Басты жаңалықтар

Жүректерді мейірімге толтырған «қайырымдылық балы»

Облыс әкімдігінің қолдауымен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан «Қайырымдылық балы» биыл да жалғасын тапты. Ең алғаш 2009 жылы университеттің бас ғимаратында өткізілген шара биыл оныншы рет ұйымдастырылды.

Содан бері он жылдың көлемінде «Қайырымдылық балынан» 30 миллион теңге көлемінде қаражат түсіп, 200-ге жуық әлеуметтік осал топтағы жандарға көмек көрсетілген. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қайырымдылық жобасына атсалысқан жандарға алғыс білдіріп, кешке қатысушы науқас балаларға жылы лебізін арнады:

Қиын жағдайда қалған отбасылар мен жетімдердің мәселесі дана қазақ ұлтының қашанда бақылауында болған. Бүгінде ықылым заманнан жалғасып келе жатқан заманауи уақыттағы осы үрдістің барлығын  жастарымыздың бойына сіңірудегі өткізіліп отырған бұл шараның орны ерекше. Жетімдерге қамқорлық жасау мемлекет өркениетінің биіктігін көрсетеді. Мұндай көмек рухы биік, мәдениетін, дәстүрін сақтаған ұлттарда ғана болады, — деді өз сөзінде.

Аталған шара қоғам назарын жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің әлеуметтік мәселелеріне аудартатыны анық.

Қайырымдылық жобасының ауқымы жыл сайын көптеген азаматтардың назарына ілігіп, нәтижесінде көмекке мұқтаж жандар әлеуметтік және материалдық тұрғыда қолдау тауып келеді. Шараға ДЦП, аутизм және басқа да сырқаттарға шалдыққан жастар қатысып, 20 балаға 100 мың теңгелік, 2 балаға 50 мың теңгелік сертификаттар табысталды және медицина университетінің әкімшілігі тарапынан 2 миллион теңге бөлу қарастырылған. Жиналған қаражат мүгедектердің құқығын қорғауға, ауыр науқас балаларды, жетімдер мен мұқтаж отбасыларды емдеуге арналған ұйымдардың пайдасына жұмсалады.

Танымал өнер иелері Светлана Айтбаева, Мирас Жүгінісов, облыс басшылығы, депутаттар, бизнесмендер мен меценаттар, сондай-ақ Батыс Қазақстан медицина университетінің қызметкерлері кеш қонағы болды. Шара барысында балет мектебінің жас өнерпаздары би билеп, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда камералық оркестрдің артисі Дания Сүйіндікова скрипкада ойнап, жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар Минуэр, жалпы вальс, «Щелкунчик» — түстер вальсі және флешмоб нөмірлері қайырымдылық кешіне көрік берді.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button