Жаңалықтар

«Қыздарға кәсіпкер болған да жарасады…»

22 жастағы Іңкәр Молдабай өзінің кәсібін сұлулық индустриясында ашуды жөн санаған. Оның ойынша, белгілі әнде айтылатындай, қыздарға әсемдік жарасады. Ал оны бизнеспен үйлестіре білсең, тіптен жақсы…

Оның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша кәсіпкерлік, оны табысты жүргізуге қатысты арнаулы курстан өткенін айта кету керек. Жоба аясында сала маманы Серік Досмұхамбетов бизнес-жоспарды қалай сауатты жасауға болады, соны үйреткен.

Мен декреттік демалыстағы анамын. Балам бір жастан енді асты. Соған қарамастан, үйде клиенттерді қабылдап, оларға косметологиялық қызметтерді көрсеттім. «Жас кәсіпкер» жобасы кәсіпкерлік негіздерін игеруге, жеке мүмкіндіктеріме сенуге көмектесті. Жоба аясында қайтарымсыз грантқа ие болғаным — мен үшін үлкен қолдау, — деген Іңкәр Молдабай «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант ұтып алғанын қосты. Соның арқасында бет әрлеуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған.

Қазіргі таңда сұлулық салонында 10 адам жұмыс істейді. Олар бет бояудан бөлек, шаш қияды, оны сәндейді, т.б. қызмет көрсетеді.

«Жас кәсіпкердің» шапағатын көрген Іңкәр іскерлік қабілетін одан сайын дамытып, бұл салада биік белестерді бағындыратынына бек сенімді. Өйткені оның бойында ынта-ықылас, білсем-үйренсем деген ұмтылыс бар…

«Қыз-келіншектер, жалпы қай-қайсысы да сүйікті ісімен айналысса, табысқа жетеді деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде, әйел адамдардың да бизнеске бет бұруы — қалыпты құбылыс. Өзіңнің қолыңнан келетін іспен шұғылданып, содан жаның рақаттанса, бақыт деген сол», — дейді ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button