Жаңалықтар

Оқушылар әскери жаттығулар орындады

Алау-2019

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен  Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 109 жыл толуына арналған «Алау-2019» атты облыстық әскери-патриоттық сайыс өткізілді. Шараны «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы ұйымдастырды.

Жыл сайын өткізілетін шараның мақсаты — Бауыржан Момышұлының қайталанбас өр тұлғасы мен қайтпас мінезін, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айрықша қаһармандық ерлігі мен қайсар қолбасшылық қасиеттерін ұлықтау әрі насихаттау.

Биыл дәстүрлі шара Ақтөбе қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №62 орта мектепте өтті. Себебі биыл бұл мектепке батырдың аты берілген болатын.

Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы А.Нұрмұханбетов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі  департаменттің тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, әділет майоры Ш.Бөріқұлақов «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғ.Байдербес, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейдің директоры Е.Қалтаева, сондай-ақ мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.

Әскери-патриоттық сайысқа қала мектептерінен бірнеше команда қатысты. Әр команданың өз әскери жетекшісі болды.

Шараның ашылу салтанатында Ғалымжан Байдербес жастарды өз Отанын сүюге, құрметтеуге шақырды. Сондай-ақ ол өз сөзінде Бауыржан Момышұлының ерлігі мен ұлтжандылық қасиеттерін насихаттады.

Сайыс шарты бойынша командалар әскери-саптық өлең айтудан, Калашников автоматын жартылай бөлшектеп жинау, биік кермеге тартылу, 16 келі салмақтағы гір тасын көтеру, арқан тарту, жерге шалқалап жатып, денені тік қалпында көтеру сияқты жаттығуларды орындаудан сынға түсті. Әрбір команда өз мектебінің намысы үшін тырысып бақты. Осы кезде үлкен экраннан Б.Момышұлы туралы бейнефильм де көпшілік назарына ұсынылды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды батыр атындағы орта мектеп пен №33 мектептің Бауыржан Момышұлы атындағы әскери клуб  командалары иеленді. Қаладағы №17, №47 орта мектеп командаларына екінші орын бұйырса, жүлделі үшінші орынды № 23, №45, №49, №69, №73,  №76 орта мектеп командалары иеленді.

Сайыс соңында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Тупенова жеңімпаз командаларды құттықтап, Б.Момышұлы атындағы №62  орта мектеп пен «Әлия» орталығы алдағы уақытта облыстық деңгейде үлкен шараларды бірлесе өткізіп, тығыз байланыста жұмыс жасайтындығын жеткізді.

Іс-шараға қатысқан команда мүшелеріне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы атынан Алғыс хаттар мен қатар, кубок, медальдар берілді.

Динара СИСЕНҒАЛИЕВА,

«Әлия» патриоттық тәрбие беру

облыстық орталығының әдіскері.

Қобда ауданы, Әлия ауылы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button