Жаңалықтар

Аналарға құрмет

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы ауданындағы 11 көпбалалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.

Салтанатты шара барысында ақ жаулықты аналарды Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев құттықтап, ананың бала тәрбиесіндегі және қоғамдағы жоғары рөлін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарға мемлекеттік наградаларды табыстау шешімі бекітілді. Бүгін мереке қарсаңында ауданымыздағы көпбалалы аналарға құрмет көрсетудің сәті түсіп отыр. Аналар қандай құрметке де лайық. Себебі олар — отбасының берекесі. Сіздер арқылы өмірге қаншама ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келіп, білім алып жатыр. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, — деді Ә.Әуелбаев.

Шарада 31 жастағы Анар Дүйсенғалиева «Алтын алқа» иегері атанды. 7 баланың анасы өз қуанышымен бөлісті.

— Отбасымызда төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Тұңғышымыз 11 жаста. Бүгінде Кеңес Нокин ауылында тұрамыз.

Көпбалалы ана ретінде мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы аламын. Балабақшаға да жеңілдіктер қарастырылған.  

Әйел үшін басты бақыт — ана атану. Біздің ең басты байлығымыз — осы балаларымыз. Отағасы екеуміздің ендігі мақсатымыз — балапандарымызға жақсы тәрбие мен білім беру. Мереке қарсаңында аналарға көрсетіп отырған құрметтері үшін алғысымды білдіремін, — деді көпбалалы ана.

Барлық аналарға аудан әкімінің атынан естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button