Мәдениет

Димаштың тағы бір белесі

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, танымал әнші, жерлесіміз Димаш Құдайберген Ресей Федерациясының астанасы — Мәскеу қаласында өткен «Виктория» музыкалық сыйлығының «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисі» номинациясын «Olimpico» әнімен жеңіп алды. Сондай-ақ, ол «Жыл жаңалығы» аталымына ие болды.

Dimashnews.com сайтының хабарлауынша, «Кремль» сарайының сахнасында салтанатты жағдайда есімдері жария етілген жеңімпаздардың қатарында біздің Димаш та бар. Ақтөбеден шыққан өнерпаздың бұл номинациядағы қарсыластары да осал болмаған: олардың қатарында опера әншілері Ильдар Абдразаков, Аида Гарифуллина, Хибла Герцмава, Анна Нетребко мен Ольга Перетятко бар.

Бұл — жылдың соңында Ресейде үздік музыка мамандары, орындаушылар, композиторлар, ақындар, продюсерлер, журналистерге берілетін марапат. Барлығы — 15 аталым.

— Құрметті достар, мен аса қуанышпен сіздермен ресейлік музыкалық «Виктория» премиясында екі аталымда жеңіске жеткенімді жеткізгім келеді. «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисі» және «Жыл жаңалығы» бойынша. Менің барша әлемдегі тыңдармандарыма қолдауларыңыз үшін үлкен рақмет! Бұл жеңісімді әлемдегі барша тыңдармандарыма арнадым. Менің Ресейдегі командама және композитор Игорь Крутойға  махаббаттарыңыз бен достықтарыңыз үшін көп рақмет! — деп лебізімен бөлісті Димаштың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кезекті жеңісің құтты болсын, Димаш!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button