Тарих

Әке аманаты

Менің әкем Шырақбай Жақыпұлы көзі тірісінде Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен өз әкесін іздеумен өтті. Ол кезде қол да қысқа болды, интернет те болмады, сондықтан әкем атам туралы деректерді шарқ ұрып іздесе де, таба алмады. Әке аманатындай болып қалған бұл мәселеге мен де бейжай қарай алмадым…

Әлқисса, әңгімені басынан бастайық. Әкем 1928 жылы 28 желтоқсанда дүниеге келген. Есейіп, жігіт ағасы болған шақта өз тумаларын іздеп, бармаған жері қалмайды. Алайда мұрағат құжаттарына қол жеткізе алмайды, ол кезде бүгінгідей іздегеніңді алдыңа жайып салатын интернет те жоқ.

«Әкем біздің құлағымызда қала берсін дей ме, бала кезде өз тағдыры туралы жиі айтатын еді: Алматы жақтан, 1-ауылдан күні-түні жүріп Ақтөбеге келдік. Жолда анам қайтыс болды, оның есімі Зейнеп Хосанова болатын. Әкем Жақып Ақтөбеге келген соң, 1931 жылдан бастап теміржолда қызмет істеді. Әкем сауатты кісі болды, латын, араб тілдерін жақсы білетін еді, білімділігінің арқасында сол кездері геологтарды ат арбамен тасып жүрген», — деп еске алады әкем.

Атамыз 1911 жылы Алуа  Утеулепова деген әйел адаммен танысып, екінші рет отау құрады. Екінші әжемізден Рамазан (1935 жылы) және Равиль деген (1939 жылы) екі ұл сүйеді. Атамыз сол отызыншы қуғын-сүргін жылдары жаппай қудалаудан қашып, Башқұртстанға кетіп қалған. Ал 1942 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. Подольск қаласындағы пулеметшілер училищесінде оқып, майдан даласына аттанған атам көп ұзамай оққа ұшқан. Ол туралы құжаттарда «В бою за Социалистическую Родину». Похоронен «Братская могила» в Ленинграде Пискаревское кладбище» деген ақпарат бар.

2013 жылы кіші ұлым Русланның зайыбы, келінім Мәншүк интернеттен  «Книга Памяти Комунистического террора» деген дереккөзден Ерші Шакенов туралы мағлұмат тапты. Ерші Шәкенов— менің әкемнің атасы, яғни Жақыптың әкесі. Онда «Шакенов Ерши 1861 ж. казах, образование начальное, место проживание Актюбинская область аул №1.Арест: 15.07.1931 ж. Арест., ОО ОГПУ. Реабилитация 13.03.1932 УСО ПП  ОГПУ в КАССР, за недоказанностью состава преступления. Источник сведения ДКНБ РК по г. Алматы», — деп жазылған. Менің атам туралы деректерді нақты іздей бастағаным — осы, себебі атам туралы қандай да бір ақпараттың ұшқыны пайда болғасын үміт те оянды.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барып, арғы атамыз Ершіге қатысты қандай да бір деректерді алу үшін өтініш жазып кеттік. Олар берген құжаттан ұққанымыз — атамыз Ерші Темірде, Алматыда, Ақтөбеде тергеуден өткен екенін, Табын ауданында тұрғанын, отбасында жеті адам болғанын білдік.

Сондай-ақ, бұл құжатта соғысқа дейінгі уақытта атамыздың №1 Табын ауылында сөз ұстаған би болғаны, Дусуп Ершеев, Жакуп Ершеев деген екі ұлы бар екендігі жазылған

Ал Шалқар ауданынан тың деректер тапқанда, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Құжаттағы: «Ершін Шынтемыр отбасы 1889 ж. Әйелі Бихан 1910 ж. Баласы Аймолда 1937 ж. Шынтемиров Алпысбай 1954 ж. Ершін Дусуп 1906 ж., баласы Сабитбек 1935 ж.» деген жазулардың өзі менің алдымнан ашылған үлкен мүмкіндікті көрсеткендей еді.

Ертеңіне маған бағыт-бағдар беріп жүрген Ернар Ниязов бауырыма хабарласып, Жарқамыстан Ершін Шынтемірдің балаларын тапқанымды айттым. Ернардың іздеуімен Ершін Шынтемірдің ұрпағы  Алпысбай Шынтеміровтің Байғаниннің Ақтам ауылында тұрып жатқанын білдік, ертеңіне дереу жолға шықтым. Менің атам Жақып пен Алпысбайдың әкесі Шынтемір бірге туған, екеуміз көптен көрмеген бауырлардай құшақтасып көрістік.  Алпысбай ағам шежірені көп білетін көзі ашық, көкірегі ояу жан екен, екеуміз біраз сырластық, өзінің қолында бар шежіресін көрсетті. Алпысбай ағам өз әкесі Шынтемірдің естеліктерінен де біраз сыр шертті. Әкесі кезінде Жақып атамызды біреулер келіп, аттың еріне байлап, ұрып-соғып кеткенін, содан кейін атамыз сол түні отбасын алып, көшіп кеткенін, сол кеткеннен атамды ешкім көрмегенін айтыпты.

Алпысбай ағам Қурайлыда Айбатша деген апамыз тұратынын айтты. Хабарласқанымызда сол күні апамыз науқастан қайтыс болғанын естідік. Ертеңіне көлік тауып, жедел Қурайлыға жеттік. Апамыздың артында үш қызы қалған: «Анамыз теледидардан бір-бірінен адасып қалып жатқан адамдардың табысып жатқандарын көріп: «Сендер де тумаларыңды тауып алыңдар», Жақыптан қалған балалары, немерелері бар шығар, соларды іздеңдер», — деп өсиет айтып еді», — деп еске алысты қыздары. Ертесіне апамыздың жаназасына қатысып, ауылға қайттық.

Арада аз уақыт өткеннен кейін туыстарымның басын қосайын деп шештім, себебі қанша жылдан бері араласпағасын, көрмегесін жат боп кеткен екенбіз. Іздеп тапқан бауырларымның басын қосып, үлкен той қылып өткердім.

Алайда іздеп жүрген жоғымды түгел таптым дей алмаймын. Өзім сүйіп оқитын «Ақтөбе» газеті менің аталарым туралы қандай да бір ақпарат табуға септігін тигізер деген үмітпен жазып отырмын. Енді мен тағы төрт атам туралы дерек табуым керек. Олар — Тәпек, Смағұл, Бектемір, Бақыт аталарым, бұлар — арғы атамыз Ершінің балалары. «Ақтөбе» газетінің барша оқырманынан өтініп сұрарым, осы кісілер туралы қандай да бір ақпарат естіген болсаңыздар, газет редакциясына хабарласуларыңызды сұраймын. Маған көмектесіп жүрген барша азаматтарға газет арқылы алғыс білдіремін.

Марат Шакенов,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button