіпкерлікке» тақырыбында әңгіме өрбітсе, «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының белсенді мүшесі Әлішер Садық еріктілік қызмет туралы айтты.

Шара соңында ең үздік еріктілер топтары облыс әкімінің атынан марапатталып,  форумнан естелік сыйлықтар табысталды. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Р.S. Облыста құрамында 1500-ден астам  35 еріктілер тобы қызмет етеді. Олардың 17-і облыс орталығында болса, 18-і аудандарда.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап өңірде Елбасының «Волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын жоғары оқу орындарының студенттеріне стипендия мөлшерін 30%-ға арттыру» тапсырмасы аясында «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында облыстағы 4 жоғары оқу орындарындарында оқитын 214 ерікті жасқа  квота қарастырылған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button