Жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Тапсырманы орындамаған басшылар жұмыстан босатылады

Мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібі, ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша хаттаманың орындалуы, ауыл шаруашылығы бойынша индикативтік көрсеткіштердің орындалуы мәселелері қаралды. 1130 қараша аралығындағы атқарушылық тәртіптің жай-күйі туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов мәлімдеді.

Облыс әкімінен жергілікті мемлекеттік органдардың атына биылғы 11-30 қараша күндері аралығында 391 тапсырма, орталық мемлекеттік органдардан 722 тапсырма берілген. Дегенмен осы тапсырмалардың ішінде түрлі бағыттағы 23 тапсырма орындалмаған. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі және ЦДИАӨМ-нің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша берген тапсырмаларын ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасы орындауға асықпаған.

Сондай-ақ облыс әкімінің жұмыс сапарлары мен кеңес қорытындылары кезінде берілген 118 тапсырманың 12-сі орындалмаған. Құрылыс басқармасы Ақтөбе қаласының әкімдігімен бірлесіп, ІТ-орталық нысандары мен жеңіл атлетикалық манежі құрылысының жүргізілуіне, ғимараттардың инженерлік желілерінің қамтамасыз етілуіне және іргелес жатқан аумақты абаттандыруға бақылау жасауды қамтамасыз ету тапсырмасы да орындалмапты. Облыс әкімі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалинге осы жұмыстарды пысықтап, қолға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновке, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қайта қарау және тиісті ұсыныс енгізу тапсырылғанымен, жоғарыда аталған басқарманың осы жылға арналған жоспарлы тапсырмаларды қайта қарау бойынша ешқандай ұсыныс енгізбегені анықталды.

Мұнымен бірге, кәсіпкерлік басқармасы Ақтөбе қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, «Arman Qala» көше саудасын дамыту қажет болған-ды. Дегенмен, бұл бойынша да бірде-бір жұмыстың іске асырылмағаны айтылды. Салғырттық танытқан облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының көпшілік алдында сөз естуіне тура келді.

— Мен осы уақытқа дейін жұмыстарыңыздың нақты нәтижесін көрген жоқпын. Бос сөзден басқа ешнәрсе жоқ. Яғни шағын және орта бизнесті қолдау дегендеріңіз қағаз жүзінде, — деген облыс әкімі осы мәселеге қатысты жауапты мамандарды қызметтен босатуға дейін шара қолданылатынын қосты.

Өз кезегінде аппарат басшысы Нұржауған Қалауов облыс әкімінің есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспарының орындалуына жүргізілген талдауға қысқаша тоқталып, ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасына ескерту түріндегі тәртіптік шара қарастыруды ұсынды.

— Орындалмай отырған тапсырмалар азаймай тұр. Кейбір мәселелердің қаржыға келіп тірелетінін жақсы түсінемін. Дегенмен, мәселе жауапкершілік пен ұйымдастыру қабілеттерінің төмендігінен болып отыр, — деп атап өтті өңір басшысы.

Тапсырмалардың орындалуына атүсті қараған облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, жиында төбе көрсетпеген басшылардың барлығына ескерту жасалды.

Одан соң облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге тоқталды.

Мал шаруашылығында 49 мың тонна ет өндірілуі қажет екенін жеткізді. Яғни қараша айында – 17,8 мың тонна, желтоқсанда – 31,2 мың тонна. Ол үшін ет өндірудегі заңды тұлғалардың үлесін арттыру қажет. Өсімдік шаруашылығы бойынша нақты көлем индексі 96,4 пайыз деңгейінде тұрғаны, көкөніс және бақша дақылдарының өнімдерінің есебіне мән беру керектігі айтылды.

Облыс әкімі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 2020 жылдан бастап шаруа қожалықтарға субсидия берілетіндігін, Ақтөбе облысында мал шаруашылығының көрсеткіші мен әлеуеті жоғары екенін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуды, және шаруа қожалығы санын арттыруды тапсырды.

— Мен қолымнан келгенше қай мәселе болса да түсіністікпен қарағым келіп отыр. Аудан, қала әкімдеріне айтарым, берген тапсырманы нақты орындау керек. Қайткенде де өңірдің одан әрі дамуына күш салуымыз керек, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button