Әлеумет

Қаржыландыру 125 пайызға артады

Брифинг

Келер жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген кезде,  қаржыландыру биылғы жылмен салыстырғанда 125 пайызға артады. Биыл қор арқылы 41 852 161 мың теңгеге медициналық қызмет сатып алынған. 2020 жылға сатып алу жоспары — 52 364 716  мың теңге. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының бөлім басшысы Тимур Боранқұлов атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қаржыландыру, сатып алу бағытында жүргізілетін шаруаларды айтты. Қазіргі таңда облыста тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде  37 мемлекеттік, 26 жекеменшік медициналық ұйым тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның 63-іне медициналық ақпараттық жүйе енгізілген. Облыстық филиалдың бөлім басшысы Салтанат Оңғар  плагин арқылы сақтандыру мәртебесін білуге болатынын айтты. Бұл құралды еліміздің кез келген тұрғыны пайдалана алады. Ол үшін арнайы ресурсқа кіріп, өзінің ЖСН номерін енгізеді. Осы кезде тұрғынның сақтандырылғаны немесе сақтандырылмағаны көрсетіледі. Сондай-ақ жұмысшы өзі жұмыс жасайтын ұйымның сақтандыру жарнасын төлеп немесе төлемегенін біле алады. Плагинді www.fms.kz  немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасының, медициналық мекемелердің сайттарына кіріп, қолдануға болады. Сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем жасайтын тұрғындар тұрақты түрде ай сайын төлем жасауы керек. Төлемді бір жылға бірден төлеуге болмайды. Жиында филиалдың мониторинг  бөлімінің  басшысы Гүлзада Түлкібаева сақтандыру қаржысы бойынша баяндады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button