Басты жаңалықтарӘдебиет

Әбіш аса қуатты ақыл-ой иесі еді

Ертең қазақтың даңқты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толады

Қазақ руханиятының көгіндегі жарық жұлдыздардың бірі Әбіш Кекілбайұлы секілді титанның анадай ғажайыбы мен мынадай таңғалдырарлық шығармалары бар еді деп, жұртқа белгілі жайттарды айтып, сөзді ұзатпай-ақ қояйын. Өйткені Әбіш шығармаларының кез келгені қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің де алтын қорына қосылатын дүние екенін көзі қарақты оқырманның бәрі біледі. Сондықтан мен «өз Әбішім» туралы ғана аз әңгімемен сөз басын қайырғым келіп отыр.

Ең алдымен айтарым: баяғы Корней Чуковскийдің «Мой Уитмені» немесе Зейнолла Қабдоловтың ұлы Мұхаң туралы «Менің Әуезовімі» секілді, қазіргі қазақ баспасөзінің бетінде белгілі қазақ зиялыларының әрқайсысының өз Әбіші көзге түсе бастады. Мәселен, Мырзатай Жолдасбековтің «Әулие» Әбіші; Әнес Сарайдың «Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіші», Сайын Назарбекұлының «Менің Әбішімі»; Ақселеудің «Біртуар» Әбіші; Темірханның  «Шыңырау» Әбіші; Кенжеғали Сағадиевтің «Осы заман хакімі — Әбіш едісі»; Сауытбектің «Сардар. Ділмар. Елдар» Әбіші, т.б. бар.

Қазақ әдебиетінің «Әбішиадасына» қосылар, осылардың қатарында, менің де өз Әбішім бар! «Менің Әбішім — өзінің  Тәңірі жаратқан жұлдызымен бірге туа салған, ерекше тағдыр иесі Әбіш!!!» — деп есептеймін.

Бәлкім, біреулер менің бұл сөзімнен мистика көрер. Бірақ біз қазақ болғасын; тек қазақ болғасын ғана емес, — «Әркімнің тағдыры лаухул-махфузда, пешенесіне жазылып қойылған!» деп ұғатын мұсылман болғасын, — кез келген адамның өмірбаянында көрініс тапқан жайттарға қарап, кейде солай ойламасқа әддіміз де жоқ. Және… бұл ретте, бізді осылай ойлауға мәжбүр етіп отырған — Әбіштің өзі қалдырған Өмірбаян деректеріндегі жайттар екенін де осы жерде айта кетсем, артық болмас!

…Әбіш «Аңыз адам» журналына берген бір сұхбатында, Сейсен деген балгердің өз тағдыры туралы болжамдарын еске алады…

Әлдебір себеппен аяғын сындырып алған Әбіш туралы әлгі балгер көршілеріне:

— Ендігәрі мына баланы ренжітпеңдер! Обалына қаласыңдар. Өздеріңе де оңай болмайды! Бір жылға дейін жаңа сойылған малдарыңның асық жілігін тек осы балаға сыбағаға әкеліп тұрасыңдар. Сауабын аласыңдар! — десе;

Әбіштің өзіне:

— Айналайын, енді еш уақытта ешкімге назарыңды тіктеп ашуланба! Жұдырық түйме! Саусақ кезенбе! Жаман сөз айтпа! — депті.

Содан бастап, Әбіш балгердің айтқанын екі етпеуге тырысқанын, аяқ астынан мінезін күрт өзгертуге тура келгенін; кейінгі бүкіл өмірінде де, әлдебіреулермен пікір таластыра қалса, қарсыласының  шамына тимеуді күйттеп баққанын; өйткені қай адамның да кісілік келбеті, болашағы — балалық шақтан тағдыр-талайының қалай қалыптасуына  байланысты болатынын өзі де айтып, бізді де иландырып кеткен еді.

Соны біле тұра, бұл Әбішті «әуелден Алла алқалаған ерекше тағдыр иесі еді» демеске, менің шарам бар ма!?

Тіпті маған салсаңыз, әлгі оқиғадан соң, Әбіш бүкіл тағдырын бір Жаратушының ғана қолына аманаттап, қуанса да, жалбарынса да бір соған ғана мінәжат етіп; мұңая қалса да, ішкі шерін өзіндей пенделерге емес, тек бір Тәңіріге ғана ақтарумен тірлік кешкен… және кейінгі бүкіл шығармашылық  ғұмырында да өз үрдісінен айнымаған, қазақ қаламгерлері ішіндегі ерекше адам секілді көрінеді.

Бұлай деуіме негіз де жоқ емес! Әбіш баяғы «Алтын шуақтағы» бір өлеңінде:

О, Тәңірі, өкпелімін Өзіңе,

Солар келіп, аздырады заманды…

Жарамсаққа жалтыратып Сөз бердің.

О, Тәңірі, өкпелімін Өзіңе!

О, Тәңірі, өкпелімін Өзіңе,

Дүниеге жаратарда адамды

Қызғаншаққа жарқыратып көз бердің! — деп, жап-жас болып, бар назы мен наласын өзіндей пенделерге емес, тек Жаратушының өзіне ғана арнауы — сол кездің өзінде-ақ оның ерекше болмысына меңзегендей еді.

Сөйткен Әбекең… бұл  позициясынан мына фәнидің жүзінен өткенінше еш айнымағанын біз кейінгі тірлігінен айқын көрдік те!

Бұған қоса, егер Сіздер Әбіштің Жаратқанға мінәжат еткен «Таңғы кәлимасын», яки «Түнгі кәлимасын» оқып көрсеңіздер немесе тыңдасаңыздар, онда Әбіштің қандай адам болғанын ғана емес, күллі жұртты таңырқатарлық қандай мейірім мен ізгі жүректен жаратылған мүһмин болғанын да тереңірек ұғар едіңіздер деп ойлаймын.

Ендігі бір айтайын дегенім — Әбіштің феноменальдық ақыл-ойының өзге жұрттың ақыл-ойынан мүлде бөлек, ерекше бір қасиетке ие екендігі туралы аз ғана сөз!

…Біреу келісер, біреу келіспес… Мен Әбіштің ақыл-ойының энергиясы киелі қуатқа ие деп білем! Ол қуаттың кереметтігі сонда — Әбіш сөзін тыңдап отырғанда, әлгі қуатты Сіз бүкіл жан-жүйеңізбен сезесіз! Сезесіз де, Сіз еріксіз Әбіш ойының ақиқаттығына мойын ұсынып, оның қолдаушысына айналып кеткеніңізді аңдамай қаласыз!

Бұл не сонда?

Меніңше, бұл — кәдімгі Тірі Сөздің магиясы! Құдай тағала ілуде біреуге ғана — Әбіш секілді сүйген құлдарына ғана — сыйлайтын Сөз Құдіреті! Әбіш, міне, сол Сөз Құдіретіне ие, сирек жандардың бірі еді!!!

Әрине, мұны Әбіш шығармашылығына қанық адамдар тегіс біледі. Сондай сәттің бірін мен өзім «Тіл туралы» Заң Жоғарғы Кеңесте қабылданарда болған орасан зор айтыс-тартыс тұсында да бір көргем…

Ғажап жері — мемлекеттік тіл орыс тілі боп кете жаздап тұрғанда, соңғы сөз ол кезде  депутат та емес Әбекеңе тиген еді. «Сонда, ол не деді?!» — дейсіздер ғой…

Депутаттардың ішіндегі өзге ұлт өкілдеріне қасқая қарап тұрып: «Кешегі бір заманда… бастарыңнан бақ кеткенде, алдарыңнан ас кеткенде, сөйтіп, арып-ашып қазақтың жеріне жеткенде, үйінің жартысын, нанының жартысын бөліп берген қазақ халқы, сол кеңдігін бүгін Сіздерден өз үйінде отырып, өз тілінде сөйлеуге рұқсат сұрау үшін жасап па еді?!» — демеді ме! («Қазақ әдебиеті». №23, 2018 жыл)

Сонда, дауыс қайта берілгенде, қазақ тілінің Мемлекеттік тіл болып қабылдануы — Әбіштің әлгі сөзінің энергетикалық қуаттылығынан екеніне, бүгінде ешкім күмәнданбаса керек! Айта кетерлік бір жайт: арада пәлен жыл өткенде, биыл еліміздің астанасында, жазушылардың халықаралық бас қосуы өтті. Сонда, басты тақырып не болды дейсіздер ғой? Форумның басты тақырыбы — «Сөз энергиясы» («Энергия слова») деп аталды.

Бірақ бірде-бір адам, бірде-бір қаламгер СӨЗ ЭНЕРГИЯСЫ арқылы, керек болса, жау бетін қайтаруға болатынына Әбіштің әлгі сөзіндей, бір жанды мысал келтіріп, тілге тиек ете алған жоқ!

Рас, көркем әдебиеттегі көркем сөздің оқырман жұртшылыққа эстетикалық әсері мен ықпалы туралы біраз әңгіме болды. Бірақ… «Сөз энергиясы» дегенге нақты иландырарлықтай дәлел келтірген шешендер бола қоймады.  (Шетелдік қонақтардың көптігінен, әлде басқа себеппен… жергілікті жердегі біз сияқтыларға сөз кезегі тимеді. Өкінішті-ақ, әрине!!!)

«Шіркін! — дейсің ғой осындайда, — Әлем алдында Әбіштердің шырайын шығара түсетін мұндай деректерді, халықаралық форум тақырыбына сай, айта алғанда, Әбіштің ғана емес, күллі қазақ қаламгерлерінің, һәм сондай жазушысы бар Қазақ әдебиетінің де мерейі арта түсетін еді ғой!».

Қайтерсіз, со жолы ол бізге қиял ғана болып қалды…

Бірақ қиял деген де күндердің бір күнінде нақты іске айналатын нәрсе емес пе… Ендеше, Әбіш секілді кемеңгердің кемел ойлары күні ертең-ақ барша жұрттың санасында салтанат құратынына біз кәміл сенеміз!

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

АБЫЗ АҒАНЫҢ ЫРҒЫЗҒА САПАРЫ

Қазақы тірліктің қаймағы бұзылмаған, ғасырлар қойнауындағы талай тарихи  өзгерістерге куә болған мекендердің бірі — Ырғыз. Қазақ елі шежіресінің өткен жолдарына көз жүгіртсек, небір ірі тарихи оқиғалардың осы өңірмен сабақтас  өткенін аңғаруға болар еді. Сондай оқиғалардың бірі — 1731 жылы 10 қазанда Әбілқайыр ханның жиырма жеті рудың басшыларымен бірге Ресеймен одақтас болуға ниет білдіріп, шартқа қол қоюы.

Осы оқиғадан соң араға екі жарым ғасыр уақыт салып, сол бір сәтті көркем тілмен  бейнелеп, безбенге салған кесек туынды жарыққа шықты. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың 1981 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Үркер» романы қазақ әдебиеті үшін тақырыбымен де, жанры жағынан да жоғары тұрған шығарма  ретінде бағаланды. Жазушының көркемдік табысы ғана емес, қазақ әдебиетінің де үлкен жетістігі ретінде саналған «Үркер» романында жер мен елдің тағдыры қыл  үстінде тұрған шақта Әбілқайырдың ақылы мен сұңғылалығы арқасында күрделі кезеңнен сүрінбей өтуі мейлінше шынайы суреттеледі. Үш  жылдан соң осы  шығармамен  мазмұндас шыққан «Елең-алаң» романында да автор суреткерлік  ырғағынан жаңылған жоқ. Жазушы екі романында да тарихи жәдігерлерді терең  талдаудан өткізіп, сол  кезеңнің тарихи шындығын ұлттық мүдде тұрғысынан  қабыстырады.

Әрине, Әбіш  Кекілбаев осындай өмірде болған оқиғалар желісімен жазған құнды  шығармасына барар жолда Қазақстан мен Ресейдің бәтуаластығы жөніндегі құжат  қол қойылған, Әбілқайыр хан ант берген орынды елемеуі мүмкін емес еді. Сол  кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде сектор меңгерушісі болып қызмет жасайтын қаламгер Әбіш Кекілбаев Қазақстанның  Ресейге қосылуына 250 жыл толу қарсаңында үлкен тарихи шығармасын жазуға  кіріскен болатын. Мұрағат деректерінен, түрлі басылымдардан алған мәліметтерді қорытқан Ә.Кекілбаев шалғайдағы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына 1979  жылдың тамыз айында сапарға шықты. Ырғызға  жазушымен бірге Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұсқаушысы Аманжол Алдашев еріп барды.

Ырғыздықтар Әбіш Кекілбаевты ыстық ықыласпен қарсы алды. Алматыдан келген мейманның сапарының мақсатын білгеннен кейін аудан  басшылығы жазушының  қасына  рухани салаға  жақын, тарихтан хабары  бар, жол  бастауға   септігі  тиетін  адамдарды қосып, дала жолына жүруге ыңғайлы көлікпен жабдықтап, қолдан  келген барлық жағдайды жасады. «Үркер» романына дайындық барысына орай  арнайы келген жазушы Әбілқайыр ханға қатысты жерлерді аралауға  жоспар  құрды. Басшылықтың  ұйғарымымен Кекілбаев пен Алдашевтің жанына жергілікті азаматтардан Ырғыз аудандық партия комитетінің хатшысы Роза Домбаева, Ырғыз аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының  орынбасары, тарихшы-өлкетанушы Қапаз Еламанов, Торғай мемлекеттік кіші аң қорығының  директоры Рахи Маханов, аудандық «Ырғыз» газетінің тілшісі Ильгиз Жарылғаев ерді. Бес күнге созылған сапарында Әбіш Кекілбаев Ырғыз жерінде өзінің алдағы жазылатын шығармасына пайдалану үшін бағзы замандағы оқиғалардың орнын көріп, зерделеуді мақсат тұтты.

Кейін сол сапарда болғандардың бірі Қ.Еламанов облыстық «Ақтөбе» газетінде  Әбіш Кекілбаевтың 60 жасқа толуына орай жарыққа шыққан «Үркер мінез» деген мақаласында «Әбекеңді бұрын сыртынан естуім болмаса, көрген адамым емес-ті.  Сапар жүрісіміздің алғашынан-ақ «кісімпаздығы» жоқ кемеңгердің, әңгімені тыңдауға да, тыңдатуға да жан-жақтылығы мол, жүріс-тұрыста тыраштығы жоқ қазақтың нағыз кеңқолтық жайсаңы екені байқалып қалды. Бірінші көлік басын тірейтін жеріміз — әйгілі оқиға өткен жер, Әбілқайыр хан мен Ресей елшісі Тевкелевтің 1731 жылы 10 қазанда екі елдің келісіміне қол қойылған жері — «Маңтөбеге» беттеп  келеміз. Кітап жазатын Әбекең біздің айтқанымыздан не  қанағат алып жатқанын қайдам, біз ол кісіден тыңдаған  әңгіме, бізге қойған сауал  үлкен тарихи әңгіме сарайының есігін ашып, біліп ал дегендей сезіндіреді. Әбекеңнің іздеп келе жатқан төбесі — «Маңтөбенің» басына келіп тоқтадық. Ол биік төбенің басынан жан-жағына қарап, көз ұшына ілінген төбе, қырат, көл, өзеннің атауларын сұрап алды. «Маңтөбе» келісімінің оңайлықпен  келмегенін, оған  Әбілқайыр хан тарапынан көп күш жұмсалғанын әңгімеледі» — деп жазды.

Жалпы, Әбіш  Кекілбаевтың  Ырғыз жеріне келген сапары туралы әңгімелерді осындағы зиялы қауым бүгінге дейін аңыз қылып айтып келеді. Әсіресе, жазушының қолына қалам мен қағаз ұстамай, естіген әңгімелерін есте сақтаған,  жадының мықтылығы  — жанына ергендерді ерекше тәнті еткен қасиеттерінің бірі еді. Жоғарыдағы аталған мақала авторы: «Әбеке, жазып алыңыз, ұмытып  қаларсыз» дегенді де бірер рет айтып едік, «ұмытпаспыз» деп қана қойды. Шынында жазып сөйлесу тергеу жүргізіп жатқандай ерсі де ғой. Әбекеңнің жазып алмауын әдептілік қой деп түсініп қалдық. Кейін «Үркер» романы жарық  көргесін қарасақ, бір атау теріс  жазылмаған. «Үркер», «Елең-алаң» романдарында қаншама адам аты мен жер атаулары бар, соның бәрі Әбіштің  жадында қалай сақталған деп қаласың?» — деп, өзінің таңданысын жеткізеді.

Кең тынысты қаламгердің аңыз бен ақиқатты салыстыра отырып, тарих тылсымын парасатты пайыммен зерделей  білетіндігі өзіне ғана тән даңғайыр дарыны деуге  болады. Сол «Маңтөбенің» баурайында әр жерде өскен шоқ шиді көрген Әбіш Кекілбаев «бұрын осы жерде қалың ши өсіп, түнде соның арасында Әбілқайыр  хан мен елші кездесіп, бірсыпыра мәселелерді шешіп алған» — дегенді  айтады.  Жазушыға еріп жүрген Еламанов: «Бұл ши қалың емес қой?» — десе керек. «Кезінде  қалың ши болған, содан бері 250  жыл уақыт өткен жоқ па?» — деген  орынды уәжін басқа сапарластары да құп көрді. Мұнан кейін жол бойы жазушы  сол заманда ханның елшіге құлан аулатып, сейіл құрғандарын да тілге тиек  етеді.  «Бұл жерде құлан қайдан болсын?» дейді сапарға шыққандардың бірі. Әбіш Кекілбаев ештеңе айтпайды. Бір қарасудың жағасына аялдаған кезде, қаламгер  жердің атын сұрайды. «Құланшы» деп аталатынын естіген ол: «Бұл  өңірде құлан болған  жоқ» дегеніңіз қайда, құланы жоқ жерге қазақ осындай  атау  бере ме?»  дегенде, жазушының орынды уәжіне тәнті болмасқа лаж қалмайды. Құлан демекші, «Үркер» романында Әбілқайырдың түсінде Нұра үстіртінің үстіндегі кең жазықта қалың қолмен құлан қуып келе жатқанын көретіні, түз жануарларының   аранның ауызына тура шабатыны суреттеледі. Демек, автор Ырғыз өңірінің табиғи ахуалын терең зерттеп білген.

Ырғыз сапарында қаламгер патша  шенеунігі, Орынбор губернаторының зерттеу тапсырмаларын орындаған капитан Николай  Рычковтың 1771 жылғы «Қазақ  даласына жорығының күнделік жазбаларына» түскен Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласын» іздеп барады. Жергілікті жұрт қорым аумағын «Хан тамы», «Хан әулие» деген әртүрлі  атаулармен атай берген. Сол арада Ә.Кекілбаевпен  сапарға еріп шыққан жол бастаушының хан жерленген орын деп көрсеткен қорымы Рычков жазбаларындағы дерекке сәйкес келмейтінін дәлелдеп  береді.

Бұрынғы Комсомол (қазіргі  Әйтеке би) ауданы құрылмай тұрған кезде Ырғыздың  құрамында болған «Жабасақ»  кеңшарына қарайтын осы жерді нақтылы  жайлап,  шөбін шауып алып отырған Торғайдың адамдары екен. Жангелдин  ауданының  Миялы елді  мекені қорым аумағына жақын орналасқан. Торғайдағы ауылға  қонып  шыққан қонақтарды келесі күні жер танитын екі жігіт ханның тамына бастап  апарады. Үлкен қорымның ішінде отызға тарта тасқа арабша қашалып жазылған   құлыптас қойылыпты. Әбілқайырдың тамы осы болар-ау деген бейіт басындағы  құлыптасты Алматыға ала кетуге ұсыныс жасалғанда, жазушы бас тартады.   Бұлай қиянат жасауға болмайтынын, тарихи орынды әлі талайлар келіп  зерттейтінін алға тартады. Әбіш Әбілқайырдың зиратын анықтай алмаса да, хан  жатқан қорымды тапқанына риза болады.

Ырғыздан тоқсан шақырымда Нұра елді мекені орналасқан. Әбіш Кекілбаев  «Үркерді» жазуға байланысты келген сапарында көршідегі Торғаймен  шектесетін,  небір аласапыран кезеңдердің куәсі болған Нұраның төңірегін жіті аралап  шығады. Осы сапарында ол сонау бір замандарда Әбілқайыр хан балық, құс аулап  сейілдеген  «Қаратүбек»,  «Мамыр», «Тартүбек», мыңғыртып мал өргізген «Тутүбек» сияқты жерлердің барлығында болады. Мамыр ауылына жақын маңайда, Торғай өзенінің жағасындағы мүйістегі «Күйген қала» деген ескі қыстау  орнына аялдаған Әбіш тап осы жерде жоңғарлармен алапат айқас болғанын  тілге тиек етеді. Осындағы ескі әңгімелерді біледі-ау деген көнекөз қарт  кісілермен дидарласады. «Хан моласынан» қайтарда «Нұра» кеңшарының Дүкен  деп аталатын бөлімшесіне аялдап, сонда қасындағы серіктерімен бірге қонақ болады. Биылғы жылы зейнеткерлікке шыққан Айтбай Бейсенбайұлы сол  уақытта Дүкен ауылындағы мектепке оқу ісінің меңгерушісі қызметіне кіріскен жас  маман екен. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология  факультетінің түлегі ауылына келген Әбіш Кекілбаевқа арнайы жолығып, оның  1972  жылы шыққан  «Дәуірмен  бетпе-бет» кітабына қолтаңба алады. Жас жігіттің институт қабырғасында осы кітабын оқу құралы ретінде пайдаланғанын  естіген жазушы одан сайын ықыластанып, «Айтпай інішекке ең ізгі  тілеулестікпен, ағалық риза көңілден бақыт, табыс тілейтіндігіме  ескерткішке Әбіш Кекілбаев, 12  августь, 1979  жыл.  Дүкен» деп  қолтаңба  жазып береді. Міне, осындай деректі өзі жазушы сапарының дәйекті күнделігі  дерлік.

Тағы бір қызық дерек, жоғарыда атап өткен тарихшы-өлкетанушы Қапаз  Еламанов жазушыдан сөз арасында: «Әбеке, не жазатыныңыздың шамасын түсініп қалдық. Аманшылық  болып кітап шығып  жатса, оны іздейміз  ғой, кітаптың  аты не болар  екен?» — деп  сұрапты. Әбіш Кекілбаев болса, шығарма атауына қатысты әлі нақты шешімге келмегенін, «Үркер» деп аталып қалуы мүмкін екенін  айтыпты. Демек, жазушы роман атауын о бастан ойында пісіріп жүрсе керек.

Сол тұста Ырғыз  аудандық  халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет  жасаған өңірдің қадірлі азаматы Сейілхан Оразымбетов 1995 жылы жарық көрген «Ырғыз. Ырғыз жері мен елінің тарихы туралы толғаныс» атты кітабында Кіші жүздің Россияға қосылу оқиғасының Ырғыз тарихында айрықша кезең болғанын жазады. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты романдарын жазарда Ырғыз жерін көп аралап, тарихи оқиғаларды мейлінше терең баяндағанын атап көрсетеді.

Қырық жасында Ырғыз жеріне шығармашылық сапармен ат басын тіреген  қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаевқа 1986  жылы «Үркер», «Елең-алаң» романдары үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы  берілді.

                                                             Марат МЫРЗАЛЫ,  

                                                            Ырғыз аудандық орталықтандырылған

кітапхана жүйесінің директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқу конгресі

20 томдықтың тұсауы кесілді

Қарашаның 29-30 күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тәуелсіздік сарайында» ҚР Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған «Әбіш әлемі» атты оқу конгресі өтті.

29 қараша күні «Әбіш Кекілбаев әлемі» атты көрменің тұсаукесері өтті. Оған жазушының фотогалериясы мен марапаттар жинағы және тақырыптық кітап инсталляциялары қойылған.

Әрі қарай «Шыңырау» көркем фильмінің режиссері және сценарий авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңабек Жетірумен кездесу өтті. Кездесуден кейін «Шыңырау» фильмінің көрсетілімі болды. Сарапшылар мен көрермендер фильмге көңілдері толғанын жеткізіп, авторға ризашылық білдіріп жатты.

Шара одан әрі Кекілбаевтар отбасымен кездесумен жалғасты. Әдеби кездесуге

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының артистері қатысты.

Жиынның ресми ашылуы Қазақстанның барлық оқу орындарында онлайн трансляция арқылы көрсетіліп, Құрманғазының «Адай» күйі орындалып, ақын Светқали Нұржанның Әбішке арналған жырымен басталды.

АҚШ, Венгрия, Германия, Испания, Ресей, Түркия, Ұлыбритания, Франция аудармашылары мен жазушыларының бейнеқұттықтаулары көрсетілді.

Пленарлық отырысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ашып, Әбіш Кекілбаевтың 20 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Министр ханым 2020 жылдың басынан бастап, кітапханашылардың жалақысы 50 пайызға өсетінін де жеткізді.

Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан «Әбіш ғұлама ғаламдық кітапхана сияқты еді» деп аталатын баяндама оқыды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жазушының шығармашылығына тоқталып, сөзінің соңын өлеңімен өрнектеді. ҚР Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев және Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтаулары оқылды.

Түстен кейін комиссия төрағасы, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Төлен Әбдіктің бастамасымен «Әбіш әлемі» әдеби байқауы қортындыланды.

30 қараша күні шаралар Ұлттық пантеонға барумен жалғасып, одан соң Ұлттық академиялық кітапханада ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ф.Оңғарсынова атындағы Медиаорталықтың ашылуы болды. Осы жерде екі күнге созылған жиын қортындыланып, кітапханашылар марапатталды.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының

 коворкинг орталығының жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button