Спорт

Мақсатым — атымды шығару емес, балуандарды көбейту

Зейнолла Төлеутаев:

Облысымыз кезінде грек-рим күресінен Қазақстанның таңдаулы командаларының қатарынан саналды. Шалқарда Владимир Цеханович боз кілемнің талай саңлақтарын тәрбиелеп өсірді. Ал Қарабұтақта Зейнолла Төлеутаевтың аты гүрілдеп тұрды. Зейнолла грек-рим күресінен Республика чемпионы атанып, Қазақстан құрамасы сапында күресті. КСРО спорт шебері, қазақ күресінен облыстағы бірінші спорт шебері атанды. Қазір Зекең қазақ және грек-рим күресінің дамуына өзінің күш-жігерін қосып келеді. Соның бірі — Зейнолла Төлеутаев атындағы жүлде үшін өтетін Қазақстан Республикасының Кубогы.

Осы Кубок үшін биылғы жарыс 10-12 қыркүйекте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорт залында өтеді. Қазақстанның беделді жарысына айналған турнирдің ұйымдастырушысы Зейнолла қажы Төлеутаевты әңгімеге тартқан едік.

— Зәке, қазақтың қара баласының спорттан алғаш алар тәрбиесі күрес болып келеді ғой. Бала кезімізде ауылдың ақсақалдары балаларды күрестіріп, жеңгеніне қозы атап жататын. Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті, күреске қалай келдіңіз?

— 1948 жылы бұрынғы Қарабұтақ ауданының Аралтоғай ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым сол ауылда өтті. Өзіңіз айтқандай, көзімізді күреспен ашатын халықтың ұрпағымыз ғой. Оның үстіне батырлар жырына байланысты қисса-дастандарды жаттап өстік. Қазақ балаларының бір ерекшелігі — батырлар жырын тыңдап, сол батырларға еліктеп өсуі. Мәселен, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын батырларды кішкентайымда көз алдыма елестетіп, мен де батыр болсам деп армандайтынмын. Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыздың өміріне қатысты газет мақалалары мен кітаптарды жібермей оқыдым. Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолағы», Ілияс Жансүгіровтың «Құлагері», Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпаны» сүйікті кітаптарым болды. Осы шығармалардағы кейіпкерлер менің өмірлік күресіме негіз салды. Батыр бабаларымызға ұқсап баққым келді. Бала кезімізде білетініміз жамбасқа салу ғой, талай баланың жаурынын жер иіскетіп, тай мінген кездерім болды.

— Енді спорттық күрестегі өмір жолыңызға шолу жасап өтсеңіз?

— Мектепте күрестің «әліпбиін» үйреткен Қанат Дәрібаев ағайым болды. Жамбасқа салу, бастан асыра лақтыру, тобықтан қағу секілді күрестің тәсілдерін сол кісіден үйрендім. Ал Петропавлда институтта оқып жүргенімде жаттықтырушым Виктор Вик грек-рим күресінің қыр-сырын меңгертті. Виктор Давыдович мені әбден баулыды. Төккен тер бекерге кетпей, 1966 жылы Петропавл қаласының чемпионы атандым. Көп ұзамай Солтүстік Қазақстан облысының чемпионы болдым. 1967 жылы Целиноград (қазіргі Астана) қаласында болған студенттік ойындарда Қазақстанның солтүстік аймағының жеңімпазы болып, келесі жылы Бүкілқазақстандық студенттік ойындарда күміс жүлде алдым. Қазақстан құрама командасының сапына еніп, Өзбекстанда өткен жастар арасындағы КСРО біріншілігіне қатыстым.

1968 жылы спорттық жағдайға орай Петропавлдан Шымкентке қоныс аударуыма байланысты Қазақ КСР-не еңбегі сіңген жаттықтырушы, Шымкент дене тәрбиесі институтының тұңғыш ректоры Мардан Сапарбаевтың баулуында болдым. Мардан ағайдың қарамағында жүріп үш жыл студенттік ойындардың чемпионы атандым. 1969 жылы КСРО спорт шебері атақты Виктор Тумаковты жеңіп, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері атағын орындадым. Мұндай жетістіктердің бәрі Мардан ағаның еңбегі еді.  Ал 1978 жылы қазақ күресінен спорт шебері атағын орындадым.

— Бапкер ретінде көңіліңіз толған шәкірттеріңіз бар ма?

— Неге болмасын. Мәселен, ағайынды Александр, Вячеслав Яншиндер, Александр Токашев, Мұқан Зарлықов, Мақсат, Асхат Дауылбаевтар, Серік Ақшолақов, Сәлім Беркімбаев, Кентай Бердібаевтарды ерекше айтуға болады. Серік Ақшолақов еліміздің универсиадасында жүлдегер болды. Ал Мұқан Зарлықовтың өзінің шәкірттері Азия жеңімпазы атанып үлгерді. Ал Мақсат Дауылбаев — менің атымдағы турнирдің басты демеушісі. Асхат Дауылбаев прокуратураның генерал-майор дәрежесіне жетті, қазір Қазақстан Республикасы бас прокурорының орынбасары. Серік Ақшолақов — Қазақстан Республикасының бас нейрохирургі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик. Сәлім Беркімбаев — профессор, медицина ғылымдарының докторы.

— Сіз айтып отырған азаматтар Владимир Цехановичтің шәкірттері емес пе?

— Оныңыз рас. Олар күрестің әліппесін Владимир Николаевичтен бастады. Бірақ Ақтөбеге оқуға келген жылдары менің қарамағымда болды. Ол кезде мен № 4 спорт мектебінде жаттықтырушы, директор болып еңбек еттім. Сосын «Еңбек» спорт қоғамының төрағасы, облыстық жастар, туризм және спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқардым. Сол жылдары Владимир Цеханович екеуміз қоян-қолтық еңбек еттік. Еңбек өз жемісін берді.

— Кейінгі жылдардағы шәкірттеріңіз туралы не айтасыз?

— Қарабұтақ, Әйтеке би өңірі күрестің тума таланттарына бай. Қазақ күресінен әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов, әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Базылбеков, Азия чемпионы Мұрат Айнадин секілді балуандарымыз турнир жүлдесінің басты үміткерлері болып табылады. Осы жерде Ғалымжан Байниязов бауырымыз туралы айта кеткім келеді. Ғалымжан күрестің бүге-шігесін жақсы меңгерген спортшы еді. Кілем үстінде қаза тапты. Болашағы зор еді. Институтта оқып жүргенінде өзімнің атымнан стипендия тағайындадым. Жайнап тұрған жігіт еді.

— Сіз жыл сайын өзіңіздің атында турнир өткізесіз. Бұл деген тұрған қаржылай шығын емес пе?

— Шығын екені рас. Бірақ әрбір турнир қазақтың бір баласының күреске деген ынтасын оятады. Егер қазақтың балалары жаман әдеттен жиреніп, жақсы нәрсеге үйреніп жатса, одан басқа бақыт бар ма?!

***

Ресейдің екі команасымен тең ойнадық

Футболдан Қазақстан чемпионатының үзілісі кезінде «Ақтөбе» командасы оқу-жаттығу жиынын Ресейде өткізуде. Мәскеуде Ресейдің белді командалары — «Динамо» мен «ЦСКА» клубтарымен кездесті.

«Динамомен» ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Ақтөбеліктерден Антон Чичулин мен Иван Перич гол соқты. Ал мәскеуліктерден словакиялық легионер Мартин Якубко қос голдың авторы атанды.

Келесі ойында армияшылармен 3:3 есебімен тең ойнады. Иван Перич, Мұрат Тілешев, Тити Эссомба «ЦСКА» командасының торын дәл тапты. Алайда алаң иелері үш доппен қарымта қайтарып, ойынды тең нәтижеге жеткізді.

Енді жерлестеріміз 11 қыркүйекте ел біріншілігінде Астананың «Локомотивін» кабылдайды.

***

Аустриядан ұтылдық

Футболдан 2012 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу матчында Қазақстан құрама командасы Зальцбургте Аустрия командасымен кездесті. Ойын өте тартысты өтті. Тіпті біздің жеңіске жету мүмкіндігіміз де болды. Өкінішке қарай, Нұрбол Жұмасқалиев пен Евгений Аверченконың ұрған доптары қақпа торында туламады. Сергей Хижнеченко екі-үш рет қақпа маңын торуылдап, әдемі тепті. Бұл жолы да қуанышқа қол жеткізе алмадық. Ойынның тоқсаныншы минутында аустриялық Ролан Линц Андрей Сидельниковты қапы қалдырды. Есеп — 0:1. Іле шала біздің қапамызға тағы бір гол соғылды. Айта кету керек, бұл ойында жерлесіміз Андрей Сидельников тамаша ойынымен көзге түсті.

Сонымен кезекті үш ұпайдан айрылып алдық.

Судьялар спартакиадасы мәреге жетті

2-3 қыркүйекте Тараз қаласында Қазақстан Республикасы судьялар Одағының 6 спартакиадасы өтті. Спартакиаданың ақтық кезеңіне іріктеу ойындары  үстіміздегі жылдың мамыр айында Ақтөбе, Петропавл, Қарағанды және Шымкент қалаларында өткізілген болатын.

Ақтық ойында Қазақстанның 11 облысынан командалар мен жеке біріншілік бойынша жүлделі орындарға ие болған судьялар, сондай-ақ ҚР Әскери сотының өкілдері медальдарды сарапқа салды.

Тараз қаласының орталық стадионындағы спартакиаданың салтанатты ашылуына ҚР Судьялар одағының төрағасы В.М.Борисов, облыстық соттардың төрағалары қатысты.
Футбол ойыны бойынша өткен жарыс қызықты өтті. Ең соңғы сәтіне дейін қай команданың жеңіс тұғырына көтерілетіні белгісіз болды. Жарыс барысында 3 команданы тізе бүктірген ақтөбелік судьялар командасы 16 команда арасынан жүлделі үшінші орынды, яғни,  қола жүлдені иеленіп қайтты. Екінші орын Қарағанды облысы, ал бас жүлде Оңтүстік-Қазақстан облысының командасына бұйырды. «Үздік қақпашы» атағына жерлесіміз, мамандандырылған әкімшілік сот судьясы  Е.Махметов ие болды.

Волейбол ойыны бойынша маңғыстаулықтар бірінші орынға шықты. Ал ақтөбелік команда құрамындағы дойбы ойыны бойынша Хромтау аудандық сотының судьясы Г.Ізбасарова үшінші орынды иеленіп, ақтөбелік судьялар қауымдастығының қоржынына  қола жүлдені салды.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі

Бетті әзірлеген Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button