Жаңалықтар

Айсұлудың «тілашары»

«Тиімді шағын және орта бизнес — қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Қазақстан халқына Жолдауынан.

Ақтөбелік Айсұлу Даришева — «Жас кәсіпкер» жобасының түлегі. 505 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты ұтып алған ол осы күзде ұзақ жылдан бергі арманына қол жеткізіп, оқу орталығын ашты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен өткізілетін «Жас кәсіпкер» жобасы талай жасқа қанат бітіріп, ой-армандарының орындалуына септігін тигізді. Өйткені аталған курс аясында кәсіпкерлік негіздерін үйреніп қана қоймай, елімізге белгілі кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибе алмасуға, ең бастысы — соңында Үкіметтің қайтарымсыз сыйақысына, яғни мемлекеттік грантын иемденуге болады. Сондай материалдық игіліктерді көргендердің бірі — осы Айсұлу.

— Жұрт қатарлы мен де «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірдегі өкілдігі ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» атты жобасына қатысқан болатынмын. 18-29 жас аралығындағы кәсіпкерлерге, осы іске ынталы жігіттер мен қыздарға арналған жоба туралы естігенде, «неге бағымды сынап көрмеске?!» деген ой келді. Содан бұл саладағы білімімді одан сайын шыңдап, кейіннен арнаулы комиссия мүшелерінің алдында  «Тілашар» оқу орталығы» атты жобамды сәтті қорғап шықтым. Үкіметтің қайтарымсыз грантына ие болдым. Бұл қаражат қажетті қондырғыларды, жиһаздарды сатып алуға жұмсалды.

Кәсібім туралы кеңірек айтатын болсам, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан «Тілашар» оқу орталығының иесімін. Сол жақтағы көп қабатты үйлердің бірінен жалға орын алып, балаларды қосымша оқытуды бастап кеттім. Қазіргі таңда 30 шәкіртіміз бар. Оларға 3 педагог білім береді. Өрендерді 1 қыркүйектен бастап қабылдадық. Бұл орталықтың басқалардан ерекшелігі — мұнда денсаулығы дімкәс, яғни мүмкіндігі шектеулі балалар да оқи алады.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда арнаулы топтағы балалар көп жағдайда үйден  оқытылады. Қоғамға бейімделмейді, көпшіліктен алшақ өсіп-жетіледі. Соның салдарынан онсыз да тұйық, жасық жеткіншектер одан сайын «жабылып қалады». Саяқ жүруге қалыптасып кетеді. Осының алдын алайын, барлық балалар теңдей боп өссін деген оймен кез келген ұл-қызға ортақ орталық ашуға бекіндім. Бұған, бір жағынан, аталған санаттағы кішкентайлардың ата-аналарының айтқан өтініш-тілегі түрткі болды, — деп сыр ақтарды Айсұлу Оразайқызы.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының дерегінше, қазіргі таңда Ақтөбеде жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 59811.

Бастауыш сынып мұғалімі мамандығының иесі — кейіпкеріміз оқу орталығында қазақ, ағылшын, орыс тілдері, математика, мектепке даярлық сыныптарының барын, жасөспірімдерді ҰБТ, басқа да білім сынақтарына даярлайтынын атап өтті.

25 жастағы кәсіпкер жолдасымен екі баланы тәрбиелеп отыр. Әрдайым қолдау көрсететін отбасына алғысын жеткізген келіншек сөз соңында:

— «Жас кәсіпкер» жобасын жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Мемлекетіміз биылғы Жастар жылында кәсіпкер боламын немесе бизнесімді дамытамын деген жастарға айтарлықтай қолдау жасап жатыр. Әйтпесе, тегін курста оқытып, кейіннен жобасын ойдағыдай қорғағандарға қайтарымсыз қаржыны басқа елде бере ме екен?! Сондықтан осы тұста «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстағы филиалына, жоба аясында бізді оқытқан бизнес-тренер Нұрзат Жәкиевке, психолог Айгүл Аманғалиқызына үлкен алғысымды білдіремін.

Менің ойымша, ой-арманыңа жету үшін іздену ешқашан кеш емес. Тек алға талпыну керек. Сосын, әрине, аянбай еңбектене беру қажет. Тек сол ғана бәрін жеңеді, — деп түйіндеді әңгімелесушіміз.

Еске сала кетейік, «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы жастар 15 күн бойы білім алып, бизнеске деген қабілеттілігін дамытады. Жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Облыста аталған жоба бойынша барлығы 1100 жас оқытылды. Курстың барлық түлектеріне грантқа немесе жеңілдікті қаржыландыру конкурсына қатысу құқығын беретін сертификат берілді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button