Басты бет » Әлеумет » Мемлекеттік жәрдемақыға құжат қабылдау басталды

Мемлекеттік жәрдемақыға құжат қабылдау басталды

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрін тағайындау» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының есебі бойынша елімізде 4 немесе одан да көп баласы бар 340 мыңнан астам отбасы тіркелген. Ал облыста мұндай отбасы саны 15 мыңға жуық болса, олардың 9 мыңына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Ақтөбе облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Мажитов жаңа жәрдемақының төленуіне қатысты өзгерістер туралы толығырақ айтып берді.

— Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 9 мың отбасыны автоматты түрде жаңа жәрдемақыға ұсынамыз. Қалған 6 мыңға жуық отбасы мүшелері халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп өтініш береді. Кейбір ата-аналардың балалары жоғары оқу орындарында немесе колледждерде білім алуына байланысты басқа қалада уақытша тіркеуде тұруы мүмкін. Мұндай жағдайда баланы тұрғылықты мекенжайға тіркеу қажет. Ата-аналарда құжат тапсырып үлгере алмаймын деген ой туындамау керек. Себебі жәрдемақы тұрақты түрде төленіп отырады, — деді ол.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыны енгізу туралы ұсыныс Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып саналады.

Жоғарыда аталған мемлекеттік көмек 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамай төленеді. Жәрдемақының мөлшері бала санына қарай 4 баласы бар отбасыларға 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге республикалық бюджеттен төленеді. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.